Галина Арапова, БАҚ құқықтарын қорғау Орталығының (Воронеж, Ресей) жетекшісі:
Бізде тәуелсіз баспасөзбен тек «балық орауға» болады
Таяу күндері Астанаға халықаралық деңгейдегі медиа-заңгер Галина Арапова келді. «Солтүстік Қазақстан құқықтық медиа орталығы» ұйымдастырған адам құқықтары жөніндегі семинарда екі күн бойы жас журналистерді сот материалдарын қалай сауатты, заң аясында жазуға болатынын үйретті. Мейманнан Ресейдегі сөз бостандығы ахуалын, көрші елдегі төртінші биліктің жағдайын, әріптестеріміздің өздерін қалай қорғайтынын сұрастырған болатынбыз.
– Журналистерге, жалпы өзге де азаматтарға да өз құқықтарын қорғауды үйрету тиімді ме?
– Біздің тұрғындардың құқықтық санасы өте төменгі деңгейде. Ал билікке адамдардың неғұрлым сауатты болғаны тиімсіз. Бізде қаражаты жағынан қиналатындар көп. Сондықтан адамдардың бар ойы бүгін не киемін, ертең не ішемін дегеннен аспайды. Кедейшіліктің бар екенін мойындайықшы. Мәселен, Ресейде, зейнетақы мөлшерінің 70 пайызы коммуналдық төлемдерге жұмсалады. Ал мұндай адамдар тобы сөз бостандығын не қылсын?! Тәуелсіз еркін баспасөзбен тек балық орайды.
– Көптеген журналистер қарапайым адамдардың мүддесін қорғаймыз деп жүріп, өздерінің жағдайын ойлай бермейді. Тіпті басына күн туғанда құқық қорғау органдарына да арызданбайтыны неліктен?
– Ресейде де журналистер өз проблемаларын айта алмайды. Бұл әрине дұрыс емес. Егер аса қауіпті жағдай төніп, тілші өзінің жеке қауіпсіздігіне алаңдаса, арызданбауы мүмкін. Ал сот залынан қуып жатса міндетті түрде айту керек. Әрі бұл дегенің оқырмандардың да санасын оятады.
– Мұнайшылары бар, мұғалімдері бар, ақпарат құралдарына мұңдарын шағып келеді де, кейін өзге тараптан қысым көргенде тілшілерге реніштерін білдіреді, тіпті кейіп, ауыр сөздер айтып кетеді. Бастапқы позициясын өзгертеді.
– Бұл журналистің жұмысы. БАҚ қызметкерлері оқырмандарына, көрермендеріне осыны түсіндіре білуі керек. Мұны жазғың келіп жазбайсың, бұл сенің жұмысың болған соң ғана жаздың. Оқырман тілшінің жұмысын түсініп, сыйлай білуі керек. Соны түсіндіріңдер оқырмандарға.
– Журналистердің «билікке қарасты» және керісінше болып бөлінуіне қалай қарайсыз? Журналистік ынтымақтастық деген бар ма қазір?
– Корпоративтік ынтымақтастық деген түсінік Ресейде жоқтың қасы. Журналиске өз әріптесін бақталас деп қабылдамағаны жөн. Ал осылай болмас үшін журналист жан-жақты болуы керек. Жалпы журналистика – бұл қоғамдық маңызды сала.
– Ал тілшілердің өздерін «биліктің төртінші тармағымыз» деп санайтыны, сіздіңше, дұрыс па?
– «Төртінші билік» ұғымын 90-шы жылдары бір шенеунік енгізді. Бұл «қанатты сөздің» журналистерге қатты ұнағаны соншалық, оны пайдалану жаппай белең алып кетті. Бізде осы атаумен тіркелген журнал бар. Ұйымдар да жоқ емес. Жалпы, журналистерде қайдағы билік? Ешқандай! Олар қоғамның айнасы болуы тиіс. Егер батыс елдерінде журналист шенеунікпен не депутатпен қатар келе жатып, жеке шаруаларын сөз етер болса, ол журналистің беделі төмендеп кетеді. Жұмыс берушілер мұндай журналистен бас тартады.
– Сот қызметкерлері ағылшын-саксондық құқықтық жүйесінде сот отырыстарында арнайы суретшінің болатынын айтып, дыбыстық-бейне жазбаның жүргізілуіне мүлдем тыйым салынғандығын алға тартады. «Қазақстанда ондайдың жоқтығына риза болыңдар» дегенді меңзейді. Бізде, әрине, Еуропа елдеріндегідей роман-германдық құқықтық жүйе. Сәйкесінше, сот отырыстарында жазба жүргізуге толықтай тыйым жоқ.
– Мәселені құқықтық жүйеге тіреуге болмас. Өйткені судьялар алға тартып отырған ағылшын-саксондық жүйеге қарасты елдердің барлығында бірдей суретші отыра бермейді. Дегенмен оларда сот жүйесі өте ашық жұмыс жасайды. Мәселен, Англияда арнайы оқуға барғанымда сот процесстерінде болдым. Сот залында 50-ге тарта микрофон болды. Отырыс аяқталған соң, дыбыстық жазбаларды дәлізге арнайы сөрелерге қояды. Келдің, тыңдадың. Ал бізде заң бөлек. Дыбыстық жазбаға рұқсат береді. Егер тараптар келісімін берсе бейнежазба жүргізуге де болады. Заңда жазылса, оны соттар орындауы керек.
Асқар Ақтілеу, Ақтөбе-Астана
Біздің анықтама:
Арапова Галина Юрийқызы, 38 жаста.
1996 жылдан бері БАҚ құқығын қорғау Орталығына (Воронеж, Ресей) жетекшілік етеді.
Воронеж Мемлекеттік университеті құқықтану факультетінің түлегі.
Ресей ғылым академиясы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар Институты аспирантурасын тәмамдаған.
2010 жылдан бері – Еуропалық сотта журналистердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі медиазаңгерлердің Еуропалық Сарапшылар кеңесінің мүшесі
Биыл, 2011 жылы Ресей журналистер Одағының «Кәсіби қауымдастық мүддесін қорғаушы» сыйлығының иегері атанды.
Пікір қалдыру