Басшылық тарапынан қысым көрген ақтөбелік мұнайшылар мен жүргізушілер мұңдарын облыс әкіміне шақты. Рас, әкімге кіру оңайға соқпады. Оларды тәртіп сақшылары тоқтатып әлек болды. Бастапқыда үш адам болып облыс басшысы Елеусін Сағындықовтың қабылдауына жазылған жұмысшылардың қарасы көбейе түсті. Осы маңда өтіп бара жатқан қалың жұрт, әкімдік алдында шерудің басталып кеткеніне сенімді еді.
Ақтөбе мұнайын сорып отырған Қытай алпауыты – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының былтырдан бергі арманы жұмысшыларын аспан асты еліндегі көлік компаниясына ауыстыру. Өткен жылы шу шығып кетіп, «СНПС» басшылығы бұл әрекетін тоқтатқан сыңай танытты. Бірақ араға айлар салып барып, қайта көтергісі келеді. Көтергені несі, Қытай ұлттық көлік (!) компаниясы Ақтөбе жерінде тамыр жая бастапты. Мұны қалың бұқара түгілі мұнайшылар мен жүргізушілердің өздері аңдамай қалғанға ұқсайды. Басшылық қара жұмысшыларды біртіндеп, жеке-дара шақырып, бір серіктестіктен екіншісіне ауысуға мәжбүрлеп жатса керек.
– Бізді Мамандандырылған көлік басқармасынан шығарып, жаңадан құрылған көлік басқармасына ауысуымызға көндіріп бағуда, – деп бастады назын облыс әкімінің қабылдауында болу бақыты бұйырған жұмысшылар. Олардың бас-аяғы 40-қа жуық. Қатарында жүргізушілер, тракторшылар бар.
Топ белсендісі Қарлыбай Толыбаевтың айтуынша, Ақтөбе мен Қандыағаш автомобиль парктерінің жұмысшылары басшылықтың ықпалымен жаңа құрылымға ауысып үлгерді.
– Дегенмен Жаңажол мен Кеңкияқ жұмысшылары бас тартып отыр. Ертең жаңа серіктестікте қандай кепіл бере алады? Сөзге сенбейтін болдық. Мұнайшы деген мәртебеден айырып тастаса тағы оңайға соқпайды. Былтыр аса белсенділік танытты деп үш адамды жұмыстан қысқартты. Жаңажол кен орнында 20 жыл еңбек еткеніме қарамастан, мені де далаға тастады, – дейді ол.
Кездесуге келгендер айлықтың төмендігін, азық-түлік бағаларының шарықтап бара жатқандарын айтып налыды. Әкімге кірген мұнайшылар қандай да бір нақты шара қолдануды талап етті.
Айта кетейік, облыс әкіміне дереу облыс прокуроры мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының екі орынбасары да шақыртылды.
Тараптар көп кешікпей, үшжақты комиссия құрылып, мән-жайды заң аясында зерттеу керек деп тапты.
Бірден айта кету керек, мұнайшылардың талаптары орындалмаса, олар бұдан да ауқымды шараларға баруға дайын. Ызаға булығып отырған қара жұмысшылар тіпті «маңғыстаулық әріптестерімізден қай жеріміз кем» деп отыр. Бүгінде олар көрші облыстардағы мұнайшылардың тағдырын жіті қадағалап, олардан мейлінше шеру ұйымдастыруда «мастер-класс» алып отырғанға ұқсайды.
Тағы бір жайт, бұл ретте, жалақы мен еңбек жағдайы мәселесінен өзге, Ақтөбе мұнайшылары Қытай ұлттық көлік компаниясының қазақ жерінде жұмыс жасауына қарсылықтарын былтыр да танытқан болатын.
Бұл байбаламның жеке жұмысшы қамы емес, жалпы ұлттың болашағына да білдірген алаңдаушылық деп санаған жөн. Аспан асты елінде Ұлттық мәртебесі бар мұнай компаниясы онсыз да қара алтынды өз еліне тасымалдап келеді. Оның қызығын көріп отырған жергілікті қара халық жоқ. Миллиардтаған тонна мұнай Қытай асып, Жаңажол қазағы құдайдың қара тас жолына зар болып, облыс орталығына жете алмай дал. Саркөл, Кеңкияқ сынды мұнайлы, ауқатты емес, бейшара ауылдардың тұрғындарының денсаулығы да мәз емес. Тыныс алу жолдары улы газға уланып, кеңсіріктері қақырыққа толып, өкпелері күркілдеп жүргендер аз емес.
Бір айдың он бес күнінде вахталық әдіспен жұмыс жасайтын жұмысшылардың тістері күкіртсутек газынан босап, шетінен түсіп жатыр. Сырттан барған халық бұл өңірдің иісіне тұншығып, мұрындарын басады. Әуеде улы газ лаулап тұр. Әсіресе Саркөл маңындағы желсіз күндері тұралап тұратын қара бұлттар (газ – авт.) да еңсені басады.
Алып елдің ақпарат құралдары жергілікті тұрғындардың жайын нетсін?! Алдымен, мұнай баррелінің бағасын хабарлайды. Өндіріс көрсеткіштерін паш етер. Одан түсетін табыстың (әрине, қазақтың емес – авт.) мөлшерін айтып отырады.
Ал иен байлықтың үстінде отырып, аз ақшаны талғажау ететін денсаулығы жоқ қара мұнайшы – қытай компаниялары тамырын жайып жатқан қазақ даласының болашағына алаңдап қояды.
Марат ТӨЛЕПБЕРГЕН
Ақтөбе облысы
Пікір қалдыру