Шардара аудандық соты (ОҚО) «Шардара тынысы» газетінің бас редакторы Жұмабек Мұқановтың жұмыстан шығарылуын заңсыз деп тапты. Оған, айта кеткен жөн, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры Ақпараттық даулар жөніндегі қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова құқықтық қолдау көрсетті.

Бұл ретте, даудың неден болғанын, қалай өрбігенін айтпай-ақ қояйын, көзі қырағы оқырман ол туралы білуі керек.

Екі жыл бұрын Алматыға кезекті семинарға жолым түсіп, Тамара Калеевамен жолыққанымда, өз басымдағы мәселелерді сөз еткенмін. «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Мисхадқызы менің істерімді Ғалия Әженова мен Ганна Красильниковаға («Сот процестерінде ең көп жеңіске жеткен адвокат» атағының иегері) аманаттаған болатын.

Мен осы азаматтарға қарыздармын! Шынымды айтсам осындай тамаша жандармен кездескеніме қуаныштымын! Әйтпесе, бірнеше қазақтілді әріптесім секілді «еріккен» бәзбіреулердің ермегі болып кете берер ме едім?!

Ғалия Әженованың журналистердің, БАҚ өкілдерінің құқықтық сауатын ашумен қатар, сотта қорғауда кезекті жеңіске жеткенін сөз еткім келеді. Былтыр Ғалия апайымыз «БАҚ өкілдерін қорғауда Қазақстандағы ең үздік авдокат» атағына ие болды.

Ғалия апайды, Жұмабек ағайды, «Әділ сөз» қоры мен журналистер қауымын осы бір кезекті жеңіспен құттықтағым келеді!