Көрші елдің құқық қорғау органы қызметкерлері 46 жастағы жігіт ағасын тапты. Томск облысы Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінен тараған деректерге сүйенсек, қазақ азаматы мен туыстарының арасындағы байланыс 20 жыл бұрын үзілген екен.
Ақпан айының соңында Стрежовой қаласының зейнеткері милицияға хабарласып, оның Медведково ауылындағы саяжайының үйшігінде әлдекімнің тұрып жатқанын жеткізген. Бақшасына келген зейнеткер әйел үйшіктің маңына адам іздерін байқаса керек.

Жедел іздестіру тобының қызметкерлері үйшікте расында адамның болғанын анықтайды, ас үйде біреудің тамақ әзірлегеніне көз жеткізеді. Ал ауланы қарау кезінде күйі кеткен бейтаныс кісіні байқайды. Сұрастыра келе, оның қазақстандық Асқар екенін білген. Алайда құжаттары болмай шыққан.
Кезекші бөлімге жеткізілген соң, жігіт ағасының расында Қазақстанда туғанын анықтайды. 1989 жылы әскерден оралған ол Александровский ауданына нәпақа табу мақсатында жол жүріп кетсе керек. Сол бір кездері аталған ауданда мұнай кен орындары ашылып жатқанға ұқсайды.
Алайда 90-шы жылдары қазақ жігіті құжаттарын жоғалтып алған. Кеңес Одағы ыдырап жатқан шақта құжатын қалпына келтіре алмай сенделген ол, азын-аулақ ақшаға ауылдық жерлерде қолынан келген жұмыстарды жасап келіпті. Аңшылардың үйшігінде, саяжайларда түнеген. Ағаштың қабығын қорек еткен кездері де болыпты. Ал үш жыл бұрын инсультке ұшырап, денесі салданып қалса керек. Алайда ауруханаға барғысы келмеген Асқар шөптермен емделіпті.
Қазақ азаматының барар жерінің жоқтығын білген орыс милициясының өкілдері қызметтік жатақхананы паналай тұру жөнінде ұсыныс жасайды. Орыс басылымдарының жазуынша, шетел (қазақстандық – ред.) азаматы келіскенге ұқсайды. Тәртіп сақшылары ас-суын әкеліп береді. Құжаттарының болмағанына қарамастан, дәрігерлер Асқарды тексеруден өткізеді. Милиция қызметкерлерінің жатақханасындағы көршісі, әрі қазақ азаматын саяжайдан тауып алған тәртіп сақшысы, аға сержант Алексей Линкин оны ауруханаға күн сайын өз көлігімен жеткізіп отырса керек.
Жергілікті тұрғындар тәртіп сақшыларына Асқардың тентек су ұрттамайтынын, оның еңбекте адал, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасайтынын айтқан.
Өз кезегінде Александровский аудандық Ішкі істер бөлімінің бұрынғы қызметкері «Жди меня» бағдарламасына хат жолдайды. Осылайша Асқарды одан 20 жыл бұрын қол үзіп қалған туыстарының іздестіріп жатқаны белгілі болады. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, алдағы күндері Асқар ағайындарымен қауышады.
Марат ТӨЛЕПБЕРГЕН
Ақтөбе