Ақтөбе облысындағы Хромтау қаласында Александр Машкевичтің меншігіндегі ENRC-ге қарасты «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ Дөң кен байыту комбинатының мыңнан астам жұмысшысы соңғы 20 күнде екі рет наразылық шеруіне шықты. Кеншілер қойған басты талап – еңбекақыны дұрыс есептеу.
Осы уақытқа дейін әрбір кеншінің алдына 45 метр жер қазу міндеті қойылса, есеп-қисапқа сол қазылған құлаш тереңдік 90 сантиметр болып түседі екен. Соның нәтижесінде 45 метрдің екі метрі өзінен-өзі «жоғалып» кетеді. Ал жоспардың «орындалмай қалғанын» сылтауратқан есепшілер кеншілердің жалақысын қырқып тастайды. Алаңға шыққан жұмысшылар «жалақы төлеу жүйесінің түсініксіздігі мен адал еңбекке жасалып жатқан қиянат тау-кен саласы жұмысшыларын әбден қажытты» дейді.
Алаяқ арифметика
– Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болды, бүкіл стандарт, есеп-қисап, бәрі өзгерді. Ал біздің комбинат ескі кеңестік дәуірдегі есеп айырысу жүйесінен арылғысы жоқ. Айына әр кеншіге 45 метр жер қазу жүктеледі. Егер 45 емес, 43 метр қазсақ, жоспар орындалмады деп, сыйақыны кесіп тастайды. 43 метрді қабылдап алады, бірақ оған ақша төлегісі келмейді. Мұндай адамды мазақ қылатын жүйе осы күнде басшылыққа пайдалы болып тұр. Қазір нарық заманы емес пе? Қанша жұмыс жасадың – сәйкесінше, сонша айлығыңды алуың керек. Ал бізде, керісінше, – дейді «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахтаның жұмысшысы Сергей Нагаец. – Сондай-ақ әр 1 метрді қағаз жүзінде 90 сантиметр деп есептейді. Бұл қайдан шыққан норматив? Кім ойластырған? Неге 1 метр солай 1 метр болып есептелмейді? Неге 10 сантиметрін «жеп» қалады? Бұл жағын басшылық тарапынан ешкім түсіндірмейді. Мектепте 1 метрді 1 метр деп оқыдық. Бізде 1 метр – 90 сантиметрге тең. Түсініксіз арифметика. Әрине, басшылыққа ғана тиімді!
Жер астындағы жұмбақ
Хромтаулық кеншілермен кездескенімізде жер асты байлығының қолды болып жатқанынан хабардар болдық. Аты-жөнін газет бетіне жазбауымызды өтінген бір кенші вагондар мен «Камаз»-дарға тиелетін руданың жартысына жуығы қағаз бетіне түспей, осы өңірдегі теміржол арқылы Ресей асырылатынын жеткізді.
– Егер «Камаз-ға» аузы-мұрнынан шығарып, 25 тонна руда тиесек, қағазға ол 12 тонна болып түседі. Оны есептеп, қадағалап жатқан ешкім жоқ. Хромтауда вагондарға тиелген шикізат тонналап, Никельтау асып, Бадамша арқылы Новотроицкіге жеткізіледі. Ол жерден таудан сырғыған вагон құрамдары Ресей жеріне өтеді. Бұл қитұрқы сызбаны ең үлкен басшы білмеуі мүмкін. Жергілікті басшылар жасырады. Бірақ осы жұмыстың басы-қасында жүрген адамдар ғой. Ел бәрін біліп отыр. – Шахтерлер осылай дейді.
«Алпыс үш – жетем деген жасым ба еді…»
Қол-аяғы 52 жасында-ақ сырқырап отырса, қайта тұруы мұң болған Мақсат Аманжолов зейнет демалысына жететініне сенбейтінін айтады.
– 63 деген қайда, осы күнімде әрең жүрмін. Жұмыс – аса ауыр. Шахтада бір түнде жұтқан қара май тамағымызға қара лай болып ұйып қалады. Таң ата қою қара қақырық көргенде, шошынамыз. Амал нешік?! Мен, екі жыл болды өткелден кетіп, жарылыс жағына ауыстым. Белден – бел қалмады. Жұмыстан діңкеміз құрып шығады. Арамыздағы жігіттер зейнет жасына жетпей өліп кетіп жатыр. Қайтеміз енді, – дейді ол. – Дәл қазір, осы жүрген шахтерлердің жағдайы мәз емес. Денсаулықтары сыр бере бастады. Бүгінгі 25-30 жастағы жігіттер мына түрлерімен 45 жасқа аман-есен жетсе, қанеки?!.
Жалдамалы пәтер қаласы
Өндірісті өлке болған соң, жақын маңдағы ауыл жастары Хромтауға ағылады. Осында жұмыс бар деп, ебін тауып, шахтаға түседі. Бір-екі ай жұмыс жасап, несиеге көлік мініп те үлгеріп жатыр. Алды темір тұлпарларын түйістіріп, гараждарға сақтап қойыпты. Несиенің өсімі болса, әрине, жүріп жатыр.
– Шағын қала болсақ та, көлік міну бәсекеге айналды. Тіпті таза өз айлығына машина мініпті дегенді естісем, мұрнымды кесіп берейін. Мына бесқабатты үйлердегі терезелердегі пластикті де, әйтеуір бірімізден-біріміз қалмайық деп несиеге орнатып жатырмыз. Бір отбасыда 3-4, тіпті 5-6 несиеден бар, – дейді Мақсат Аманжолов. – Ал пәтер іздеп сабылып жүрген жас кеншілер қаншама дейсің?! Бір бөлменің өзі 25-30 мың теңге. Ақтөбенің нарқымен бірдей. Оның өзін табу қиын болып барады. Мекеме үй салған болды. Бірақ айналып келгенде, бағасы 60-70 мың долларға шығып кетті. Әсте бір Алматының үйлері іспетті.
Айлықта шаруасы жоқ жандар
Тағы бір жігіт ағасының айтуынша, ауыл-аймақтардан келген жұмысшылар, шыны керек, айлығының қалай есептеліп жатқанынан хабарсыз.
– Әйтеуір, басшылықтан «аузына түкіріп қойған» жас экономист-маман келіп, сандарды сүйрете отырып, бір соманы айта салады. Оны нақтылап, тәптіштеп жататын кенші жоқ. Сауатсызбыз. Оқымаған. Наданбыз. Сосын келіп, «ағай, сыйақыңыздың қанша болғанын қайдан білесіз?» деп тамсанады, – дейді Мақсат Аманжолов.
Басшылық газетке орташа жалақы 190 мың деп жатыр. Ал ортанқол жұмысшы «ол соманың жартысын да алмаймыз» дейді. Тіпті жалаңсөз болмасын деп, пысықтау келген бір шахтер «несие рәсімдетемін» деген желеумен бухгалтериядан жалақысы жөнінде анықтама алып шықты. Орташа қолға түсетін айлығы 70 мыңның төңірегінде. Бұл – еңбек өтілі 28 жыл, алтыншы разрядтағы Сергей Нагаецтің жалақысы. Ал оның қасында еңбек жолын кеше бастаған сарыауыз, разряды төмен, еңбек өтілі небары санаулы ай болған жұмысшының жалақысы 30-45 мыңның айналасында, тіпті одан да төмен.
«Наразылық сенің не теңің…»
Алғашқы жиын өткеннен кейін-ақ, аса белсенділік танытып, бейнекадрда жылт етіп, көзге түскен белсенді кеншілер бейресми тергеуге алыныпты. Тәртіп сақшылары олардың кейбіріне «әкімшілік жауапқа тартыласыңдар» деп ескерткен көрінеді. Кеншілер «не зобалаң туса да көріп аламыз» деп дайын отыр. Ашынған жұмысшылар жұмыссыз қалатындарына осы күннен іштей дайын. Бірақ «үмітсіз сайтан ғана»…
Қара зат ешуақытта ағармайды!
Хромтау шикізаты салыстырмалы түрде құнарлы рудаға жатады. Ондағы кәдеге асатын өнімнің үлесі көрші Ресейдегі шикізаттан әлдеқайда артық. Соған қарамастан, комбинат басшылығы жергілікті руданы «сапасыз» деп бағалап, жұмысшыларды соған иландырғысы келетін көрінеді. Ондаған жылдар бойы кеніштің, руданың не екенін білетін азаматтардың басшылықтың айла-шарғысымен келіскісі жоқ. Руда – қара түсті, құнарлы әрі бай. Шахтерлердің пайымдауынша, бұл сылтаудың барлығы – маңдай термен табатын ақшаны азайтып берудің әдісі ғана.
– Бір күні келіп, «мына шикізаттың түсі ақ деңдер» десе, амал жоқ, «ақ» деп шыға келеміз бе енді?! Біздің руда мықты. Бірақ әлдебір топтың мұны жоққа шығарып жатқандары – сол ортаның тек өз қалтасын ойлап, халыққа, мемлекетке тиесілі қазбадан өз пайдасын көру ғана, – дейді хромтаулық кеншілер. – Бұл істі шешуге облыстың шамасы жетпейді. Республика деңгейінде, Үкімет деңгейінде шара қолдану керек. Елбасы араласса дейміз… Егер жоғарғы басшылықтың осы көзбояушылыққа нақты көзі жетсе, комбинаттағы орта деңгейдегі бастықтардың жартысын қылмыстық жауапкершілікке тартқызуы мүмкін…
Кеншінің сайманы
Жер-жерде, үлкен мінберлерде жиі естілетін «инновация», «жаңашылдық» терминдері Хромтау кеншілері үшін мүлдем жат сөз. Себебі, кәсіпорын соңғы жылдары құрал-сайманды жаңартпапты.
– Қолымызда кеңестер дәуірінен келе жатқан ескі «лом», мұражайларда тұруы тиіс ескі перфоратор… Ал көрші Ресейдегі әріптестерімізді былай қойшы, басқа елдегі кеншілер біздің құрал-сайманды көрсе, жағаларын ұстайтын шығар?
Кәсіпорын басшылары жыл қорытындысында керемет нәтижеге қол жеткізгенін айтып жатады. Ал таяуда шетелдік басылымға сұхбат берген Олжас Сүлейменов кеншілер жалақысының мөлшерін он есе артық айтқаны қарапайым жұмысшының намысына шындап тиіпті. Енді таяу күндері кеншілер «талаптарымыз түгел орындалмаса, алдағы 1 мамырда тағы да наразылық шеруді жалғастырамыз» – дейді.
Хромтау ауданы
Ақтөбе облысы
Мам 05, 2011 @ 06:18:27
Қай жағыңа қарасаң да зорлық пен қорлық