Ақтөбе облыстық IIД баспасөз орталығының аға инспекторы Ерболат Сарқұловтың айтуынша Шұбаршидегi қылмыскерлер есiрткi пайдаланған көрiнедi. Осылай айды аспанға шығарған аға инспектордың “Сараптама қорытындысы бойынша олардың үшеуiнiң қанынан есiрткi табылды. Олар марихуана шеккен”, – деген сөзiне сенесiз бе? Бұл жай 1986 жылы алаңға шыққан қазақ жастарын КСРО-ның “бұзақы”, “нашақор”, “маскүнем” деп айыптағанына қатты ұқсайды екен. Әрине, бiз желтоқсан ұлт азаттық көтерiлiсiне қатысқан жастарды Шұбаршидегi содырлармен салыстырып отырғанымыз жоқ.
Содырлардың есiрткiге әуестiгi бар-жоғы бiр Аллаға аян. Бiр анығы билiктiң кешегi Шұбарши шындығын бүркемелеуге әрекеттенiп жатқаны болып тұр. Неге? Өйткенi неше жылдан берi Әлемдiк және дәстүрлi дiндер басшыларының съезiн өткiзiп жүрген ел үшiн Шұбаршидегi қанды қырғынды бүркемелеу қажет-ақ. “Әртүрлi ұлттың, әртүрлi дiннiң өкiлдерi бiр үстелдiң басында шүйiркелесiп, бiр дастарқаннан дәм татып, қазiргi әлемнiң тыныштығын бұзған, бейбiтшiлiктiң берекесiн қашырған қауiп-қатерлер жайлы пiкiрлерiн бiлдiретiн” елде дiни экстремизм етек алды деген не сұмдық? Ары-берiден соң “Дiндер басшыларының съезi Қазақстанның әлемдiк аренадағы саяси салмағын ұлғайтқан маңызды шара болды”, – деп шабылған жоқпыз ба? Ал бiрнеше жылдан берi әлем тыныштығына “алаңдаған” елдiң ел аман, жұрт тынышта 15 азаматы қаза тапты. Солардың кейбiрiнiң атын атап, түсiн түстеп өтсек артық болмас.
Ақтөбе облыстық iшкi iстер департаментiнiң баспасөз қызметiнiң өкiлi Алмат Иманғалиев қарсылас жақтан тоғыз адам оққа ұшты деп мәлiмдедi. Мұның алдында аты-жөнi жарияланбаған Кеңқияқ ауылының 26 жастағы күдiктi қолындағы түйiншектi лақтырған күйi “Аллаху акбар” деп айқайлап “БМВ” автокөлiгiне қарай қашқан. Медициналық көмектен бас тартқан ол Кеңқияқ ауруханасына жеткiзiлгенiмен, қансырап көз жұмады. Ал шiлденiң 13 күнi ресми болжам бойынша Әдiлхан Ешнияов өзiн-өзi өлтiрген көрiнедi. Марқұмның жақындары “Әдiлхан полиция бөлiмшесiндегi азаптаудан соң қайтыс болды”, – деген пiкiрде.
Даудың басы маусымның 30-ынан шiлденiң 1-iне қараған түнi Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаевты атып кеткеннен кейiн болғаны белгiлi. Қылмыскерлердi құрықтау барысында жасақ сарбазы Руслан Жолдыбаев пен полиция қызметкерiнiң майор шенiндегi Айболат Иманбаев қаза тауып, бiрнешеуi жараланды. Шұбарши қырғынынан “қарсылас жақтан” бас-аяғы 11 адам көз жұмса, “өзiмiз жақтан” 4 азамат ажал құшты. Әйтсе де бұл ресми ақпаратқа ауыл тұрғындары күмәнмен қарайды. Демек бұл қырғыннан 15-тен артық адам көз жұмуы әбден мүмкiн деген сөз.
Төртеудiң түбiне жеткен алтаудың аты-жөнi белгiлi. Олар: ағайынды Тоқтарбек және Ақылбек Мәмбетов, Айбек Жұмағазин мен Қуаныш Әлiмбетов, Мирас Қаражанов пен Бектемiр Оразов. Ал өзге қылмысқа қатыстылардың кiм екенi әлi күнге дейiн жарияланбады. Шұбарши ауылының байырғы тұрғыны, ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Темiржан Қалимағамбетов пен Ардақ Құбашева олардың Пәкiстанға жиi баратынын айрықша атап өттi. Iздеуде жүрген 6 күдiктiнiң бiрi Айбек Жұмағазиндi “күнде көрiп жүрген өзiмнiң көршiм”, – деген Темiржан Қалимағамбетов оның “жұп-жуас бала” екенiн айтады.
– Бұл қалай болды деп басымыз қатты. Қазақтың ата салтындағы дүниелердi ұстанса қайтедi екен. Вахабит дегендерi бiздi «кәпiрсiңдер» дейдi. Пәкiстанға барып, 3 айлық курстан өтiп келдi. Сол жерде бұзықтыққа тәрбиелеп жiбердi ме, кiм бiлсiн. Дiнге еркiндiк дейдi. Мынадай қырғынға әкеп соқтыратын сол еркiндiктiң көп қажетi жоқ сияқты. Бетiмен кетiп барады. Миллиондаған ақша, автомат кiлең, соның бәрiн қайдан алған? Ана ауылдың милициясын да қоршап алып, оқ жаудырған. Кеше ғана мектептiң түбiне көмiп тастаған автоматтарын алып жатқан кезiнде, бiреуiн жасақтар атып тастады, – дейдi Темiржан Қалимағамбетов. “Ауылда сақалдылар қаптап кеттi деп, кезiнде дабыл көтердiк. Бiрақ ешкiм мән бермедi. Бәленiң алдын алу керек едi”, – дейдi ауыл тұрғыны Ардақ Құбашева.
– Пәкiстанға көп барады. 3-4 ай жоқ болып кетедi де келедi. Астарында – көлiк, қалталарында – ақша. Оның бәрiн қайдан алады? Барлығы жұмыс iстемейдi. Мұнай өндiретiн аймақта тұрамыз. Қытайдың мұнай компанияларында Кеңқияқтан, жергiлiктi жерден бiрде-бiр адам жоқ. Жастар жұмыссыз сенделiп жүрiп, осындайлардың құрығына iлiнiп жатқаны айдан-анық, – деген тың пiкiрдi Ардақ Құбашева алға тартып отыр. “Жұмыссыз сенделiп жүрген” сақалдылардың мұнай ұрлаумен айналысып келгенi жасырын емес. Темiр ауданындағы уахаптар туралы 2008 жылы республикалық “Үш қиян” газетiне Алмас Ұқан жазған екен. Автор мақаласында “Айта кету керек, “уахаби стратегиясының” бiр қыры – мұнайда. Өйткенi қазiр уахаптардың денi мұнай сатумен жағдай жасап алғандар. Олардың көбi қалталы азаматтар”, – деген пiкiрдi жайдан-жай бiлдiрмесе керек.
Олай дейтiнiмiз, Iшкi iстер министрлiгiнде өткен баспасөз мәслихатында IIМ бiрiншi орынбасары полиция генерал-майоры Марат Демеуов: “Ақтөбе облысы Шұбарши кентiнде полиция қызметкерлерiн өлтiрген қылмыскерлер мұнай ұрлаумен айналысып, дiни идеяларды бүркемелеген қылмыстық топ болып отыр”, – деп мәлiмдедi. IIМ орынбасарының сөзiне сенсек, Ақтөбе облысы Темiр ауданының аумағында бiрнеше жылдар бойы ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет етiп келген және олар дiни идеялармен бүркемеленген сол топ негiзiнен мұнай мен мұнай өнiмдерiн ұрлаумен айналысқан көрiнедi. Демеуов аталған оқиға бойынша қылмыстық кодекстiң 96-бабы, 2-тармағы бойынша қылмыстық iс қозғалғанын және содырлардың өмiр бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкiн екенiн тiлге тиек еттi.
Сарапшылардың пiкiрiнше, “Iшкi iстер органдарына қарсы шыққан адамдарды дiни экстремизм тобына жатқызуға толық негiз бар” көрiнедi. Әйтсе де билiк оны ресми түрде мойындамай отыр. Ауруын жасырған өледi деген. Ашығын айтсақ Шұбариден шыққан ши – билiктiң соңғы 10-15 жылда жiберген қателегiнiң ащы сабағы. “Әртүрлi ұлттың, әртүрлi дiннiң өкiлдерiн бiр үстелдiң басында шүйiркелестiргеннен” мүйiз шықпайтынын уақыт өзi-ақ дәлелдеп бердi.
Жансерiк ШҮРЕНБАЙ.
Р.S. 2010 жылдың 30-ынан наурыздың 1-iне қараған түнi Шұбарши ауылында Қазақстан президентi Н.Ә.Назарбаев отбасының шетелдегi жылжымайтын мүлiктерi туралы мыңдаған үнпарақ таратылған. Қазақ және орыс тiлiндегi үнпарақтар аудан орталығы Шұбарбұлақта емес, 4 мыңдай ғана тұрғыны бар Шұбарши ауылында пайда болуы қайран қалдырады.