Ақтөбе мұнайшылары осы аптада жергілікті әкімдік алдына жиналды. Бейбіт шеруге шыққандар қытайлық «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына қарасты Мамандандырылған көлік басқармасының Қытай ұлттық көлік компаниясына өтуіне қарсылықтарын білдірді. Жергілікті жұмысшыларды еңбек жағдайы мен жалақы мөлшері де алаңдатады. Облыс басшысы Елеусін Сағындықовқа наз айтқан мұнайшылар қытайлық инвестордың саясатына да көңілдері толмайтынын жеткізді.

 

Аспан асты еліндегі алып көлік компаниясының Ақтөбеде тамыр жаятыны жөнінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының бас директоры Сюй Кэцян былтыр көктемде хабарлаған еді. Екі мыңнан астам жүргізушісі бар Мамандандырылған көлік басқармасы негізінде Қытай ұлттық көлік компаниясы бөлімшесінің құрылатыны, шыны керек, көпшілікті шошытты. Байбалам салған қазақ мұнайшылары қытайлық компаниялардың қазақ жеріне жанталаса еніп жатқанын айтып, компания басшылығының бастамасын тоқтатуға тырысып бақты. Райынан қайтқан қытайлықтар мекемеде қайта құрудың болмайтынын айтып, шу басылғандай болып еді.

Арада бір жыл өткенде бұл мәселе қайта ушыға түсті. Бақсақ… Қытайдағы ұлттық мәртебесі бар көлік құрылымы Ақтөбеде өз жұмысын бастап кетіпті.
Облыстық әкімдік алдына жиналған 70-ке тарта жұмысшы БАҚ өкілдеріне көптен бері басшылық тарапынан қысым көргендерін жеткізді.
– Қысым көрсеткені былай тұрсын, техникаларымызды тартып алды. Әкімге жолығатынымызды білген соң ғана саябырсыды. Егер жаңадан құрылған серіктестікке ауыспасақ, қосалқы бөлшектердің берілмейтінін айтты. Қазір бөлшектерді өз қаражатыма сатып алуға мәжбүрмін, – дейді тракторшы Садық Өміров.
Тағы бір тракторшы Хасен Құлмұратовтың айтуына қарағанда, компания басшылығы былтыр қайта құрудың болмайтынын айтып сендірген.
– Басшылық сөзінде тұрмады. Жұмысшыларды біртіндеп шақырып, жаңа мекемеге ауысуға көндіріп жатыр, – дегенді жеткізді ол.
Жұмысшылардың айтуынша, олардың көбі жаңа серіктестікке мәжбүрлі түрде ауысқан. Тек Кеңкияқ пен Жаңажол жұмысшылары ғана райларынан қайтпай отыр. Олардың негізгі талабы – үштарапты комиссия құрып, мәселені оңтайлы шешу.
Әкімдікке енген мұнайшылар әкіммен кездесу мүмкіндігіне ие болды.
Қытайлық компания өкілі мұнайшылардың жаңа мекемеге өз еріктерімен ауысқанын айтып, сендіргісі келді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, мұңын шаққан мұнайшылар сатып алынатын техника сапасының төмендігін де айтқан. Сондай-ақ, Кеңкияқ елді мекеніндегі №2 автопаркінің жүргізушілері мекемедегі жетекшінің әлі тағайындалмай келе жатқанын тілге тиек етті. Жалақы мәселесі де сөз болды.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Рахметолла Мүсіркегеновтің хабарлауынша, қазіргі таңда тек Кеңкияқ пен Жаңажол елді мекендері жұмысшылары жаңа құрылымға ауыса қоймаған. Жағдай бірқалыпты көрінеді.
– Жұмысшыларды ешкім мәжбүрлей алмайды. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына қарасты Мамандандырылған көлік басқармасында жұмыстарын істей бермекші. Техникаларын да ешкім тартып ала алмайды, – деп сендірді ол.
Ал, облыс әкімі Елеусін Сағындықов Рахметолла Мүсіркегеновке қарап, №2 автопарк жетекшісін тағайындауды шегелеп тапсырды.
– Сіздер жұмысшылардың жағдайын терең түсінбейсіздер. Олардың болашағы не болмақ? – деді облыс жетекшісі.
Тараптарды мұқият тыңдаған облыс басшысы Елеусін Сағындықов үшжақты комиссия құру қажеттігін айтты. Әкім өзінің орынбасары Сара Нұрқатоваға дереу үштарапты комиссия құрып, оның жұмысына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ басшылығы мен Мамандандырылған көлік басқармасы жүргізушілерін шақыруды тапсырды. Осы орайда, облыс прокуроры Виктор Корчагин де өз орынбасарларының біріне комиссия мүшелеріне құқықтық кеңес беруді тапсырды.

Ақтөбе облысы