Қайнар Жекей, «Нұрай» тобының орындаушысы:
Алматылық жас әншілер бізді бақталас көреді
Осыдан 4-5 жыл бұрын Ақтөбеде 100-ден астам түрлі бағыттағы топтар құрыла бастады. Бағыттары да сан қилы. Айына қаламызда екі-үш концерт өтетін. Жас орындаушылар арасында шынайы бәсекелестік туындап, Ақтөбе эстрадасының болашағынан көп үміт күттірді. Алайда… осыншама топ қалай құрылды, солай тарап үлгерді.
Тек саусақпен санарлықтай ғана топтар қалды. Мұндай дүмпу неліктен болды, жастар неге жаппай сахнаға ұмтылды, неліктен райларынан қайтты? Осы және өзге де сауалдармен «Нұрай» триосының орындаушысы Қайнар Жекейге жолыққан едік.
– Қайнар, сен де, сенің тобыңдағы Ақниет пен Жалғас та бұрын бөлек топтардың құрамында болдыңдар ғой? Бір-біріңді қалай таптыңдар? Жалпы, сендердің триоларың қалай құрылды?
– Шынымен де, біз осыған дейін бөлек-бөлек топтарда ән айтып келдік. Мен Нұрболат Медетов деген жас әншімен «Жаснұр» деген топта болдым. Ақниет өзінің Нұрлыайым есімді қарындасымен «Ақнұр» тобының құрамында ән салып жүрді. Жалғас та өз алдына дербес топпен сахнаға шығып жүрді. Бұл шамасы 2005-2006 жылдар болу керек. Ақтөбеде ай сайын концерт өтетін. Драма театрының сахнасында, Студенттер сарайында, т.б. реті келген жерде өтіп жататын. Бір қызығы, жастар арасында дүмпу болды. Бұл жастардың хоббиі ме, әлде, расында топ құру сәнге айналып кетті ме, білмедім. 100-ден астам топ қалай пайда болды, солай жоқ болып кетті. Мұның себебін жастардың өзге мамандықтарды таңдауымен түсіндіруге болатын шығар. Сондай-ақ, тағы бір маңызды жайт, жас орындаушылар Алматыға ұмтылды. Тіпті бақтарын сынап та көрді. Оңтүстік астанаға жолдары түсіп келген соң, ойлары да өзгере бастаған сыңайлы. Рас, Алматыдағы жағдайды, ондағы болуы мүмкін қиындықтарды екшелеген жас әншілер райынан қайтып, тіпті сахнамен қош айтысып жатты.
Сол жылдары Жалғас мейрамханада жұмыс жасайтын. Оның өзінің «Синифть» деген тобы болатын. Алайда қасындағы жолдас баласы әскерге кеткен соң, мені шақырды. Бірде Ақниетке қолқа салдық. Қысқасы, біздер мейрамханада жеке-жеке ән салып жүрдік. Күндердің күнінде үшеуміз бірігіп, «Сағынамын» деген әнді орындап көруге бел будық. Сәтті шыққан сияқты болды. Қала деңгейіндегі концерттерге де шығып жүрдік. Бүгінде ол әнді жас әнші Жансая Әлимановамен бірігіп орындап жүрміз. Кейін «Қинамашы» әнін жаздырттық. Араға жылдар салып, 2008 жылдың жаз мезгілінде топ құрдық. Оны «Нұрай» деп атадық. Бір ескерерлігі, топтың есіміне қатысты сыни пікірлер аз айтылмады. Тіпті алматылық арналардың бірінде тілші бізге «билік партиясы ән шырқауға шыққан ба» деген сарында сұрақ қойды. Біз де топ құрғанда оған ат қоярда әбден ойландық қой. «Нұр» сөзі әрдайым жолымыз ашық болсын, нұрлы болсын деген ойдан туындады. Ал «ай» сөзі, аспанда жұлдыз көп те, ай жалғыз деген ойдан шықты.
– Қазір эстрадада жүрген орындаушлыар продюсердің көмегін қажетсінбейтін секілді. Ал сендер продюсерлеріңмен қалай жолықтыңдар?
– Продюсер керек. Батыста шоу-бизнестің қарқын алуы да продюсерлердің арқасы деп білемін. Ақниет, Жалғас үшеуміз ойласа келе алдымен әнімізді қаладағы радиолардың біріне өткізгіміз келген. Содан, неге продюсер іздемеске деген ой да келді. Қаладағы ең сапалы конценрттердің ұйымдастырып жүрген Жанаргүлге (Досова) таңдауымыз түсті де, оған қолқа салдық. Жігіттер болып, «Ақтөбе» радиосына баруға бел будық. Дискімізді Жанаргүлге берейік те, продюсер болсын деген өтінішімізді де жеткізу үшін радионың сыртында бір жарым сағат күтіп тұрдік. Содан Жанаргүлмен шарттасып, бірге жұмыс жасайтын болдық. Ол өзінің талаптарын қойды, біз де өз тілектерімізді жеткіздік. Әрине, Алматыны да көздедік.
– Алматы демекші, Ақтөбеде кезінде құрылған ондаған топтар Алматыға барып келген соң, райларынан қайтты деп жатсыз…
– Иә, Алматыда қиындықтар көп. Бірақ қиындыққа мойымасаң, еңбектенбесең шаруа біте ме? Есет ағамыз (Сәдуақасов) да Алматыға таза 2-3 жыл ізденіп жүріп, елге кейін ғана танылып жатыр емес пе? Маңдай терін төксең, Алматыда да сахнаға шығуға болады. Біз де оңтүстік астананы бағындыруға жол тарттық. Теледидарларға шығып, сұхбат бердік. Республикалық глянц журналдарға да шығып жүрдік. Бастысы, танымал өнер адамдарына жолығып, алдарынан өттік. Лұқпан ағаға әндерімізді тыңдатып, оң бағасын алдық. Өзге де өнер адамдарымен таныстырды.
Алматыға алғаш барғанымызда жас орындаушылар тарапынан менсінбеушіліктерді байқадық. Жасыратыны жоқ, бізбен араласқылары келмегенін білдіріп жатты да. Бәлкім бізді потенциалды бақталас көрді ме екен?! Ал аға буын, керісінше, бізді қолдады. Қатарымызға жас толқын, жаңа әншілер кірігіп жатыр деп қауқылдасып жатты.
Жалпы, Ақтөбеден шығып жатқан сахна жұлдыздары некен-саяқ қой. Есет ағамыз қазір Алматыда. Мирас пен Құралай да республикалық деңгейдегі концерттерден жақсы көрініп жүр. Қанат ағамыз бен Светлана өздерін әлдеқашан мойындатты.
Бір ескерерлігі біз Алматыда жолыққан ағайлардың дені, алдымен жерлестеріңнің қатарынан демеуші іздеңдер деген-ді. Әрине, қаржылай демеу керек. «Демеушліерің болғанда ғана сахнаға шығасыңдар» деген. Шүкір, бүгінде демеушіміз де жоқ емес. Ақтөбедегі апайлардың бірі бізді қолдап келеді.
Сондай-ақ Алматыда біздің жерлестер сапынан бір қазық болуы керек сияқты. Мысалы, Лұқпан ағай бар. Оның айналасына мұнайлы өлкенің жас әншілері шоғырланады. Бейбіт Қорған әлі жас шығар, дегенмен, «Сұңқар» тобында оның інісі бар. Алдағы уақытта Бейбіттің де айналасына жерлестері шоғырлануы мүмкін ғой. Біздің де демеушіміздің қолы қысқа емес. Реті келгенде Алматыдағы таныстарына шығып, бізге қол ұшын бергізіп жатады.
– Республика сарайының сахнасына да шыққан шығарсыздар…
– Үш рет үлкен концертке қатыстық. Республика сахнасына алғаш шыққанымызда, жасыратыны жоқ, ерекше сезімге бөлендік. Тіпті Алматының маңындағы Талғар, Есік аудандарына шақырту түсті. Сөйтіп, гастрольдік сапарға да шықтық. «Stars.kz»журналы ұйымдастырған концертке қатыстық. Халықаралық «Дала-думан» журналы да бізді концертке шақырды.
– Болашақта осы эстрада өнерімен кеткілеріңіз келеді екен. Профессионал әнші болу үшін кәсіби білім де артықтық етпейтін шығар…
– Иә, бастапқыда әуесқой әнші болғанымыз рас. Топ құрып, кейін тарап кетіп жатқандарды да көрдік. Өздеріне сенімді болмаған шығар. Қатарымыз сиреді екен деп, біз де кері шегінуді жөн санамадық. Тіпті, керісінше, құлшынысымыз арта түскен секілді. Алматыны банғындырғымыз келетіні де сондықтан. Биыл, Аллаһ қаласа, өнер оқу орнына құжаттарымызды өткізіп көрсек пе дейміз. Осы бастан-ақ сынаққа қамданып жатырмыз. Оқук мерзімі төрт жыл. Арамызда Жалғас отбасылы ғой. Ол әрі біздің жақын досымыз. Сондықтан оның Алматыда баспана мәселесі де шешіліп қалуы мүмкін. Ақтөбеден біз емес, Қасым Ермек, Гүлхан Бөрібасова, Нұрболат Мдеетов, Жансая Әлиманова сынды жас әншілердің де кәсіби білім алуға ниеті бар. Олар да қамданысч үстінде.
– Сендердің репертуарларыңда неге ән аз? Сырткөзге баяу жұмыс жасап жатқан сияқты көрінесіздер. Альбом шығаратын кез келмеді ме?
– Бір дұрыс сапалы диск шығару үшін әндеріміз жеткіліксіз. Кемі 14 ән жаздыртуымыз керек. Әзірге 8 ән ғана бар. Біз тек жүрген жоқпыз. Қазірдің өзінде әндер жазылу үстінде. Сосын, сапалы шығарма жыздырту үшін Алматыға баруымыз керек. Қайта-қайта қатынай бермес үшін, әбден Орал қаласынан әрлеп (оранжировка) аламыз. Кейін Алматыда кәсіби тұрғыда өңделеді. Кәсіби сазгерлер тым көп қаламақы сұрайды. Жасыратыны жоқ, біздің де қоржынымызда нағыз хит болатын әндер жеткілікті. Жергілікті сазгерлер де қалыс қалады деп айта алмайтын.
Рахмет!
Әңгімелескен Асқар АҚТІЛЕУ
Шіл 07, 2010 @ 03:33:24
Қазақтың жастары қай аймақта жүрсе де,қазақ әнін асқақта берсе,болды емес пе!
Қар 27, 2010 @ 14:12:58
танымайтын адамдар екен
Қар 28, 2010 @ 11:21:43
100-ден астам турли багыттагы топтар емес турли багыттагы 100-ден астам топ болганы дурысырак