Астанада «Қадір қасиет» қоғамдық бірлестігі құқық қорғаушыларға семинар-тренинг өткізген болатын. Тренерлердің бірі – «FrontLine» халықаралық құқық қорғаушыларды қорғау ұйымының үйлестірушісі Анне Риммермен тілдесудің сәті түскен-ді.
Айта кетейік, Анне РИММЕР – Біріккен Корольдіктегі «Амнести Интернешнл» ұйымында 15 жыл қызмет еткен. Ал «FrontLine» (Ирландия) ұйымы атынан әлемнің 50 мемлекетінде 300-ден астам құқық қорғаушыға қалай қорғану жөнінде дәріс оқыпты.

– Анна ханым, қазіргі құқық қорғаушылардың жағдай қалай, сіздіңше?
– Бүкіл әлем бойынша құқық қорғаумен айналысатындар тәуекелге бел буады. Қызметіне байланысты түрлі қауіп-қатерге кезігулері мүмкін. Сондықтан адамдардың құқықтарын қорғаймыз деп жүргенде өздерінің жеке қауіпсіздігін ұмытып кетеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұлттық және халықаралық заң талаптарының қолданылу аясын білім беру бағдарламалары арқылы кеңінен түсіндіру керек деп есептеймін. Кей жерлерде құқық қорғаушыларға күш көрсететіндер де табылады. Тіпті түрмеге қамап тастауға дейін барады.
– Құқық қорғаушылар өздерінің белсенділігін қалай жүзеге асырады?
– Бұл сұраққа жауап беру қиын. Әркім өз шамасына қарай белсенділігін көрсете алады. Біреуі жағымсыз сұрақтар қоюы арқылы, өзгелері заң тетіктерінің дұрыс қолданылмай, заң талаптарының бұрмаланып жатқанын көрсетуі мүмкін. Сынға алады.
– Қазақстанға жолыңыз түсіп, осы елдің құқық қорғаушыларына дәріс оқыдыңыз. Өзге мемлекеттегі әріптестерімен салыстырғанда бұл елдің құқық қорғаушыларының деңгейі қандай екен?
– Мен, расында да, қазақстандық құқық қорғаушылардың жұмысына таң қалдым. Тіпті олардың кейбірінің отбасы мүшелеріне де төнетін қауіп бар екен. Алайда, жалпы әлем бойынша құқық қорғаушы өзінің, отбасының қауіпсіздігінен гөрі қорғалатын топтың мүддесін жоғары қойып жататыны белгілі. Бір айта кететінім, өзге елдерде құқық қорғаушылардың отбасы мүшелеріне қауіп деген атымен жоқ. Қазақстандағы құқық қорғаушыларға өзін қорғау стратегиясы жетіспейді. Бұл ретте қауіптің төніп тұрғанын білу аздық етеді, оның қайдан, кімдерден төніп тұрғанын да екшелеп алу керек.
– Ал, Қазақстанмен бауырлас мемлекеттердегі ахуалдарды біліп көрмедіңіз бе?
– Өзбекстанда, Түркімен елдінде құқық қорғаушылар түрмелерде отыр. Егер олардың білімдерін арттырып, қауіпсіздік стратегиясын үйретсе, жағдай бәлкім басқаша болар ма еді. Өзгені де, өзін де қорғай алар ма еді… Халықаралық ұйымдардың көмегімен түрмелерден босап шығып жатқандар аз емес. Құқық қорғаушыларға халықаралық деңгейде көмек қажет. Өкінішке қарай, жоғарыда аты аталған елдерде құқық қорғаушылар халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгіну қиынға соғады.
– Құқық қорғаушыларға жүктелген міндет қандай, сонда?
– Меніңше, құқық қорғаушының алдында тұрған басты мәселе сол елде тұратын азаматтардың құықтарын аяқ асты еткізбеу. Орындалмай жатқан заң тетіктерін айтып отыру. Егер халық көне беретін болса, заң талаптарының бұзылу жайттары жалғаса беретін болады. Мұндай заңбұзушылықтармен келісуге, әрине, болмайды. Құқық қорғаушы өзгелердің сауатын ашып отыру қажет.
– Сіз де құқық қорғау ұйымында дәріс беріп келесіз. Айналып келгенде, өзіңіздің жеке басыңызға қауіп төнбеді ме?
– Мен «FrontLine» ұйымында дәріс оқығалы ондай жайтқа кезікпедім. Бәлкім, қауіпсіздік стратегиясын дұрыс ойластырып алатын шығармын. Оның үстіне, қамқоршыларым бар. Нақты бір қадамдар жасамас бұрын, ақылдасып отырамын. Жалпы, менің әріптестерімнің арасында небір қиын жағдайларға тап болғандар жетерлік.
Асқар Ақтілеу, «Жас қазақ», № 20, 27 мамыр, 2011 ж.