Дағыстан аумағында былтыр ұсталған төрт қазақ жігіті сол жақтағы лаңкестік және жiкшiлдік әрекеттерден бас тартқысы келгендерді бейімдеуге қол ұшын созу жөніндегі республикалық комиссияға жолықты. Дағыстан президенті жанындағы жауынгерлерді бейімдеу комиссиясы мүшелерінің алдында Қазақстанның төрт азаматы – Альберт Әбдікәрімов, Сейілхан Дауылбаев, Жасқайрат Ықсанов және Райымбек Ержанов Қап тауына интернеттің арбауы арқылы келгендерін айтқан.

Ғаламторда Саид Бурятский мен Док Омаровтың уағыздарына иланып, Дағыстанға киелі соғысқа аттануға бел буғанға ұқсайды. Интернет парақшаларынан жігіттер жарылғыш заттарды қолдан жасау тәсілдерін үйренген. Махачкалада қазақ жігіттері пәтер жалдап, заңсыз қарулы күштердің өкілдерімен кездесе бастаған. Үйде отырып қолдан жарылғыш заттар жасаған. Осы мезетте олар дағыстандық жедел топ өкілдерінің қолына түскен. «Российская газетаның» хабарлауынша, ұсталғандарға Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің «Заңсыз қарулы топ ұйымдастыру», «Заңсыз қару дайындау» және «Заңсыз қару және жарылғыш заттар сақтау» баптары бойынша қылмыстық істер қозғалыпты. Қамауға алынған жігіттер кейін Дағыстанда бейбіт өмірге бейімдеу комиссиясы бар екенін біліп, сонда хабарласуға бел буады. Комиссия мүшелерімен болған кездесуде олар интернеттегі уағыздаушылардың арбауына түскендерін мойындап, Дағыстан елінде мұсылмандардың еш қысым көрмейтіндіктеріне көз жеткізгендіктерін айтады. Баласы мен оның үзеңгілестеріне көмек сұрауға Махачкалаға Райымбек Ержановтың әкесі де барады. – Сендер бәзбіреулердің құрбаны болғандарыңды енді ұққан шығарсыңдар. Қай кітапта бейбіт адамдарға қарсы күш қолдану туралы жазылыпты? – деп комиссия жетекшісі, Дағыстан үкіметінің вице-премьері Ризван Құрбанов қазақ жігіттеріне сауал тастады. Төрт жігіт те қателіктерге бой алдырғандарын айтып, мейірімділік танытуды сұрайды. Комиссия мүшелері келісімге келіп, Дағыстанның Жоғарғы соты мен прокуратурасынан ұсталған Қазақстан азаматтарына бас бостандығын шектеуді көздемейтін неғұрлым жеңіл жаза тағайындауларын өтінді. Рас, бұл іске соңғы нүктені сот қояды. Ресейлік ақпарат көздерінің хабарлауына қарағанда, Ақтөбе облысының тұрғындары Альберт Әбдікәрімов, Жасқайрат Ықсанов, Сейілхан Дауылбаев және Райымбек Ержанов өткен жылдың желтоқсан айында дағыстандық банда құрылымдарының жетекшілерін іздеп жолға шыққан. Махачкаланың әр дүкенінен жарылғыш заттар әзірлеуге қажетті қондырғылар сатып алған. Интернеттегі әдістермен жарылғыш зат жасайды. Тіпті біреуін сынақ ретінде Тарки-Тау жотасында іске қосып та көреді. Биыл ақпан айының 3-жұлдызында Махачкалада Альберт Әбдікәрімов бандалық құрылымға қатысы бар дағыстандық Әли Сұлтановпен танысып, қолдан жасалған жарылғыш затты беріп жібереді. Араға 6 күн салып, 9 ақпан күні оларды Шәміл даңғылы бойында тәртіп сақшылары қолға түсірді. Тек бір күн өткенде ғана жауынгерлер өз еріктерімен берілген. Пәтерде Ержанов пен Әбдікәрімов болған. Онда жедел уәкілдер тротил эквивалентіне шаққанда, қуаттылығы 500 грамм болатын тағы бір гранатаны тапқан. Ықсанов пен Дауылбаевты үш күннен кейін, Махачкаланың Акушинский даңғылы бойында патрульді қызмет кезекшілері қолға түсірді. Үкімет жанындағы комиссия алдында қазақ жігіттері ғаламтордағы Саид Бурятскийдің ілімдерімен сусындап, соғысқа шыққандарын айтқан. Алайда Махачкала көшелерінде кез келген исі мұсылман баласының еш қиындық көрмей мешіттерге еркін кіріп шығып жүргендерін көргендерін айтып, қателескендерін мойындады. Айта кетейік, Саид Бурятский есімімен таныс Александр Тихомиров былтыр көктемде Ингушетия жерінде қолға түсіп, көзі жойылған болатын. Өзге елде істі болған қазақ балаларының жастары жиырманың о жақ бұ жағында. Ұсталғандардың бірі, Райымбек Ержановтың әкесі Мұрат Ержанов «балалар шын өкінді» дейді. Баласының өзге елде ұсталғаны жөнінде ол телефон арқылы біліпті. Дәл сол мезетте баласы Райымбек қоршауға алынған пәтерде газ құбырын қосып, жарылғыш зат ұстап тұрса керек. Әкесі баласын райынан қайтарып, құқық қорғаушыларға берілуге шақырған. Комиссия мүшелерінің алдында Райымбек «исламның, соғыстың не екенін енді түсінгендігін» айтты. Ол елге қайтқысы келгенмен, бауырларының алдында осал, ынжық болып көрінгісі келмепті. Ақтөбе облысы Бет қатталып жатқанда… Қазақ балаларының Ресей жерінде істі болып жатқанынан ақтөбелік полицейлер де хабардар. Дағыстан үкіметіне өтініш айтқандарын да біліп отыр. Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері аталған жігіттердің Ақтөбе облысынан екендігін растап берді. – Бұл іспен тек Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Бар білетініміз, ұсталған азаматтар бұрын-соңды тәртіп сақшыларының назарына ілікпеген, – деп хабарлады облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Алмат Иманғалиев «Жас қазақ» тілшісіне.