ӨЛГЕНДЕРДІҢ ҚҰПИЯСЫ ӨЗДЕРІМЕН БІРГЕ КЕТТІ

Коммент өшірілген on ӨЛГЕНДЕРДІҢ ҚҰПИЯСЫ ӨЗДЕРІМЕН БІРГЕ КЕТТІ

Жұма күні Ақтөбедегі Қарғалы өзені үстінен өтетін көпір арқылы кенеттен жол қозғалысы тоқтатылды. Әрлі-берлі қатынап жатқан көлік жүргізушілері бір сағаттың шамасында түсініксіз жағдайда күтіп тұруға мәжбүр болды. Аталған жол тығынына тап болған танысымыздың сөзіне қарағанда, көпір маңында әскерилер қаптап кеткен. Атыс дауысы естіліпті. БТР-лер көрінген. Тұрғындар арасындағы әңгіме адам ойын сан-саққа жүгіртеді.
Бірер сағаттан соң, облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі елді дүрліктірген кезекті жайтқа қатысты өз түсініктемесін берді. Қысқасы, осыдан сәл ертерек (10 шілдеде) болған кісі өліміне қатысты жедел ақпарат бойынша полицейлер саяжайларда іздестіру жұмыстарын жүргізген. «Жаңажол» саяжай массивіндегі құрылысы аяқтала қоймаған үйге бас сұғуға бет алғанда, өзін «үй иесімін» деп таныстырған әйел полицейді үйге шақырған. Тәртіп сақшысы табалдырықтан аттағанда, үйдің ішінен атыс даусы шығып, жарылыс жаңғырығы және естіледі.
Оқиға орнынан бір ер азаматтың денесі табылады, тағы біреуі жараланған. Екеуінің де жеке бастары анықталмады. Сондай-ақ 28 жастағы полицей Рүстем Кенжалин де аталған саяжайдағы үйде жан тапсырады. Бұл жайт бойынша ішкі істер органы ҚР Қылмыстық кодексінің «кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғап та үлгерді. Полицейлердің сендіруінше, оқиға орнынан оқ-дәрі табылыпты. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Араға бір күн салып, жараланған жігіт те аурухана төсегінде көз жұмады. Оның жеке басы сол күйі анықталмаған. Ал жексенбі күні полицей Рүстем Кенжалиннің денесі жер қойнына тапсырылды. Білетіндердің айтуынша, оның келіншегі тамыз айында дүниеге нәресте әкелуі керек екен.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір апта бұрын (шілде айының 25-ші жұлдызы) қаладағы жанармай құю бекеттерінің бірінде атыс болып, сол маңдағы көп қабатты үйдегі пәтерлердің бірінде жас жігітті тәртіп сақшылары оққа ұшырған-ды.
Ресми хабарламаға сүйенсек, тәртіп сақшылары 10 шілдеде болған кісі өліміне қатысты күдіктілерді ұстамақ болыпты. Үшеуін тірілей ұстаса, төртіншісі – Тимур Оразбековты өлтіріп алды. 24 жастағы қаршадай жігітті ұстау да, полицейлердің айтуынша, оңайға соқпағанға ұқсайды.
Көпқабатты үйдегі тұрғындарды шырт ұйқыда жатқан жерінен оятып алып, үйде газдың жарылуы мүмкіндігін айтып сыртқа шығарады. Іште адам қалмады-ау дегенде атыс басталып, төртінші күдікті атылады.
Кешегі көпір маңындағы атыс-жарылысты да тәртіп сақшылары 10 шілдеде болған кісі өлімімен байланыстырады. Жалпы, сұрақ көп. Қарапайым халық та бұл оқиғалардың қандай да бір құпиясы барын айтып, өзара күбірлесіп қояды. Талай құпияны өлген жігіттер өздерімен бірге әкетіп жатқан сыңайлы.

Марат ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Ақтөбе облысы
«Халық сөзі», №101, 2-08-2011

Еңбегін жеме кеншінің, ол емес сенің меншігің!

1 пікір

Ақтөбе облысындағы Хромтау қаласында Александр Машкевичтің меншігіндегі ENRC-ге қарасты «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ Дөң кен байыту комбинатының мыңнан астам жұмысшысы соңғы 20 күнде екі рет наразылық шеруіне шықты. Кеншілер қойған басты талап – еңбекақыны дұрыс есептеу.

More