«Аргументы и факты. Башкортостан» басылымында Уфадан шыққан әнші Земфираның «Искала» әнін британдық Universal You тобының орындап жүргені туралы материал жарық көрді. Іле-шала ресейлік басылымдар ондағы әнші қызды «ұрлықшы» етіп көрсетуден тайынбады. Рок-әнші Земфираның танымал әнін әріптестеріміздің (ресейлік тілшілердің – ред.) байбаламына сенсек, қазақстандық, оның ішінде, ақтөбелік ару «еншілепті».

Бұл ару кім? Британияда қайдан жүр? Тұманды Альбион елінің сахнасына қалай шығып кеткен? Бізді қызықтырған басты сауал – Ақтөбеден шыққан әнші ару Гүлжан Ыбыраеваны неге «ұрлықшыға» телиді?

Ғаламтор парақтарын ақтара отырып, жерлесіміз туралы көп мәлімет таптық. Бір кездері балалық шағын Ақтөбеде өткізген ол жергілікті мемлекеттік университетте шет тілі мамандығы бойынша білім алады. Студент кезінде ақтөбелік Көңілділер мен тапқырлар клубында (КВН) өнер көрсетеді. Ара-тұра ән де шырқап қоятыны бар екен. Университет тәмамдаған ол кейін Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында шетелдік компаниялардың бірінде аудармашы болып жұмысқа тұрады. Сәті түскен ұсыныс болу керек, Гүлжан көп ұзамай Лондоннан бір-ақ шығады. Бүгінде ол – эдинбургтік Universal You тобының орындаушысы.

– Бірде тобыма Земфираның бірнеше әнін орындап көрсем қайтеді деген ұсыныс тастадым. Музыканттарға ұнады, – депті Гүлжан «Аргументы и факты. Башкортостан» газетіне берген сұхбатында. – Сөйтіп, «Искала» әнін ағылшын тіліне аудардық. Эдинбург қаласында альбом жаздырттық. Әннің болмысын сақтау үшін кей сөздерін орыс тілінде қалдырдық.

Соңғы төрт жылдың көлемінде британдықтар ақтөбелік әнші қызды сүйіп тыңдайтын болған. Тіпті әлі күнге дейін әнді ғаламтор арқылы 0,99 фунтқа саудалап келеді. Музыканттар Земфираның өкілдеріне хабарласуға талпынғандарын, алайда жауап ала алмағандарын айтады. Бар ойы – шаруаны құқықтық тұрғыда реттеп алу екен.
Өз кезегінде «ПроУфу» интернет-басылымы Земфираның баспасөз-атташесі Борис Барабановтың мұндай мәліметті бұрын-соңды естімегенін, әрі бұл композицияға меншік құқығы Земфираға тиесілі екенін жеткізіпті. «Егер оған заңмен тиесілі қаражат аударылып тұратын болса, мәселені ушықтырмауға болады», – депті онда Борис Барабанов.

– Танымал әншінің (Земфираның – ред.) әнін «ұрлаған» «батыстық жау» табылды, – деп «сүйінші» сұрайды «Комсомолка» газеті. Алайда басылым тілшісі «ұрының» қауіпті емесін, керісінше, өте сүйкімді, әрі талантты екенін жазады.
– «Искала» әнімен қанша жерден танымал болса да, әрі Лондонда жүріп әндерін жаздыртса да, Queen тобымен жұмыс жасаса да, Земфира Еуропада көп таныла қоймапты, – дейді басылым.

Одан әрі Гүлжанның сөзін келтіреді. – Барлық авторлық құқықты сақтай отырып, біз бұл әнді «ауыр» аранжировкамен әрледік, – дейді Universal You солисі Гүлжан. Әншінің еш «арам ойы» болмаған. Топтың мүшелеріне Земфираның барлық әндері ұнайды. Башқұрт әншісімен әзірге дау туындай қоймапты.
– Университетте Көңілділер мен тапқырлар клубында өнер көрсетіп жүргенімде, мен ақтөбелік музыканттардың бірімен жұмыс істедім. Ол менің әншілік қабілетімді ашты. Кейін Қарашығанақ кен орнында аудармашы болып жүргенімде Пол Финнимен (қазіргі музыкант – ред.) таныстым. Эдинбургқа келгеніме алты жыл болды, – дейді Гүлжан.

Гүлжан туралы алдымен өз жерінде емес, өзге елде айтыла бастады. Британияның басылымдары жарыса жазып, ресейлік арналар үсті-үстіне айтты.
Бүгінде Гүлжанды шотландтық Universal You поп-рок-тобының фронт-вумені деуге болады. Құрамында әйел бар өнер тобы Ұлыбританияда өте аз көрінеді. Болған күнде де бас солист бола алмайды. Топқа, оның әншісіне қызығушылық танытқан британ журналистері Гүлжан жайында «кең дауысты миниатюралық әнші» дейді. Тіпті күлкілі жағдай да болыпты. Қарапайым қазақ қызын өнерлі топтың «табынушысы» деп ойлап қалған болуы керек, концерт ұйымдастырушылары оны сахнадан қуып жібермек болған.

Айта кетейік, бүгінде Universal You тобын британдық Пол Финни (Paul Finnie) басқарады. Таяуда алғашқы альбомы жарық көреді деп күтілуде. Жинақтың аты – Mona Lisa.
Біріккен Корольдікте тұрып жатқанына санаулы-ақ жыл болғанына қарамастан Гүлжан ағылшын тілінің қыр-сырын жетік меңгеріп алыпты. Земфираның әніне қатысты айқай-шудан кейін топтың сайтына Ресей мен Қазақстан тарапынан кірушілерде қисап жоқ. Әуелгіде еуропалық өнер сүйер қауымға ыңғайланған өнер ұжымы енді Ресей мен әншінің туған еліне де бет бұруды жөн көріп отыр. Алдымен өз жерінде емес, тіпті көршілес Ресейде де емес, сонау Британияда танылған Гүлжан Ыбыраева биыл жазда гастрольдық сапармен Ұлыбританияда, Ресейде және біздің елімізде де концерт бермек.

Асқар Ақтілеу