Ақтөбеде жеті жасар баланы қылғындырып өлтіріп, қоқыс арасына қалдырып кеткен. «Жетінші арнадағы» әріптесіміз екеуміз полицияның құрғақ «сводкасына» сүйене отырып, Шанхай ауданындағы мектептердің тізімін жасадық, содан бір мектеп директоры, «арамызда қалсын» деген шартпен, байғұс баланың қай мектепте оқитынын айтып берді. Білім беру мекемесіне кіре бергеніміз сол, «ол бала бізде оқыды, бірақ оқиғаның мектепке еш қатысы жоқ» деп мұғалімдер өздерінен өздері «үркіп» жүр. Байқаймыз, мектеп өзінің абыройын ойлап отырған сияқты.

Кешқұрым ТД алдына «жата» кеткенім сол, КТК арнасында бір сарбаздың көз жұмғаны туралы репортаж көрсетіліп жатыр екен. Әскердегілер де оқиға әскери оқу орнынан алшақта болған деп, ат тонын ала қашып, академияларының абыройын сақтап қалмақ сыңай танытты.
Жалпы, тәртіп сақшысы ма, қарапайым жұмысшы ма, кішкене қате басса да, басшылық, сол жұмысшының оқиғадан дәл бір күн бұрын қызметтен кетіп қалғанын, не оқиғанын оларға еш қатысы жоқ екендігін айтып ақталады. «Бізде кілең ұқыпты, заңмен жүретін азаматтар ғана жұмыс жасайды» дегенге саятын пікірлерін таңып бағады. Айналып келгенде, ойлайтындары, тағы да сол мекеменің, құрылымның абыройын сақтап қалу.
Сонда, әлгі бейкүнә сәбидің қайғысынан гөрі, мектебінің абыройын ойлаған, қызметкерінің жағдайынан гөрі мекеменің «ар-намысына» жаны ашитындарға қарамағындағы адамның, оқушының жайы көк тиын болып тұр ғой…