Кеңқияқта полицейлер мен «сақалдылар» атысып жатыр
коллаж

Темiр ауданының Кеңқияқ пен Шұбарши ауылдары өткен жүмадан берi әскери соғыс алаңына ұқсайды. Қазiр Кеңкияқтың жанындағы шағын Қостан орманын Алматыдан шақыртылған арнайы жасақ қоршап тұр. Орманда Шұбаршидың «сақалдылары» бекiнiп алған. Шабуыл жасалған жағдайда олар осы маңнан өтетiн Жаңажол-Кеңкияқ газ құбырын жарамыз деп талап қойды. Орманда қанша сақалдының бекiнгенi белгiсiз, бiрақ ашық алаңқайда он шақтысының өлген денесi жатыр. Орманға қарай қашқан бұларды әскерилер тiкұшақтан атып түсiрген. Осылайша үш күннен берi жергiлiктi ваххабиттер мен полицейлер арасындағы қақтығыс толастар емес.
Оқиға былай басталды: өткен бейсенбiден жұмаға караған түнi кезекшiлiкте отырған жергiлiктi полицейлердi бiр топ сақалды қуып жүрiп атқылайды. Геологтар көшесiндегi туыс­қанының үйiне тығылмақ болып, қаша жүрiп атысқан екi полицей оққа ұшты. Iле-шала Ақтөбеден «Арлан» арнайы жасағы келiп атысқанда сақалдылар ауыл шетiндегi қамысқа тығылғанға ұқсайды. Қамыс өртелген кезде, арасынан «Арлан» қызметкерiнiң денесi табылды. Сөйтiп, бiр күннiң iшiнде 3 полицей оққа ұшты. Жексенбi күнi Ақтөбедегi жедел жәрдем ауруханасына тағы да жаралы үш полицей жеткiзiлгенiн облыстық iшкi iстер департаментiнiң баспасөз қызметi хабарлады.
Бұрынғы Саркөл, қазiргi Шұбарши ауылының «сақалдыларының» денi — 23-25 жастағы жұмыссыздар, көбi бұрынғы колледж студенттерi. Бұлардың ауылдың полицейлерiн атып тастап, жанжалды қасақана тұтандырғаны басы ашық. Ендiгi жерде осы «соғыстың» сценарийiн жасағандардың аты-жөндерi анықталды. Ағайынды Мәмбетовтердiң қолынан шыққан қанды iс дейдi ауылдың адамдары. IIД iздеу жариялаған 6 адамның аты-жөндерi анықталды.
Бұлар — 1984 және 1988 жылы туған Мәмбетов Тоқтарбек пен Ақылбек, 1989 жылы туған Бектемiр Оразов, 1988 жылы туған Мирас Қаражанов, 1988 жылғы Айбек Жұмағазин, 1958 жылғы Қуаныш Әлiмбетов.

Мәмбетов Т.
Мәмбетов А
Жұмағазин А
Әлiмбетов К
Қаражанов М
Оразов Б.
Бiрақ бұлар облыс шекарасынан кетiп қалғанға ұқсайды. Себебi IIД көршi Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыс тұрғындарына осы қылмыскер­лердi көрген-бiлгендерiн хабарлауын сұрап жатыр. Қазiр барлық жерде 6 қылмыскердiң суреттерi iлiндi. Тiптi сенiмдi ақпарат бергендерге 100 мың АҚШ доллары көлемiнде сыйақы да жарияланды. Сонда орманға тығылған жанкештiлер алтауын қашырып жiберiп, өздерi уақыт ұтып отырған болуы керек. Не де болса, бұл — мұқият ұйымдастырылған қанды әрекет. Қазiрде Темiр ауданына баратын барлық автокөлiк жолдарында тексеру қатаң. Тiптi облыстың барлық жолдарында қарулы күзет тұр. Бiрақ сақалды жанкештiлер қашқанда, көлiк жолдарының бойымен қашпайды, елсiз­бен, адам аяғы сирек басатын құмды даламен бой тасалайтыны белгiлi. Не де болса, шетел асып кетудi жоспарлайды. Темiр ауданының аржағы Атырау, Маңғыстаудың шөлдi даласы, әрi қарай Иран тиiп тұр.
Осы кезге дейiн мұсылмандардың дiни басқармасын мойындамай, осында жiберiлген имамдарды түрлi әрекеттермен қорқытып-үркiтiп сыйдырмай жiберетiн де, өздерi Мысырдан имам шақыруды талап ететiн. Қазiр қытай компаниясы мұнай өндiрiп жатқан Кеңқияқтағы әлеуметтiк жағдайдың асқынуы сол 90-жылдардың соңынан басталды. Қазiр вахаббиттердiң ұясына айналған бұрынғы Саркөл, қазiргi Шұбарши елдiмекенi Кеңқияқтан 3-4 шақырым. Саркөл — бұрынғы «Ақтөбемұнайгаз» геологтарының ауылы. Кеңес өкiметiнде геологиялық барлау жұмыстарына ерекше мән беретiн едi, қытайлар алған соң кәсiпорынның геологиялық басқармасы таратылды да, адамдары тентiреп кеттi. Саркөлдiң бағы осы кезден тайды. Жұмыссыз жұрттың күнкөрiсi қиындады. Елдi маргиналды көңiл-күй басты. Ендi ваххабит болып полицейлермен атысып жатқандар – сол бұрынғы геологтардың балалары. Ақтөбедегi жанкештiлердiң денi — 23-25 жастағылар. 1986-87 жылдары дүниеге келiп, 1992-93 жылдары мектеп табалдырығын аттағандар. Әлеуметтiк жағдай асқынып, жұмыссыздық күшейiп, ата-ананың сағы сынып тұрғанда мектепке барғандар. Осы мәселенi назарда ұстаған жөн. Әрi ваххабит болып жүргендердiң денi Ақтөбе колледждерiн тәмамдап, жұмыссыз жүрген жастар екенiн де ұмытпау керек.
Бiз алдыңғы мақалаларымызда Ақтөбенiң мұнайлы аудандарының елдiмекендерiнде экстремистiк топтардың күшейiп жатқанын талай жазғанбыз. Атырау мен Маңғыстау облыстарында да жағдай жетiсiп тұрған жоқ. 4 мың адам тұратын шағын Шұбаршидiң бiрiн-бiрi танитын жастары ваххабит пен полицей болып атысып жатқанынан артық қандай сұмдық болуы керек? Қазақты жiк-жiкке бөлудi жоспарлағандар осылайша мақсаттарын жүзеге асыруға кiрiстi. Ендi не iстеу керек? Ақтөбе облысының тұрғындары байыпты, анау-мынауға ере бермейтiн, әсiреқызылға әуес емес. Елдiң iргесi осылай қалыптасқан. Ендi не болды? Қазақтың бiрiн-бiрiн өлтiруi деген не сұмдық? Жазықсыз оққа ұшқан 30 және 39 жастағы ауыл полицейлерiнiң жазығы неде? Осыдан кейiн де Ақордадан әдемi сөйлеп, “бiзде тұрақтылық орныққан, тамаша” деп елдi қашанғы алдап отыра бермекпiз. Бiрiн-бiрi ата берсе, бұл қырғын басқа облыстарға да таралып, жалғасып кетiп жүрмей ме? Не iстеу керек? Дiни басқарманы мойындамайтын, құқық қорғаушыларға оқ атуды жұмаққа барудың жолы деп санайтын топтың жолын қалай кесу керек? Әлде елдiң тыныштығын бұзу жоспарланған үлкен жобаның бiр тармағы ма бұл?

Баян СӘРСЕМБИНА,
Ақтөбе
http://www.zhasalash.kz/olke/4929.html?lang=kz