Киіз атаулының қазіргі таңда қолданыстан «ауылы алыстап» бара жатқаны жасырын емес. Киіздің құдіреті сол оған хандарды ораған. Қазаққа баспана болған қара киіздің қадірін, әсіресе қала қазақтары да түсінер емес. Жарқын болашақта Ақтөбеде қой жүні өндірісі жемісін бере бастауы мүмкін.
Бүгінде нақты шаралар қолға алына бастады. Ескі жүн жуу фабрикасы ғимараты қалыпқа келтірілуде. Өңірдегі қой шаруашылығын зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті құрылымдарға ұсыныс жасалды. Болашақта киіз басу жоспарда бар. Ынталы топ киіз атаулының ұлттық брендке айналу керектігін айтады, заманауи жетістіктерді орынды пайдалану арқылы, киізге реңк келтіре отырып, халықаралық нарықты бағындыруға болатынына сенім мол. «Бояуы қанық, қай жағынан алып қарасаңыз да, тұтынуға қолайлы өнімді алушылар қатары ұлғая түседі» деп үміттенеді бастамашыл топ.
Қайта құру жылдары ұсақ мал шаруашылығының құлдилағаны белгілі. Шаруашылықтар тарасып, асыл тұқымды мал шаруашылығының үлесі 3 пайызға дейін төмендеп қалғаны және бар. 2003 жылы мал басы саны 90-жылдармен салыстырғанда ел көлемінде үш есеге дейін азайыпты, ал жүн өндірісі, мамандардың мәліметінше, 3,5 есеге төмендеген. Бұл жерде айта кету керек, әлемдік тәжірибеде асыл тұқымды қой шаруашылығы жалпы мал шаруашылығының 30 пайызынан кем болмайды екен. Сандарды сөйлетсек, 1990 жылы қой жүні өндірісі Қазақстан аумағында 107,9 тоннаны құрапты, ол кезде қой басы саны 35,7 миллион болатын.
Мұндай көрініс еліміздің батыс аумағы, оның ішінде Ақтөбе облысында да орын алды. Өз кезегінде, үкімет қабылдаған үш жылдық агроөнеркәстіптік бағдарлама аталған саланың құлдырауына тоқтау салып, қой санын жыл сайын 5-6 пайызға көбейтіп отыруға қол жеткізді.
Дегенмен, бұл сала әлі де көркейсе кімге жаман болар еді деген сауал тұр. Елбасы Жолдауында ірі қой шаруашылықтарын құрып қана қоймай, сандық-сапалық көрсеткіштердің де жақсару керектігі сөз болды. Қазақстанның кең байтақ даласы қой өсіруге қолайлы екендігі айтпаса да белгілі. Бұл тұрғыда ақтөбелік ынталы топтың да бүгінгі таңда ерекше ұсынысты қолға алған жайы бар. Тарқатып айтар болсақ, болашақта Ақтөбе облысы аумағында қой жүні өндірісі дамуы мүмкін.
Ынталы азаматтар Мәскеу қаласында «Орталық ғылыми-зерттеу орталығымен» бірігіп жұмыстар атқаруды қолға алды. Аталған ғылыми-зерттеу орталығында ақтөбеліктердің технологиялық жобалары, маркетинг, техникалық-экономикалық негіздемесі мен бизнес-жоспарлары әзірленбек. Сонымен бірге, германиялық алдыңғы қатарлы технологияға көз тігіп отырған ынталы топ көпке қол жеткізетініне сенеді.
Бұл тұрғыда жүн өндірісін негізгі табыс көзіне айналдырған Австралия мен Жаңа Зеландияның тәжірибесіне жүгіну артықтық етпес. Аталған елдер жүннің жіңішке және өте жіңішке түрлерін өндіруге әбден машықтанған.
Жалпы, республикадағы қой жүнінің 31 пайызы жуан қылшықты болып келеді екен. Ал, еліміздің батыс аумағындағы жүн шикізаты базасын сараптай келе, мұндағы қой жүнінің 80 пайызының жуан қылшықты екенін білуге болады.
Бұл ретте жуан қылшықты жүнге сұраныстың жіңішке түріне қарағанда аздығы анық байқалады. Қарапайым мысал – ТМД әскерінің мақтадан тоқылатын камуфляжды киім үлгісіне көшуінің өзі жуан қылшықты жүннен дайындалатын сарбаз шинеліне сұранысты төмендетіп жіберді. Сондықтан да ақтөбелік ынталы топ жүннің осы түрінен киіз басуды басты жоспарға тігіп отыр. Ұсынылмақ жобаның әлеуметтік әрі экономикалық маңызы жоқ емес. Бір келі жуылған жүн 0,6-0,7 долларды құраса, киіз өнімнің келісі 2,5-3 доллар, техникалық киіз 5,5 доллар болады. Мұндай өнімнің қолданылу аясы, мамандардың мәлімдеуінше, автомобиль және машина құрылысы, құрылыс саласы.
Жалпы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару, еліміздің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болып саналады. Бір жағынан кең байтақ далада мал өсіруге қолайлы жағдайлар бар, екінші жағынан алып қарағанда, халықтың жартысынан астамы ауыл аймақтарды мекендейді.
Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және ұқсату қажеттілігі ДСҰ-ға кіру алдындағы актуалды мәселелердің бірі. Мамандардың пайымынша, ұқсатуды дамытуға шикізат жеткізілуінің тұрақсыздығы, шикізат сапасының бірегей еместігі, бәсекеге қабілетті технологияның болмауы және инфрақұрылымның дамымауы қолбайлау болып отыр. Әрине, бұл мәселелердің шешімін табу біршама қаражатты керек етеді.
«Тиісті органдарға шықтық, бізді жергілікті билік қолдайтынын білдірді» дейді «Ақтөбемұнайқаржы» АҚ аграрлық сектор бөлімінің бастығы Дарбек Сұлтанов.
Бүгінде мекеме жүнді алғашқы өңдеу фабрикасының (ПОШ) ескі ғимаратын көздеп отыр. Банкротқа ұшырап, аукцион арқылы саудаланған фабрика ғимаратын жөнге келтіру мақсатында мекеме қомақты инвестиция құйыпты. Айта кетейік, Батыс Қазақстан және Ресей Федерациясының Қазақстанмен шектесіп жатқан 8 облысы арасында негізінен жүнді жуып, өңдейтін ПОШ фабрикасы КСРО дәуірінде қуаттылығы жөнінен екінші орында болған. 38 гектар жерді алып жатқан фабриканың 130 мың шаршы метр аумағында өндіріс және қойма орындары орналасқан. 8 жүн жуатын желісі бар. 5,3 шақырым болатын теміржол кірмесі және бар.
Жалпы, ауылдағы ағайын жүнді ұқсата алмай әлек. Оның үстіне көпшілік мал атаулыны көп ретте жүні үшін емес, еті мен сүті үшін бағатыны белгілі. Ал, өңделмеген мал терісі тиын-тебенге «тапсырылады». «Сатылған терілер шетел асып қымбат бағамен өзімізге қайтып келеді» деп «қызғаныш» не «өкініш» білдіретіндей дәнеңе де жоқ. Өйткені онсыз да сапасыз тері атаулының сырт елдердеде кәдеге жарап қалуы неғайбыл.
Егер жоғарыда сөз болған бастама аяқсыз қалмай, барлығы ынталы топтың ойындағыдай болса, қалың қазақ жұрты малының жүнін баптап, сапаға да мән бере бастауы ықтимал. Бұл кезде мұнайға сенген қазақтың ауыл шаруашылығы, оның ішінде жүн өндірісінің қарқынды дамуы әбден мүмкін.
Пікір қалдыру