Ақтөбелік зейнеткер Анна Ходаненок таяуда 70 жасқа толды. Жақын араласатын көршілері оған «Нұр-Мұқасан» дуэтінің альбомын сыйға тартып әлек.
Рас, Анна әжейдің сөресінде аты аталған қазақстандық әнші жігіттердің бір емес, бірнеше ән жинақтары жинаулы тұр. Таспа дейсіз бе, дискі дейсіз бе, іздегеніңізді табасыз. Тіпті бір ән жинақтың бірнеше данасынан тұрғанын айтсаңызшы. Сонда да қонақтары оған «қос қарлығаштың» альбомдарын сыйлаудан шаршамайды.
Әңгімені әріден бастасақ, Анна Ходаненок Нұрлан мен Мұқасанның шығармашылығымен «Бауыржан-шоудың» алғашқы концерттерінен таныс. Содан бері қанша жыл өтсе де, сүйікті әншілерін тыңдаудан жалығар емес. Тіпті бірнеше ай бұрын о дүниелік болған марқұм шалы да Анна бәйбішесін «Нұр-Мұқасаннан», әсіресе Мұқасаннан қызғанып жүретін-ді. Кемпіріне: «Жасың 70-ке келіп қалғанда, не алжығаның», – деп ұрсып қоятынын айтсаңызшы. Дегенмен, әжейдің Мұқасанға, оның шығармашылығына махаббаты берік.
Айналдырған екі бөлмелі үйде «Нұр-Мұқасанның» постері мен газет-журналдардан қиып алған суреттері ілінбеген мүлік жоқ. Тоңазытқыш, теледидар барлығында домбыраларын құшақтап, Нұрлан мен Мұқасан күлімсіреп тұрады.
Тіпті, қайсыбір жылы гастрольдетіп Ақтөбеге келгенде Анна әжей көшедегі афишаларды ұрлаудан тайынбапты. Концертке билетті бір ай бұрын алып қояды. Көгілдір экран алдында көре қалса, барын ұмытып, отыра кетеді. Тіпті кей әндерінің сөзін қағазға түсіріп, ыңылдап жүреді.
Анна әжеймен соңғы рет бес жыл бұрын сөйлескен екенбіз. Содан бері оның сүйіп тыңдайтын қазақ әншілері қатары ұлғайыпты. «Жігіттердің» «Балқадишасына» өлердей ғашық. Еркіннің топтан кеткені әжейге қатты батыпты. Айдар Байжановты сұрайды, «үйленіп еді ғой, кішкентайлы болмап па?» деп қояды. Гауһар Әлімбекованың жан-жақты екеніне таңданысын жасырмайды. «Күйеуге тимеді ме өзі?» деп шын алаңдаушылығын білдіреді. «Киркоров соңғы кезде шашын мың құбылтады, ұнамай кетті. Орыс эстрадасынан Басковты тыңдаймын», – дейді әжей.
Бәрін айт та бірін айт, айналып келіп, «Нұр-Мұқасанды» жырлаудан шаршамайтынын тағы байқатты. «Жұлдыздар отбасынан» Мұқасанның неше баласы барын, қандай қызықты жайттарға тап болғанын, т.б қызықтарын көршісіне оқытып, аудартып алыпты.
Санаулы күн бұрын Анна апай қоңырау шалды. «Не болып қалды» десек, «Ақтөбеге «Нұр-Мұқасан» келе жатқан секілді. Теледидардан көріп қалдым», – деп жан ұшырып отыр. «Шынымды айтсам, олар келеді дегенді ести қоймадым, мүмкін қателескен шығарсыз», – десек, «онда тек ұмытып кетпеші, «Нұр-Мұқасаннан» хабар болса, маған жеткізші», – деп қош айтысты.

Марат ТӨЛЕПБЕРГЕН
Ақтөбе облысы
«Халық сөзі», №60, 02-08-2011