Кеңқияқта полицейлер мен «сақалдылар» атысып жатыр

Коммент өшірілген on Кеңқияқта полицейлер мен «сақалдылар» атысып жатыр

Кеңқияқта полицейлер мен «сақалдылар» атысып жатыр
коллаж

Темiр ауданының Кеңқияқ пен Шұбарши ауылдары өткен жүмадан берi әскери соғыс алаңына ұқсайды. Қазiр Кеңкияқтың жанындағы шағын Қостан орманын Алматыдан шақыртылған арнайы жасақ қоршап тұр. Орманда Шұбаршидың «сақалдылары» бекiнiп алған. Шабуыл жасалған жағдайда олар осы маңнан өтетiн Жаңажол-Кеңкияқ газ құбырын жарамыз деп талап қойды. Орманда қанша сақалдының бекiнгенi белгiсiз, бiрақ ашық алаңқайда он шақтысының өлген денесi жатыр. Орманға қарай қашқан бұларды әскерилер тiкұшақтан атып түсiрген. Осылайша үш күннен берi жергiлiктi ваххабиттер мен полицейлер арасындағы қақтығыс толастар емес.
Оқиға былай басталды: өткен бейсенбiден жұмаға караған түнi кезекшiлiкте отырған жергiлiктi полицейлердi бiр топ сақалды қуып жүрiп атқылайды. Геологтар көшесiндегi туыс­қанының үйiне тығылмақ болып, қаша жүрiп атысқан екi полицей оққа ұшты. Iле-шала Ақтөбеден «Арлан» арнайы жасағы келiп атысқанда сақалдылар ауыл шетiндегi қамысқа тығылғанға ұқсайды. Қамыс өртелген кезде, арасынан «Арлан» қызметкерiнiң денесi табылды. Сөйтiп, бiр күннiң iшiнде 3 полицей оққа ұшты. Жексенбi күнi Ақтөбедегi жедел жәрдем ауруханасына тағы да жаралы үш полицей жеткiзiлгенiн облыстық iшкi iстер департаментiнiң баспасөз қызметi хабарлады.
Бұрынғы Саркөл, қазiргi Шұбарши ауылының «сақалдыларының» денi — 23-25 жастағы жұмыссыздар, көбi бұрынғы колледж студенттерi. Бұлардың ауылдың полицейлерiн атып тастап, жанжалды қасақана тұтандырғаны басы ашық. Ендiгi жерде осы «соғыстың» сценарийiн жасағандардың аты-жөндерi анықталды. Ағайынды Мәмбетовтердiң қолынан шыққан қанды iс дейдi ауылдың адамдары. IIД iздеу жариялаған 6 адамның аты-жөндерi анықталды.
Бұлар — 1984 және 1988 жылы туған Мәмбетов Тоқтарбек пен Ақылбек, 1989 жылы туған Бектемiр Оразов, 1988 жылы туған Мирас Қаражанов, 1988 жылғы Айбек Жұмағазин, 1958 жылғы Қуаныш Әлiмбетов.

Мәмбетов Т.
Мәмбетов А
Жұмағазин А
Әлiмбетов К
Қаражанов М
Оразов Б.
Бiрақ бұлар облыс шекарасынан кетiп қалғанға ұқсайды. Себебi IIД көршi Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыс тұрғындарына осы қылмыскер­лердi көрген-бiлгендерiн хабарлауын сұрап жатыр. Қазiр барлық жерде 6 қылмыскердiң суреттерi iлiндi. Тiптi сенiмдi ақпарат бергендерге 100 мың АҚШ доллары көлемiнде сыйақы да жарияланды. Сонда орманға тығылған жанкештiлер алтауын қашырып жiберiп, өздерi уақыт ұтып отырған болуы керек. Не де болса, бұл — мұқият ұйымдастырылған қанды әрекет. Қазiрде Темiр ауданына баратын барлық автокөлiк жолдарында тексеру қатаң. Тiптi облыстың барлық жолдарында қарулы күзет тұр. Бiрақ сақалды жанкештiлер қашқанда, көлiк жолдарының бойымен қашпайды, елсiз­бен, адам аяғы сирек басатын құмды даламен бой тасалайтыны белгiлi. Не де болса, шетел асып кетудi жоспарлайды. Темiр ауданының аржағы Атырау, Маңғыстаудың шөлдi даласы, әрi қарай Иран тиiп тұр.
Осы кезге дейiн мұсылмандардың дiни басқармасын мойындамай, осында жiберiлген имамдарды түрлi әрекеттермен қорқытып-үркiтiп сыйдырмай жiберетiн де, өздерi Мысырдан имам шақыруды талап ететiн. Қазiр қытай компаниясы мұнай өндiрiп жатқан Кеңқияқтағы әлеуметтiк жағдайдың асқынуы сол 90-жылдардың соңынан басталды. Қазiр вахаббиттердiң ұясына айналған бұрынғы Саркөл, қазiргi Шұбарши елдiмекенi Кеңқияқтан 3-4 шақырым. Саркөл — бұрынғы «Ақтөбемұнайгаз» геологтарының ауылы. Кеңес өкiметiнде геологиялық барлау жұмыстарына ерекше мән беретiн едi, қытайлар алған соң кәсiпорынның геологиялық басқармасы таратылды да, адамдары тентiреп кеттi. Саркөлдiң бағы осы кезден тайды. Жұмыссыз жұрттың күнкөрiсi қиындады. Елдi маргиналды көңiл-күй басты. Ендi ваххабит болып полицейлермен атысып жатқандар – сол бұрынғы геологтардың балалары. Ақтөбедегi жанкештiлердiң денi — 23-25 жастағылар. 1986-87 жылдары дүниеге келiп, 1992-93 жылдары мектеп табалдырығын аттағандар. Әлеуметтiк жағдай асқынып, жұмыссыздық күшейiп, ата-ананың сағы сынып тұрғанда мектепке барғандар. Осы мәселенi назарда ұстаған жөн. Әрi ваххабит болып жүргендердiң денi Ақтөбе колледждерiн тәмамдап, жұмыссыз жүрген жастар екенiн де ұмытпау керек.
Бiз алдыңғы мақалаларымызда Ақтөбенiң мұнайлы аудандарының елдiмекендерiнде экстремистiк топтардың күшейiп жатқанын талай жазғанбыз. Атырау мен Маңғыстау облыстарында да жағдай жетiсiп тұрған жоқ. 4 мың адам тұратын шағын Шұбаршидiң бiрiн-бiрi танитын жастары ваххабит пен полицей болып атысып жатқанынан артық қандай сұмдық болуы керек? Қазақты жiк-жiкке бөлудi жоспарлағандар осылайша мақсаттарын жүзеге асыруға кiрiстi. Ендi не iстеу керек? Ақтөбе облысының тұрғындары байыпты, анау-мынауға ере бермейтiн, әсiреқызылға әуес емес. Елдiң iргесi осылай қалыптасқан. Ендi не болды? Қазақтың бiрiн-бiрiн өлтiруi деген не сұмдық? Жазықсыз оққа ұшқан 30 және 39 жастағы ауыл полицейлерiнiң жазығы неде? Осыдан кейiн де Ақордадан әдемi сөйлеп, “бiзде тұрақтылық орныққан, тамаша” деп елдi қашанғы алдап отыра бермекпiз. Бiрiн-бiрi ата берсе, бұл қырғын басқа облыстарға да таралып, жалғасып кетiп жүрмей ме? Не iстеу керек? Дiни басқарманы мойындамайтын, құқық қорғаушыларға оқ атуды жұмаққа барудың жолы деп санайтын топтың жолын қалай кесу керек? Әлде елдiң тыныштығын бұзу жоспарланған үлкен жобаның бiр тармағы ма бұл?

Баян СӘРСЕМБИНА,
Ақтөбе
http://www.zhasalash.kz/olke/4929.html?lang=kz

Кеңқияқ қасiретi

Коммент өшірілген on Кеңқияқ қасiретi

9 адамға қарсы 8 күндiк шайқаста 4 полицей оққа ұшты
8 шiлдеде кешкiлiк Кеңқияқ елдiмекенiнде тағы бiр полиция қызметкерi оққа ұшты. Ол – Шұбаршидегi жағдайға байланысты жiберiлген IIМ «Сұңқар» арнайы жасағының сарбазы – Айболат Иманбаев. Мұнымен бiр кезде үйден 50 метр жерде тұрған Кеңқияқ учаскелiк полицейi Тұрарбек Ешпағанбетов жараланды. Осылайша Мұнайшылар көшесiндегi №2 үйдi қоршамақ болып жеткен топты, үйде тығылып жатқандар снайпер оғымен қарсы алды. Кешкi сағат 9-дар шамасында басталған атыс ертеңгiлiк түскi сағат 12-ге дейiн тоқтаусыз жүрдi. Осы үйде Шұбаршиде полиция қызметкерлерi Нұрлан Алтынбай мен Айдос Боранбайды атып тастаған 6 күдiктi жасырынып жатқан. Мұның алдында ғана Шұбаршидiң iргесiндегi қамыс арасына жасырынған топ Кеңқияқ елдiмекенiнен қалай шықты? Қамыс пен тоғайды қоршап тұрған IIМ «Сұңқары»мен «Бүркiтi» оларды қалай көзден таса еттi? 9 адамға қарсы 8 күндiк шайқаста 4 полицей оққа ұшса, погондылардың шамасын байқай берiңiз.

Айтпақшы, 3 шiлдеде Шұбаршиде күзеттегi полицейлер жасырынып жүрген Бектемiр Оразовтың туған iнiсiн жұрт көзiнше атып тастады. Себеп: полицияның «тоқта» деген бұйрығына бағынбай, көлiгiне мiнiп қашуға тырысқан.
Осылайша Шұбарши содырларымен шайқаста төрт полицей оққа ұшып, алтауы жараланды. 9 шiлдеде Ақтөбе облыстық IIД ұйымдастырған баспасөз конференциясында Шұбарши тобының түгелдей көзi жойылғандығын мәлiмдедi. Бұлар: 1984 және 1988 жылы туған Мәмбетов Тоқтарбек пен Ақылбек, 1989 жылы туған Бектемiр Оразов, 1988 жылғы Мирас Қаражанов, 1988 жылы туған Айбек Жұмағазин және 1968 жылғы Қуаныш Әлiмбетов. Бұлармен қоса осы үйде бекiнген тағы да 3 адам ажал құшқан. Барлығы да Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөлдiң тұрғындары. 1 шiлдеден берi полицияға қарсылық танытқан тараптан қаншасының көзi жойылғаны туралы ақпаратты полицейлер жарияламай отыр. Бұларды тiрiлей қолға түсiру мүмкiндiгi болмады ма деген сұрақтың басы ашық. «Түнге дейiн берiлiңдер» деген талапқа құлақ аспады деген жауапты естiдiк. Таңертең басталған операция қарғыс атқан Мұнайшылар көшесiнде сақалдылар бекiнген №2 үйдi жер бетiнен жоқ қылды. Гранатомет, БТР қолданылған. Сөйтiп,
1 шiлдеден бастап елдiң қауiпсiздiгiне селкеу түсiрген шұбаршилiк топ өздерiмен бiрге үлкен құпияны ала кеттi. Олар неге түнiмен ауыл полицейлерiн қуып атқылады? Погондылар бұлардың жолдарын қай жерде кестi?
Ресми ақпарат: “алтауы ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерi, ұзақ уақыттан берi құбырлардан мұнай ұрлаумен айналысқан”. Бiрақ өлтiрiлген соң қарақшылық топқа жатқызылды. Мұнай ұрлаушы болса, мұнайды ұрлатушы да бар емес пе? Ауылдың жұмыссыз қазағының қарулы күзет тұрған Жаңажол мен Кеңқияқтағы мұнай сақтайтын орындардан мұнайды жалаңаш қолмен алып кетпейтiнi белгiлi. Яғни ұрлайтын көлiктерi, қарулары болуы мүмкiн. Ендеше, бұларды кiм қаржыландырды? Бұл – бiр. Екiншiден, адасқан 6 марқұмның тең жартысы қытай компаниясының вахталық жұмысшылары. Бұлар 1 мамырдан берi жұмысқа шықпаған. Үшiншiден, бас штаб – Шұбарши мешiтi –ваххабиттердiң жергiлiктi ұясы екендiгi айтылмайды. Айтпақшы, осы мешiттi тұрғызған Азамат Кәрiмбаев 2010 жылдың желтоқсанында «терроризм» бабымен сотталып, Арқалық түрмесiнде жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Жалпы, Шұбарлықтардың шұбарлы жолы соңғы жылдары Кавказ бен елiмiздiң батыс облыстары арасында сайрап жатқаны құпия емес. Биылғы мамырдың 17-сi күнi облыстық қауiпсiздiк департаментiнiң кiреберiсiнде өзiн-өзi жарып жiберген Рахымжан Махатовтың да осы тараппен байланысы болды. Махатов iсiне қатысты 8 адам ұсталып, барлығы Астана түрмесiне қамалған.
Жалпы, облыста мұнай өндiрiлетiн Темiр мен Қандыағаш аудандарында ваххабизмнiң ұясын салуы 2000 жылдардан басталды. Шұбаршидiң «Ақмешiтi» сол уақыттан берi басқа бағытқа көңiлдерi құлаған жастарға толды. Бұлар – қарапайым отбасыдан шыққан, жағдайлары төмен қазақ балалары. Жастары жиырманың о жақ бұ жағында. Сөйтiп, ресми билiк пен құқық қорғаушыларға қарсы күш түрiнде қалыптаса бастаған топ пайда болды. Мұның салдары тым өкiнiшке ұласа бастады.
Қытай капиталы құрсаулап тастаған Ақтөбе өлкесiнiң қазақ ауылдарында осындай шиеленiстi жағдай болып отыр. Мұны қалай тоқтатуға болады?
Қалай болғанда да, өмiрге өкпелi, әдiлетсiздiктерден көз ашпаған, тапқаны қара наннан артылмайтын мұнайшы қауымның алаң көңiлiне сырттан келген қарғыс атқыр уағыздың әсерi мықты болып тұр.
Қан төгiлдi. Қазақ қазақтың қанын төктi. Полицей қазақ пен «сақалды» қазақ болып бiрiн-бiрi өлтiрдi. Қазақтың наным-сенiмiне қара таңба түстi. Лаңкестiк қазақ ауылынан басталды. Бұдан артық қандай сұмдық болуы мүмкiн. Есi дұрыс елде мұндайда қаралы күн жарияланады. Бүкiл ойын-сауық шаралары тоқтатылады.
Қарулы қақтығыстың террорлық әрекет екенiн мойындағымыз жоқ. Тағы да көзжұмбайлық. Көздерi жойылған топты ендi мұнай ұрлаушы қылмыстық топқа айналдырмақшы. Өлгендер сөйлемейдi. Өлген топ құпияны өздерiмен ала кеттi. Атылған адамдар мен атқандардың туысқандарының арасында ендi кек қайтару, өш алу басталып кетпесiн деп тiлейiк. Соның алдын алу керек. Әйтпесе, жергiлiктi, орталық билiктiң де, қауiпсiздiк қызметi басшыларының да жағдайды сырттан бақылаушы ретiнде отыра беретiн түрлерi бар. Төгiлген қан сұраусыз кетпесiн. Ең бастысы, қанды оқиғаның себеп-салдарлары толық ашылуы және халыққа жария етiлуi керек. Оның артында кiмдер тұрса да!

Баян СӘРСЕМБИНА,
Ақтөбе

http://www.zhasalash.kz/olke/4965.html?lang=kz

20 жыл күттiрген атыс

Коммент өшірілген on 20 жыл күттiрген атыс

19 шілде 2011
20 жыл күттiрген атыс

МЕМЛЕКЕТ ДIН IСIНЕ АРАЛАСПАСА, ДIН МЕМЛЕКЕТ IСIНЕ АРАЛАСАДЫ
Пинг‑понг ойыны мен 49 адамның қазасы
Елдi дүрлiктiрген соңғы оқиғалар құдды бiр пинг‑понг ойыны тәрiздi. Ақтөбе облыстық ҰҚК ғимаратында өзiн‑өзi жару, Астанадағы жарылыс, Кеңқияқ пен Шұбаршидегi сақалдылар мен полицейлер атысы, Балқаш колониясынан қашпақ болғандардың өздерiн жаруы… Бiр тiзбектiң буындарынша алма‑кезек жалғасып жатқан оқиғалардан дiни экстремизмнiң белгiсi анық бiлiнсе де, билiк мұны ислам факторымен байланыстырудан аулақ.
Құқық қорғау органдарын аяғынан тiк тұрғызған оқиғалар бүгiн басталмағаны түсiнiктi. Былтыр Ақтау түрмесiнен мұздай қаруланған 21 тұтқынның қашып шығуы таяқтың бiр ұшы ғана. Ресми органдар бұл кезде де түрмеден қашқан бiр топ тұтқынның өздерiн жарып жiбергенiн жасырып қалғысы келген. Бiрақ қашқындардың дiни фанат екенiн жазған журналистер тығырыққа тiрелген тұтқындардың мәшинеге таласа‑тармаса мiнiп, өздерiн жарып жiбергенi жайлы ақпараттың шетiн шығарған‑ды.
Бiр жыл бұрын Ақтау түрмесiнен қашқан 21 тұтқынның 15‑i қаза тапса, 6‑ауы тiрiдей қолға түскен. Қашқындарды ұстау кезiнде арнайы жасақтың 4 жауынгерi жараланды.
Кеңқияқтағы атыс‑шабыста дiни радикалды топтың 10 мүшесi атылып, 2‑еуi ұсталды. Екi поли­цейдi өлтiрген қылмыстық топты ұстау операциясы бiр жетiге созылды. Сақалдылармен атыста арнайы жасақтың 2 жауынгерi оққа ұшты, 5 құқық қорғаушы ауыр жараланды.
Балқаш түрмесiндегi бүлiкте колония күзетшiсi қаза тапты. Бүлiктi басу кезiнде 4 құқық қорғаушы жараланды. Түрмеден қашпақ болған 16 тұтқын өздерiн жарып жiбердi.
Бұған Ақтөбе облыстық ҰҚК ғимаратында өзiн‑өзi жарып жiберген Р.Мақатов пен Астанада ҰҚК маңындағы жарылыс кезiнде опат болған екi адамды қосыңыз.
Осылайша бас‑аяғы бiр жылдың iшiнде екiжақты қақтығыста 49 адам опат болған. Осыған қа­рамастан ресми органдар халықты жоғарыдағы оқиғалардың дiни экстремизммен байланысы жоқ деп сендiрумен әлек. Әр оқиғаның iзiн ала дiни топтардың қатысы туралы әңгiме қозғалса болды, билiк “бiзде ешқандай дiни радикализм жоқ” деп ат-тонын ала қашады. Алайда шындықты мойындамай, жасырып-жабу ең алдымен билiктiң өзiне қауiптi.
Бiр қызығы, ресми органдардың қандай да бiр оқиғаға берер түсiнiгi дайын. Айдың‑күннiң аманында 25 жасар Р.Махатовтың ҰҚК ғимаратында өзiн‑өзi жарып жiберуiн “терракт емес, заң алдындағы жауапкершiлiктен жалтару үшiн соған барды” десе, Кеңқияқтағы атысты да “дiндi жамылған ұйымдасқан қылмыстық топ мұнай ұрлаумен айналысқан” деп қатардағы қылмысқа жатқызды.
Бiр жағы прокуратура бастаған ҰҚК қоштаған ресми органдардың басын құмға тыққан түйеқұс тәрiздi шындықты нелiктен ашқысы келмейтiнi түсiнiктi. “Елде экстремистiк топтар шабуылға көштi” десе, Ақорда сонша әспеттейтiн 20 жылдық тұрақтылықтың iргесi шайқалғаны әшкере болмай ма. Оның үстiне тәуелсiздiктiң 20 жылдық мерейтойында мұндай “ұсақ-түйекке” бола көңiл‑күйдi бүлдiрiп қайтсiн.
Екiншi жағынан дiни фактордың күшейгенiн мойындау – билiктiң өзiне сын. Дүрбелең оқиғалардың белортасында дәстүрлi емес дiн өкiлдерiнiң жүргенiн айтса, бұған ең алдымен дiни ахуалды әлдеқашан уысынан шығарып алған ҰҚК кiнәлi болмақ. Қараптан‑қарап жүрiп ахуалды бетiмен жiберген билiктiң жауапкершiлiгi өз алдына.
Елдi дүрлiктiрген оқиғалардың ортақ тұсы – жарылыс та, терракт те ҰҚК немесе құқық қорғаушыларға қарсы бағытталғаны анық. Сақалдылар мұнысымен өздерiне шүйлiккен құқық қорғаушыларға азуын батырғанға ұқсайды. Демек құқық қорғаушылар дiни ағым өкiлдерiне қарсы күштеу тәсiлдерiн қолданып, қысым көрсеткен болуы әбден мүмкiн. Олай болса, құқық қорғаушылар нелiктен күштеу шараларына барады? Дiни экстремистiк топтармен заң жүзiнде де күресуге болады емес пе. Таяқтың бiр ұшы бiздегi дiни ұйымдар туралы заңның солқылдақтығына барып тiреледi. Бiр жағы заңда дiн мемлекеттен тыс екенi тайға таңба бас­қандай көрсетiлген. “Дiни бiрлестiктер мемлекеттен бөлiнген. Барлық дiндер мен дiни бiрлестiктер заң алдында бiрдей. Ешбiр дiн немесе дiни бiрлестiктер басқаларға қарағанда ешқандай артықшылықтарды пайдаланбайды” (ҚР Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңы, 4-бап).
О бастан дәстүрлi ислам дiнiне артықшылық бермеудiң салдары түрлi секталар мен ағымдарды тайраңдатты. Ал қолында еш қауқары жоқ дiни басқарма елдi адастырып жүрген ағымдарға “тәйт” дей алмайды. Бiзге қарағанда дiн iсi бiршама дұрыс жолға қойылған Ресей христиан дiнiне, православ шiркеуiне айтарлықтай басымдық бередi. Заң жүзiнде. Православ шiркеуiн алдыңғы орынға қояды, қаржылық көмек көрсетедi. Ал бiзде ше? Барлық дiни бiрлестiктердiң заң алдында теңдiгi салафиттер, уахабиттер мен құраниттердiң күшеюiне әкеп соқтырды. Жастардың санасын улап, исламды бұрмалап жүрген 5-6 ағыммен күресуге әзiрге қауқар да, құлық та жоқ.
Өкiнiшке қарай, тамырын әлдеқашан тереңге жiберген дәстүрлi емес дiни ағымдармен тап қазiр күресудiң өзi нәтиже берер-бермесi белгiсiз. Өйткенi о баста заңның солқылдақтығынан кеткен қателiк бүгiнгi салдарға бой алдырды. Елiмiзде дiни бiрлестiк құрудан оңай iс жоқ. Қоғамдық бiрлестiк негiзiнде құрылатын дiни бiрлестiктi құрып, тiркеу үшiн он адам жеткiлiктi. Осы олқылықтың кесiрiнен елде адам санасын улайтын терiс ағымдар мен секталар қаптап кеткен.
Бiр қызығы, дiни ұйымдарды бақылайтын органдар бiр емес, бiрнешеу: Мәдениет министрлiгi жанындағы дiн iстерi жөнiндегi агенттiк, ҰҚК-нiң дiн iстерi жөнiндегi бөлiмi мен жергiлiктi әкiм­дiктiң iшкi саясатындағы дiн iстерiмен айналысатын бөлiмi. Әйткенмен егер бұл ұйымдардың жұмысы бiрiздi болса, көзден таса емес дiни ұйымдар бүйтiп тайраңдар ма едi?
Шегiне жеткен жемқорлық пен салақтық, көзжұмбайлық, дiннiң мемлекеттен бөлектiгiне сiлтей салу, осының барлығы терiс ағымдарға өз дегенiн iстеттi. Алайда мемлекет дiн iсiне араласпаса, ерте ме, кеш пе дiн мемлекет iсiне араласпақ.

ДIН – САЯСИ КҮРЕС ТӘСIЛI
Заңдағы олқылық, ресми органдардың қауқарсыздығы – терiс ағымдардың өршуiне жол ашқан жанама себептер ғана. Ал мұның түпкi себептерi осыдан 20 жыл бұрын бастау алған. “Алдымен экономика, сонан кейiн саясат” ұранын желеу еткен Ақорда 20 жыл бойы тұрақтылық пен толеранттылықтың имиджiн қолдан жасап, iшкi iстерiн боямалап жүрдi. Стратегиялық бағдарламалар мен түрлi жобалар қабылдап, Батыстың көзiн бояп, өз тiрлiгiмен кетудiң салдарынан мемлекеттiк идеология ақсады. Экономикасы мен саясаты бiр жақта, идеологиялық тәрбиесi бiр жақта қалған мемлекет өзiнiң маңызды құрылымынан айырылмақ. Осылайша 20 жыл iшiнде өмiрге келiп, өсiп жетiлген жас ұрпаққа дұрыс көңiл бөлiнбегендiктен, жастарды дiни топтар шырмап алды. Егер Кеңес одағы кезiнде мемлекет бала тәрбиесiне көңiл бөлiп, жастарды бiрiн қалдырмай жұмыспен қамтыса, бүгiнде оның бiрi де жоқ. Ауылда жұмыссыз, бос сенделген жастар бойкүйездiкке ұрынып, тығырыққа тiрелдi. Ұрпақ тәрбиесiне мән бермеген жерде азғындыққа жол ашылмақ. Мұндай жастардың санасын улап алған кейбiр ағымдар жайнамазға жығылуды ғана емес, мұсылмандыққа жат нәрсенi үйретiп, мүлде басқа дүниеге жетелеп жүр.
Сондықтан ендi болып жатқан өзiн-өзi жару, полицейлермен атыс – бұл өзiн 20 жыл күттiрген заңды оқиғалар. Алайда қазiргi жарылыс пен атыс-шабыс ендi бiр 5-6 жылдың iшiнде ойыншық болып қалуы мүмкiн. Себебi дiндi саяси күрес тәсiлiне айналдырғысы келетiндер аз емес. Оның үстiне әрбiр дiни ағымның артында бiр-бiр дөкей тұрғаны жасырын емес. Елдi ала тайдай бүлдiрiп жүрген салафиттер, уахабиттер, құраниттер, өзге де А. Мусин
дәстүрлi емес дiни ағымдардың қолдаушылары сыртта А. Мусинемес, iште.
Мәселен, президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi Аслан Мусиннiң ұлы әрi Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Асылбек Мусин құранит­тердiң көсемi деген алыпқашпа әңгiме баяғыдан өрiп жүр. Оны әзiрге терiске шығарған ешкiм жоқ. Оның “Iзгi амал” атты тiркелген қоғамдық ұйымы құраниттердiң iлiмiн ашықтан-ашық насихаттап жүр. Асылбек Мусиннiң өзi бiрнеше мәрте жоспарлы түрде сұхбат берiп, iлiмiн насихаттағаны тектен-текке емес. Құраннан басқасын мойындамайтын, аят пен сүннеттi жоққа шығаратын құраниттер өз iлiмiн ұлттық доктринаға айналдырмақ ойы бар. АҚШ-ты мысалға алып, исламды реформалау ниетi барын ашықтан-ашық айтып жүрген құраниттер өздерiн ұлттық элита қолдаса екен деген дәмесiн де жасырмайды. Ең қорқыныштысы – құраниттер өз ағымын жалпыұлттық доктринаға – догмаға айналдырғысы келетiнi. Атырау жерiнен бас­тау алған “Iзгi амал” ұйымының жер-жерде 100 мыңға жуық мүшесi бар. Әлемдi саяси және экономикалық тәсiлдер арқылы емес, дiн мен философия арқылы түбегейлi өзгертуге болатынын түсiндiрiп жүрген құраниттердiң теократиялық мемлекет құрғысы бар. Кезiнде Асылбек Мусиннiң ҰҚК қызметкерлерiне дәрiс оқып, өз идеясын әспеттегенi – соның айғағы.
Ел аузында “сақалдылар” аталып кеткендердiң тiлеулестерi де осал емес. Жұрт бұларға Қ. Сатыбалды
қолдау көрсетiп жүргендердiң Қ. Сатыбалдыiшiнде президенттiң етжақын туысы
Қайрат Сатыбалдының барын айтады. Бұл жамағатқа кейбiр депутаттар да қолдау бiлдiрiп жүрген көрiнедi.
Осы сөздер рас болса, сопылардың соңына түсiп, исматуллашылдардың терiсiн сыпырып жүрген “сақалдылардың” нақ өздерi болуы әбден мүмкiн. Олар мұны сопылардың Астанадағы қолдаушысына қарсы бағыттап, қыр көрсетiп жатқандай. Қысқасы, елде өршiп кеткен дәстүрлi емес дiни ағымдар бiр-бiрiнiң тонын терiс айналдырып, тұқыртып жүр. Бұл – дiндi өз пайдасына жаратудың басы ғана.
Егер бұлай жалғаса берсе, ендi 5-6 жылдың iшiнде дiни топтар бiр-бiрiмен қырқысты қойып, билiк үшiн таласқа кiрiсуi бек мүмкiн. Сонда “қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған күннiң” күлi көкке ұшпақ.
Саясаттанушылардың постназарбаевтық кезеңде дiни және ұлттық-патриоттық идеология күш алып, халық осы бағытқа топтасады деген сөзiнiң жаны бар. Мұның алғышарттары қазiр­дiң өзiнде қалыптасты. Дiндi желеу еткен саяси элита дiни идеологияны саяси күрес тәсiлiне айналдырса, ең қауiптiсi осы болмақ.
Әзiрге билiкке қауiп-қатер төндiретiн дiни радикалды күштер толығымен қалыптасып бiтпедi. Бiрақ х сағаты таяғанда ұйымшылдығы саяси партиядан да мықты дiни топтар билiктiң басты қарсыласына айналмақ. Қазiргi билiкке көңiлi толмайтын, өзгерiстi қалайтын халықтың жаңа ислам оппозициясының төңiрегiне топтасуы үрейлi. Мұндай жағдайда халықты күреске бастап шығатын көшбасшылар халықтың өз iшiнен өсiп шықпақ.
Бiрақ билiк үшiн күрес дiни ағымның жетегiнде кеткендердiң қақтығысымен аяқталмайтыны түсiнiктi. Қазақстанда билiкке көңiлi толмайтындардың пiкiрi бiрiздi емес. Билiкке барғысы бар бiр топ теократиялық мемлекет құруды армандаса, ендi бiрi ұлттық құндылықтарды жоғары қояды. Үшiншi топтың дiттегенi – демократиялық жүйеге негiзделген мемлекет құру. Билiктi ауыстырғысы келетiндер әртүрлi идеологияның төңiрегiне топтасса, қантөгiске ұласатын қақтығыстан қашып құтылу қиын. Мақсаты бiр, мүддесi әртүрлi топтардың билiкке жетуге тырмысуы елдi азаматтық соғысқа итермелейдi.
Қалай болғанда да тәуелсiздiктiң 20 жылдығында мақсат-мұраты бiр ұлттық мемлекет құрудың орнына қазақтың бiрiн-бiрi төпелеп, қырықпышақ болуының арты жақсылыққа апармайды. Елдi 20 жыл бойы басқарып келе жатқан Н.Назарбаев саясатының басты олқылығы да осы болмақ.

Ескендiр ЕЛЕМЕС

http://www.zhasalash.kz/saraptama/5011.html?lang=kz

Шырғалаңы мол шұбарши шындығы шыңырауға батып барады

Коммент өшірілген on Шырғалаңы мол шұбарши шындығы шыңырауға батып барады

Ақтөбе облыстық IIД баспасөз орталығының аға инспекторы Ерболат Сарқұловтың айтуынша Шұбаршидегi қылмыскерлер есiрткi пайдаланған көрiнедi. Осылай айды аспанға шығарған аға инспектордың “Сараптама қорытындысы бойынша олардың үшеуiнiң қанынан есiрткi табылды. Олар марихуана шеккен”, – деген сөзiне сенесiз бе? Бұл жай 1986 жылы алаңға шыққан қазақ жастарын КСРО-ның “бұзақы”, “нашақор”, “маскүнем” деп айыптағанына қатты ұқсайды екен. Әрине, бiз желтоқсан ұлт азаттық көтерiлiсiне қатысқан жастарды Шұбаршидегi содырлармен салыстырып отырғанымыз жоқ.
Содырлардың есiрткiге әуестiгi бар-жоғы бiр Аллаға аян. Бiр анығы билiктiң кешегi Шұбарши шындығын бүркемелеуге әрекеттенiп жатқаны болып тұр. Неге? Өйткенi неше жылдан берi Әлемдiк және дәстүрлi дiндер басшыларының съезiн өткiзiп жүрген ел үшiн Шұбаршидегi қанды қырғынды бүркемелеу қажет-ақ. “Әртүрлi ұлттың, әртүрлi дiннiң өкiлдерi бiр үстелдiң басында шүйiркелесiп, бiр дастарқаннан дәм татып, қазiргi әлемнiң тыныштығын бұзған, бейбiтшiлiктiң берекесiн қашырған қауiп-қатерлер жайлы пiкiрлерiн бiлдiретiн” елде дiни экстремизм етек алды деген не сұмдық? Ары-берiден соң “Дiндер басшыларының съезi Қазақстанның әлемдiк аренадағы саяси салмағын ұлғайтқан маңызды шара болды”, – деп шабылған жоқпыз ба? Ал бiрнеше жылдан берi әлем тыныштығына “алаңдаған” елдiң ел аман, жұрт тынышта 15 азаматы қаза тапты. Солардың кейбiрiнiң атын атап, түсiн түстеп өтсек артық болмас.
Ақтөбе облыстық iшкi iстер департаментiнiң баспасөз қызметiнiң өкiлi Алмат Иманғалиев қарсылас жақтан тоғыз адам оққа ұшты деп мәлiмдедi. Мұның алдында аты-жөнi жарияланбаған Кеңқияқ ауылының 26 жастағы күдiктi қолындағы түйiншектi лақтырған күйi “Аллаху акбар” деп айқайлап “БМВ” автокөлiгiне қарай қашқан. Медициналық көмектен бас тартқан ол Кеңқияқ ауруханасына жеткiзiлгенiмен, қансырап көз жұмады. Ал шiлденiң 13 күнi ресми болжам бойынша Әдiлхан Ешнияов өзiн-өзi өлтiрген көрiнедi. Марқұмның жақындары “Әдiлхан полиция бөлiмшесiндегi азаптаудан соң қайтыс болды”, – деген пiкiрде.
Даудың басы маусымның 30-ынан шiлденiң 1-iне қараған түнi Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаевты атып кеткеннен кейiн болғаны белгiлi. Қылмыскерлердi құрықтау барысында жасақ сарбазы Руслан Жолдыбаев пен полиция қызметкерiнiң майор шенiндегi Айболат Иманбаев қаза тауып, бiрнешеуi жараланды. Шұбарши қырғынынан “қарсылас жақтан” бас-аяғы 11 адам көз жұмса, “өзiмiз жақтан” 4 азамат ажал құшты. Әйтсе де бұл ресми ақпаратқа ауыл тұрғындары күмәнмен қарайды. Демек бұл қырғыннан 15-тен артық адам көз жұмуы әбден мүмкiн деген сөз.
Төртеудiң түбiне жеткен алтаудың аты-жөнi белгiлi. Олар: ағайынды Тоқтарбек және Ақылбек Мәмбетов, Айбек Жұмағазин мен Қуаныш Әлiмбетов, Мирас Қаражанов пен Бектемiр Оразов. Ал өзге қылмысқа қатыстылардың кiм екенi әлi күнге дейiн жарияланбады. Шұбарши ауылының байырғы тұрғыны, ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Темiржан Қалимағамбетов пен Ардақ Құбашева олардың Пәкiстанға жиi баратынын айрықша атап өттi. Iздеуде жүрген 6 күдiктiнiң бiрi Айбек Жұмағазиндi “күнде көрiп жүрген өзiмнiң көршiм”, – деген Темiржан Қалимағамбетов оның “жұп-жуас бала” екенiн айтады.
– Бұл қалай болды деп басымыз қатты. Қазақтың ата салтындағы дүниелердi ұстанса қайтедi екен. Вахабит дегендерi бiздi «кәпiрсiңдер» дейдi. Пәкiстанға барып, 3 айлық курстан өтiп келдi. Сол жерде бұзықтыққа тәрбиелеп жiбердi ме, кiм бiлсiн. Дiнге еркiндiк дейдi. Мынадай қырғынға әкеп соқтыратын сол еркiндiктiң көп қажетi жоқ сияқты. Бетiмен кетiп барады. Миллиондаған ақша, автомат кiлең, соның бәрiн қайдан алған? Ана ауылдың милициясын да қоршап алып, оқ жаудырған. Кеше ғана мектептiң түбiне көмiп тастаған автоматтарын алып жатқан кезiнде, бiреуiн жасақтар атып тастады, – дейдi Темiржан Қалимағамбетов. “Ауылда сақалдылар қаптап кеттi деп, кезiнде дабыл көтердiк. Бiрақ ешкiм мән бермедi. Бәленiң алдын алу керек едi”, – дейдi ауыл тұрғыны Ардақ Құбашева.
– Пәкiстанға көп барады. 3-4 ай жоқ болып кетедi де келедi. Астарында – көлiк, қалталарында – ақша. Оның бәрiн қайдан алады? Барлығы жұмыс iстемейдi. Мұнай өндiретiн аймақта тұрамыз. Қытайдың мұнай компанияларында Кеңқияқтан, жергiлiктi жерден бiрде-бiр адам жоқ. Жастар жұмыссыз сенделiп жүрiп, осындайлардың құрығына iлiнiп жатқаны айдан-анық, – деген тың пiкiрдi Ардақ Құбашева алға тартып отыр. “Жұмыссыз сенделiп жүрген” сақалдылардың мұнай ұрлаумен айналысып келгенi жасырын емес. Темiр ауданындағы уахаптар туралы 2008 жылы республикалық “Үш қиян” газетiне Алмас Ұқан жазған екен. Автор мақаласында “Айта кету керек, “уахаби стратегиясының” бiр қыры – мұнайда. Өйткенi қазiр уахаптардың денi мұнай сатумен жағдай жасап алғандар. Олардың көбi қалталы азаматтар”, – деген пiкiрдi жайдан-жай бiлдiрмесе керек.
Олай дейтiнiмiз, Iшкi iстер министрлiгiнде өткен баспасөз мәслихатында IIМ бiрiншi орынбасары полиция генерал-майоры Марат Демеуов: “Ақтөбе облысы Шұбарши кентiнде полиция қызметкерлерiн өлтiрген қылмыскерлер мұнай ұрлаумен айналысып, дiни идеяларды бүркемелеген қылмыстық топ болып отыр”, – деп мәлiмдедi. IIМ орынбасарының сөзiне сенсек, Ақтөбе облысы Темiр ауданының аумағында бiрнеше жылдар бойы ұйымдас­қан қылмыстық топ әрекет етiп келген және олар дiни идеялармен бүркемеленген сол топ негiзiнен мұнай мен мұнай өнiмдерiн ұрлаумен айналысқан көрiнедi. Демеуов аталған оқиға бойынша қылмыстық кодекстiң 96-бабы, 2-тармағы бойынша қылмыстық iс қозғалғанын және содырлардың өмiр бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкiн екенiн тiлге тиек еттi.
Сарапшылардың пiкiрiнше, “Iшкi iстер органдарына қарсы шыққан адамдарды дiни экстремизм тобына жатқызуға толық негiз бар” көрiнедi. Әйтсе де билiк оны ресми түрде мойындамай отыр. Ауруын жасырған өледi деген. Ашығын айтсақ Шұбариден шыққан ши – билiктiң соңғы 10-15 жылда жiберген қателегiнiң ащы сабағы. “Әртүрлi ұлттың, әртүрлi дiннiң өкiлдерiн бiр үстелдiң басында шүйiркелестiргеннен” мүйiз шықпайтынын уақыт өзi-ақ дәлелдеп бердi.

Жансерiк ШҮРЕНБАЙ.
Р.S. 2010 жылдың 30-ынан наурыздың 1-iне қараған түнi Шұбарши ауылында Қазақстан президентi Н.Ә.Назарбаев отбасының шетелдегi жылжымайтын мүлiктерi туралы мыңдаған үнпарақ таратылған. Қазақ және орыс тiлiндегi үнпарақтар аудан орталығы Шұбарбұлақта емес, 4 мыңдай ғана тұрғыны бар Шұбарши ауылында пайда болуы қайран қалдырады.

http://www.zhasalash.kz/kogam/5038.html?lang=kz

Ақтөбеде адамды атып тастау әдетке айналып барады

Коммент өшірілген on Ақтөбеде адамды атып тастау әдетке айналып барады

26 шiлде күнi жергiлiктi уақытпен таңертеңгiлiк сағат 7-де Ақтөбе қаласындағы ағайынды Жұбановтар көшесiндегi 300-үйдiң тұрғындарын полицейлер “газ жарылуы мүмкiн” деп қорқытып, үйлерiнен қуып шыққандай болды. Қоса-қабат тұрған көп қабатты үйдiң 70 пәтерiнiң адамдары көлiкке мiнгiзiлiп, алысқа әкетiлдi. Жарылыс болуы мүмкiн дегесiн жұрттың зәресi ұшып, абдырап қалды. Бiрақ осы маңға не өрт сөндiрушi, не апатты газ қызметiнiң көлiктерi келмедi. Сөйтсе, осы үйдiң 6-қабатында тұратын күдiктiнi ұстау операциясы басталмақшы екен…
Сағат 11-дiң шамасында үйдiң жанына тоқтаған жүк таситын “Газель” көлiгiне 2 полицей қара полиэтилен пакетке ораған жас жiгiттiң денесiн гүрс еткiзiп лақтыра салды да, жүрiп кеттi.
1987 жылы туған 24 жастағы Тимур Аббасұлы Оразбековтi осылайша дүйсенбiде полицейлер пәтерiнде өлтiрдi.
1937 жылдың қандықол жендеттерiнiң қимылын елестетiн осы көрiнiс ақтөбелiктердiң көңiлiне қорқыныш сезiмiн тудырды. Ертеңгi күнге деген үрей күшейдi. Ақтөбе бұрынғы бейқамдықтан айырылды.
Iле-шала өткiзiлген баспасөз мәслихатында IIД баспасөз қызметiнiң бастығы Алмат Иманғалиев бұл оқиғаның Шұбаршидегi жағдайға еш қатысы жоқ деп мәлiмдедi. Бұл жiгiт түнде қылмыскерлердi құрықтау кезiнде қашып кеткен, оның 3 сыбайласы түнде қолға түстi. 4 жiгiт 22 шiлдеде бiр адамды өлтiрдi деген айыппен тұтқындалуы тиiс екенiн мәлiмдедi. Бiрақ баспасөз өкiлi қандай қылмысқа қатысты болғанын, кiмдi өлтiргенiн ашық айтпады.
Осы үйдiң тұрғындары 6-қабатта бiрнеше сақалды жiгiттiң пәтер жалдап тұрғандарын мәлiмдедi. Олар балағы шолақ шалбар киетiн және ұп-ұзын сақалдары бар деп айтты. Кеше кешкiлiк сағат 8-де олардың бiрiнiң жоғары қабатқа көтерiлiп кеткендерiн де хабарлады.
Сонымен Шұбаршидегi қандықол операцияда қаза тапқан жастардың қатарына тағы бiр марқұм қосылды.
Шiлденiң 25-iнен 26-ына қараған түнi Ақтөбе қаласының ескi бөлiгi Құрмыш ауданының тұрғындары түнiмен автомат даусын естiгендерiн, әлдекiмдердiң бiр-бiрiмен түнi бойы атысқандарын айтып отыр. Бiрақ ешкiм ештеңе бiлмегендей түр танытады.
Бiр нәрсе анық: полицейлер мен “сақалдылардың” арасында соғыс жүрiп жатыр. Бiр-бiрiнен өш алу соғысы басталды. Полицейлер қолдары қалтырамастан 23-25-тегi жас жiгiттердi аяусыздықпен жойып жатыр. Ағайынды Жұбановтар көшесiндегi жұрттың көзiнше полицейлер Тимур Оразбековтi оққа байлап, жүк көлiгiнiң үстiне лақтыра салып, тайып тұрғаны рас. Президенттiң “ дiни экстремизммен күрес” жөнiндегi тапсырмасын Патрис Нокиннiң командасы Бериядан асып түскендей қарқынмен iске асыруға көштi.
Вахабизммен күрес басқаша сипатқа ауысып барады. Полицейлер сақалды жiгiттердi тiрiлей ұстауға аса мүдделi емес сияқты. Ретi келсе, тек көздерiн жойғанды ойлайтындай. Сiрә, сондай тапсырма алса керек. Кейбiр пiкiрлерге қарағанда, Шұбаршиден басталған қанды қырғын дiни ағыммен күрес емес, өңiрге ықпал ету алаңын бәсекелестерден тазарту соғысы сияқты. Уахабшылар радикалды күштер, бұларға бәсекелес топтың кiмдер екенiн ақтөбелiктер айтпаса да жақсы бiледi.
“Қауiпсiздiк кеңесi шұғыл мәжiлiс шақыртып, Ақтөбедегi алаңдатарлық жағдайдың шындығын ортаға салсын. Президент қолынан генерал шенiн алған бас полицей Патрис Нокиннiң өзi жауап берсiн. Ол неге жұрттың бәрiн өлтiрiп жатыр? 10-нан астам қазақтың жас жiгiтiнiң қанын арқалаған осы лауазымды тұлға Шұбаршидiң қанды қырғынынан берi жұрт алдына еш шыққан жоқ. Баспасөз қызметiнiң екi жас жiгiтiн ғана сөйлетiп, өздерi тасада бұғып отыр. Мұнысы қалай?” Ақтөбелiктердiң сауалына жауап керек.
Өткен аптаның жұмасында облыс әкiмi Елеусiн Сағындықов қызметiнен кеттi. Осы оқиғада әйтеуiр бiр лауазымды тұлға басымен жауап беруi керек едi. Айтылмаса да кiнәнi облыс басшысына ысыра салғаны көзге көрiнiп тұр. Бiрақ неге екенi белгiсiз, облыс прокуроры не бас полицей, не қауiпсiздiк департаментiнiң басшыларынан Шұбарши қырғынының құрбандары туралы сұралған жоқ. Сағындықов кеткенiмен, қырғын жалғасуда. Жас жiгiттердi аяусыз қыруда. ЖӘНЕ ЕШКIМ ЕШТЕҢЕГЕ ЖАУАП БЕРIП ЖАТҚАН ЖОҚ. Бәрi үнсiз. Ал саяси жағдай алаңдатарлық.
Осы кезге дейiн полицейлердiң әрекетiн түсiнбей қалған жұртшылық ендi погондылардан әйгiлi үштiктiң жендетiн көргендей қорқады. “Сақалдылар” неге тек қырғынға ұшырап жатыр? Қылмыс жасаса, тiрiдей қолға түсiрiп, сотқа неге тартпайды? Әлде оған құқық қорғаушы атынан айырыла бастаған күштiк құрылымдардың әлi жетпей ме? “Жекелеген топтар вахабизммен күрестi сылтауратып Патрис Нокин қолымен Ақтөбедегi ықпал ету алаңын қарсыластардан тазартып жатуы әбден мүмкiн” деген пiкiрлер жиi айтыла бастады. “Сақалдыларды” тiрiлей ұстауға деген полицейлердiң ықыласы жоқ. Соған қарағанда, әлгiдей әңгiмелердiң айтылуы бекер емес сияқты. “Тiрiдей ұстамайтын себебi бар, – дейдi аты-жөнiн атамауды сұраған ақтөбелiк азамат. – Егер Шұбаршидегi оқиғаға қатысы барларды сұраққа алып, ашық сот өткiзсе, көп құпияның бетi ашылады. Олардың артында тұрған ықпалды, танымал адамдардың аттары аталуы мүмкiн. Және “бiзде дiни экстремизм жоқ” деп Қазақстандағы “тұрақтылық пен татулықты” әлемге үлгi еткiсi келетiн Ақорданың өтiрiгi шығып қалады”. Ақтөбедегi саяси ахуал тым шиеленiсiп барады.

Баян СӘРСЕМБИНА,
Ақтөбе
http://www.zhasalash.kz/olke/5087.html