26 шiлде күнi жергiлiктi уақытпен таңертеңгiлiк сағат 7-де Ақтөбе қаласындағы ағайынды Жұбановтар көшесiндегi 300-үйдiң тұрғындарын полицейлер “газ жарылуы мүмкiн” деп қорқытып, үйлерiнен қуып шыққандай болды. Қоса-қабат тұрған көп қабатты үйдiң 70 пәтерiнiң адамдары көлiкке мiнгiзiлiп, алысқа әкетiлдi. Жарылыс болуы мүмкiн дегесiн жұрттың зәресi ұшып, абдырап қалды. Бiрақ осы маңға не өрт сөндiрушi, не апатты газ қызметiнiң көлiктерi келмедi. Сөйтсе, осы үйдiң 6-қабатында тұратын күдiктiнi ұстау операциясы басталмақшы екен…
Сағат 11-дiң шамасында үйдiң жанына тоқтаған жүк таситын “Газель” көлiгiне 2 полицей қара полиэтилен пакетке ораған жас жiгiттiң денесiн гүрс еткiзiп лақтыра салды да, жүрiп кеттi.
1987 жылы туған 24 жастағы Тимур Аббасұлы Оразбековтi осылайша дүйсенбiде полицейлер пәтерiнде өлтiрдi.
1937 жылдың қандықол жендеттерiнiң қимылын елестетiн осы көрiнiс ақтөбелiктердiң көңiлiне қорқыныш сезiмiн тудырды. Ертеңгi күнге деген үрей күшейдi. Ақтөбе бұрынғы бейқамдықтан айырылды.
Iле-шала өткiзiлген баспасөз мәслихатында IIД баспасөз қызметiнiң бастығы Алмат Иманғалиев бұл оқиғаның Шұбаршидегi жағдайға еш қатысы жоқ деп мәлiмдедi. Бұл жiгiт түнде қылмыскерлердi құрықтау кезiнде қашып кеткен, оның 3 сыбайласы түнде қолға түстi. 4 жiгiт 22 шiлдеде бiр адамды өлтiрдi деген айыппен тұтқындалуы тиiс екенiн мәлiмдедi. Бiрақ баспасөз өкiлi қандай қылмысқа қатысты болғанын, кiмдi өлтiргенiн ашық айтпады.
Осы үйдiң тұрғындары 6-қабатта бiрнеше сақалды жiгiттiң пәтер жалдап тұрғандарын мәлiмдедi. Олар балағы шолақ шалбар киетiн және ұп-ұзын сақалдары бар деп айтты. Кеше кешкiлiк сағат 8-де олардың бiрiнiң жоғары қабатқа көтерiлiп кеткендерiн де хабарлады.
Сонымен Шұбаршидегi қандықол операцияда қаза тапқан жастардың қатарына тағы бiр марқұм қосылды.
Шiлденiң 25-iнен 26-ына қараған түнi Ақтөбе қаласының ескi бөлiгi Құрмыш ауданының тұрғындары түнiмен автомат даусын естiгендерiн, әлдекiмдердiң бiр-бiрiмен түнi бойы атысқандарын айтып отыр. Бiрақ ешкiм ештеңе бiлмегендей түр танытады.
Бiр нәрсе анық: полицейлер мен “сақалдылардың” арасында соғыс жүрiп жатыр. Бiр-бiрiнен өш алу соғысы басталды. Полицейлер қолдары қалтырамастан 23-25-тегi жас жiгiттердi аяусыздықпен жойып жатыр. Ағайынды Жұбановтар көшесiндегi жұрттың көзiнше полицейлер Тимур Оразбековтi оққа байлап, жүк көлiгiнiң үстiне лақтыра салып, тайып тұрғаны рас. Президенттiң “ дiни экстремизммен күрес” жөнiндегi тапсырмасын Патрис Нокиннiң командасы Бериядан асып түскендей қарқынмен iске асыруға көштi.
Вахабизммен күрес басқаша сипатқа ауысып барады. Полицейлер сақалды жiгiттердi тiрiлей ұстауға аса мүдделi емес сияқты. Ретi келсе, тек көздерiн жойғанды ойлайтындай. Сiрә, сондай тапсырма алса керек. Кейбiр пiкiрлерге қарағанда, Шұбаршиден басталған қанды қырғын дiни ағыммен күрес емес, өңiрге ықпал ету алаңын бәсекелестерден тазарту соғысы сияқты. Уахабшылар радикалды күштер, бұларға бәсекелес топтың кiмдер екенiн ақтөбелiктер айтпаса да жақсы бiледi.
“Қауiпсiздiк кеңесi шұғыл мәжiлiс шақыртып, Ақтөбедегi алаңдатарлық жағдайдың шындығын ортаға салсын. Президент қолынан генерал шенiн алған бас полицей Патрис Нокиннiң өзi жауап берсiн. Ол неге жұрттың бәрiн өлтiрiп жатыр? 10-нан астам қазақтың жас жiгiтiнiң қанын арқалаған осы лауазымды тұлға Шұбаршидiң қанды қырғынынан берi жұрт алдына еш шыққан жоқ. Баспасөз қызметiнiң екi жас жiгiтiн ғана сөйлетiп, өздерi тасада бұғып отыр. Мұнысы қалай?” Ақтөбелiктердiң сауалына жауап керек.
Өткен аптаның жұмасында облыс әкiмi Елеусiн Сағындықов қызметiнен кеттi. Осы оқиғада әйтеуiр бiр лауазымды тұлға басымен жауап беруi керек едi. Айтылмаса да кiнәнi облыс басшысына ысыра салғаны көзге көрiнiп тұр. Бiрақ неге екенi белгiсiз, облыс прокуроры не бас полицей, не қауiпсiздiк департаментiнiң басшыларынан Шұбарши қырғынының құрбандары туралы сұралған жоқ. Сағындықов кеткенiмен, қырғын жалғасуда. Жас жiгiттердi аяусыз қыруда. ЖӘНЕ ЕШКIМ ЕШТЕҢЕГЕ ЖАУАП БЕРIП ЖАТҚАН ЖОҚ. Бәрi үнсiз. Ал саяси жағдай алаңдатарлық.
Осы кезге дейiн полицейлердiң әрекетiн түсiнбей қалған жұртшылық ендi погондылардан әйгiлi үштiктiң жендетiн көргендей қорқады. “Сақалдылар” неге тек қырғынға ұшырап жатыр? Қылмыс жасаса, тiрiдей қолға түсiрiп, сотқа неге тартпайды? Әлде оған құқық қорғаушы атынан айырыла бастаған күштiк құрылымдардың әлi жетпей ме? “Жекелеген топтар вахабизммен күрестi сылтауратып Патрис Нокин қолымен Ақтөбедегi ықпал ету алаңын қарсыластардан тазартып жатуы әбден мүмкiн” деген пiкiрлер жиi айтыла бастады. “Сақалдыларды” тiрiлей ұстауға деген полицейлердiң ықыласы жоқ. Соған қарағанда, әлгiдей әңгiмелердiң айтылуы бекер емес сияқты. “Тiрiдей ұстамайтын себебi бар, – дейдi аты-жөнiн атамауды сұраған ақтөбелiк азамат. – Егер Шұбаршидегi оқиғаға қатысы барларды сұраққа алып, ашық сот өткiзсе, көп құпияның бетi ашылады. Олардың артында тұрған ықпалды, танымал адамдардың аттары аталуы мүмкiн. Және “бiзде дiни экстремизм жоқ” деп Қазақстандағы “тұрақтылық пен татулықты” әлемге үлгi еткiсi келетiн Ақорданың өтiрiгi шығып қалады”. Ақтөбедегi саяси ахуал тым шиеленiсiп барады.

Баян СӘРСЕМБИНА,
Ақтөбе
http://www.zhasalash.kz/olke/5087.html