9 адамға қарсы 8 күндiк шайқаста 4 полицей оққа ұшты
8 шiлдеде кешкiлiк Кеңқияқ елдiмекенiнде тағы бiр полиция қызметкерi оққа ұшты. Ол – Шұбаршидегi жағдайға байланысты жiберiлген IIМ «Сұңқар» арнайы жасағының сарбазы – Айболат Иманбаев. Мұнымен бiр кезде үйден 50 метр жерде тұрған Кеңқияқ учаскелiк полицейi Тұрарбек Ешпағанбетов жараланды. Осылайша Мұнайшылар көшесiндегi №2 үйдi қоршамақ болып жеткен топты, үйде тығылып жатқандар снайпер оғымен қарсы алды. Кешкi сағат 9-дар шамасында басталған атыс ертеңгiлiк түскi сағат 12-ге дейiн тоқтаусыз жүрдi. Осы үйде Шұбаршиде полиция қызметкерлерi Нұрлан Алтынбай мен Айдос Боранбайды атып тастаған 6 күдiктi жасырынып жатқан. Мұның алдында ғана Шұбаршидiң iргесiндегi қамыс арасына жасырынған топ Кеңқияқ елдiмекенiнен қалай шықты? Қамыс пен тоғайды қоршап тұрған IIМ «Сұңқары»мен «Бүркiтi» оларды қалай көзден таса еттi? 9 адамға қарсы 8 күндiк шайқаста 4 полицей оққа ұшса, погондылардың шамасын байқай берiңiз.

Айтпақшы, 3 шiлдеде Шұбаршиде күзеттегi полицейлер жасырынып жүрген Бектемiр Оразовтың туған iнiсiн жұрт көзiнше атып тастады. Себеп: полицияның «тоқта» деген бұйрығына бағынбай, көлiгiне мiнiп қашуға тырысқан.
Осылайша Шұбарши содырларымен шайқаста төрт полицей оққа ұшып, алтауы жараланды. 9 шiлдеде Ақтөбе облыстық IIД ұйымдастырған баспасөз конференциясында Шұбарши тобының түгелдей көзi жойылғандығын мәлiмдедi. Бұлар: 1984 және 1988 жылы туған Мәмбетов Тоқтарбек пен Ақылбек, 1989 жылы туған Бектемiр Оразов, 1988 жылғы Мирас Қаражанов, 1988 жылы туған Айбек Жұмағазин және 1968 жылғы Қуаныш Әлiмбетов. Бұлармен қоса осы үйде бекiнген тағы да 3 адам ажал құшқан. Барлығы да Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөлдiң тұрғындары. 1 шiлдеден берi полицияға қарсылық танытқан тараптан қаншасының көзi жойылғаны туралы ақпаратты полицейлер жарияламай отыр. Бұларды тiрiлей қолға түсiру мүмкiндiгi болмады ма деген сұрақтың басы ашық. «Түнге дейiн берiлiңдер» деген талапқа құлақ аспады деген жауапты естiдiк. Таңертең басталған операция қарғыс атқан Мұнайшылар көшесiнде сақалдылар бекiнген №2 үйдi жер бетiнен жоқ қылды. Гранатомет, БТР қолданылған. Сөйтiп,
1 шiлдеден бастап елдiң қауiпсiздiгiне селкеу түсiрген шұбаршилiк топ өздерiмен бiрге үлкен құпияны ала кеттi. Олар неге түнiмен ауыл полицейлерiн қуып атқылады? Погондылар бұлардың жолдарын қай жерде кестi?
Ресми ақпарат: “алтауы ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерi, ұзақ уақыттан берi құбырлардан мұнай ұрлаумен айналысқан”. Бiрақ өлтiрiлген соң қарақшылық топқа жатқызылды. Мұнай ұрлаушы болса, мұнайды ұрлатушы да бар емес пе? Ауылдың жұмыссыз қазағының қарулы күзет тұрған Жаңажол мен Кеңқияқтағы мұнай сақтайтын орындардан мұнайды жалаңаш қолмен алып кетпейтiнi белгiлi. Яғни ұрлайтын көлiктерi, қарулары болуы мүмкiн. Ендеше, бұларды кiм қаржыландырды? Бұл – бiр. Екiншiден, адасқан 6 марқұмның тең жартысы қытай компаниясының вахталық жұмысшылары. Бұлар 1 мамырдан берi жұмысқа шықпаған. Үшiншiден, бас штаб – Шұбарши мешiтi –ваххабиттердiң жергiлiктi ұясы екендiгi айтылмайды. Айтпақшы, осы мешiттi тұрғызған Азамат Кәрiмбаев 2010 жылдың желтоқсанында «терроризм» бабымен сотталып, Арқалық түрмесiнде жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Жалпы, Шұбарлықтардың шұбарлы жолы соңғы жылдары Кавказ бен елiмiздiң батыс облыстары арасында сайрап жатқаны құпия емес. Биылғы мамырдың 17-сi күнi облыстық қауiпсiздiк департаментiнiң кiреберiсiнде өзiн-өзi жарып жiберген Рахымжан Махатовтың да осы тараппен байланысы болды. Махатов iсiне қатысты 8 адам ұсталып, барлығы Астана түрмесiне қамалған.
Жалпы, облыста мұнай өндiрiлетiн Темiр мен Қандыағаш аудандарында ваххабизмнiң ұясын салуы 2000 жылдардан басталды. Шұбаршидiң «Ақмешiтi» сол уақыттан берi басқа бағытқа көңiлдерi құлаған жастарға толды. Бұлар – қарапайым отбасыдан шыққан, жағдайлары төмен қазақ балалары. Жастары жиырманың о жақ бұ жағында. Сөйтiп, ресми билiк пен құқық қорғаушыларға қарсы күш түрiнде қалыптаса бастаған топ пайда болды. Мұның салдары тым өкiнiшке ұласа бастады.
Қытай капиталы құрсаулап тастаған Ақтөбе өлкесiнiң қазақ ауылдарында осындай шиеленiстi жағдай болып отыр. Мұны қалай тоқтатуға болады?
Қалай болғанда да, өмiрге өкпелi, әдiлетсiздiктерден көз ашпаған, тапқаны қара наннан артылмайтын мұнайшы қауымның алаң көңiлiне сырттан келген қарғыс атқыр уағыздың әсерi мықты болып тұр.
Қан төгiлдi. Қазақ қазақтың қанын төктi. Полицей қазақ пен «сақалды» қазақ болып бiрiн-бiрi өлтiрдi. Қазақтың наным-сенiмiне қара таңба түстi. Лаңкестiк қазақ ауылынан басталды. Бұдан артық қандай сұмдық болуы мүмкiн. Есi дұрыс елде мұндайда қаралы күн жарияланады. Бүкiл ойын-сауық шаралары тоқтатылады.
Қарулы қақтығыстың террорлық әрекет екенiн мойындағымыз жоқ. Тағы да көзжұмбайлық. Көздерi жойылған топты ендi мұнай ұрлаушы қылмыстық топқа айналдырмақшы. Өлгендер сөйлемейдi. Өлген топ құпияны өздерiмен ала кеттi. Атылған адамдар мен атқандардың туысқандарының арасында ендi кек қайтару, өш алу басталып кетпесiн деп тiлейiк. Соның алдын алу керек. Әйтпесе, жергiлiктi, орталық билiктiң де, қауiпсiздiк қызметi басшыларының да жағдайды сырттан бақылаушы ретiнде отыра беретiн түрлерi бар. Төгiлген қан сұраусыз кетпесiн. Ең бастысы, қанды оқиғаның себеп-салдарлары толық ашылуы және халыққа жария етiлуi керек. Оның артында кiмдер тұрса да!

Баян СӘРСЕМБИНА,
Ақтөбе

http://www.zhasalash.kz/olke/4965.html?lang=kz