Алдағы уақытта әнші, термеші, Ақтөбе облысының ғана емес, халқымыздың мақтанышы Жанар Айжанованың сахнаға киіп шыққан киімдері, әр кездері алған алғыс хаттары мен үнтаспалары облыстық тарихи-өлкетану музейінің алтын қорына өтуі мүмкін. Рас, өнер жұлдызының бір ғана талабы бар. Әнші қызымыз барлығы заңды түрде жүзеге асырылса деген ұсыныс айтады.

Негізі өз облысымыздан шыққан өнер адамына қатысты қандай да бір экспонаттың музейден орын алу керектігі жөніндегі идея Қызылорда облысына шеккен сапарымыз барысында туындаған-ды. Мысалы сыр бойы халқының өнерді өте жоғары бағалайтынын күллі қазақ даласы біледі. Қызылордалықтардың сол өңірден шыққан өнер адамдарын соншалықты алақандарына салып жүретінін ондағы мәдениет басқармасының шенеуніктерінің де оң көзқарасымен түсіндіруге болатын шығар.

Мысалы, сол Қызылорда облыстық музейіне бас сұққанымызда, Роза Бағланова, марқұм Мәдина Ералиеваның сахнаға алғаш киіп шыққан киім үлгілерін көзіміз шалды. Олардың әр кездері алған атақтарын растайтын құжаттар да Қызылорда қаласындағы музейде сақтаулы. Сондай-ақ жас та болса қазіргі қазақ эстрадасында жарқ етіп жанған жұлдыз Мәдина Сәдуақасованы да сырбойылықтардың ерекше құрметтейтіні қала көшелеріндегі баннерлерден аңғарылады.

Тіпті, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы басшылығының ұйытқы болуымен, сол өңірдегі театр қойылымдарының DVD-дискідегі нұсқаларын да тамашалай алдық. Бұл әрі өнерді бейнетаспаларға дер кезінде жазып алып, кейінге мұра етіп қалдырудың жолы. Әрі сырттан келген меймандар үшін сол өңірдің мәдениетімен таныстырып қана қоймай, сыр бойының «визиткасы» іспетті кәде ретінде пайдалануға болатын дүние. Бірнеше спектакльдің бейнетаспасын өзімізбен арқалап келдік. Қойылымдарды қызыға да, қызғана да қарадық.

«Неліктен Ақтөбеден шығып, республика сахналарында өнер көрсетіп жүрген санаулы жандарымызды жергілікті шенеуніктер қолдап-қолпаштамайды екен?» деп ішіміз ашыды, әрине. «Ақтөбеден қандай әншіні білесіз?» дегенде, ұялмай есімін атай алатын өнер адамдарының бірі ретінде, әрине Жанар Айжанованы айта аламыз. Әншіге қоңырау шалып, өнер адамының киім үлгілерін, жалпы өнеріне қатысты басқа да заттарын музейге қою туралы ойға қалай қарайтынын білмек болдық.

– Әрине, сұраса береміз ғой. Керек десеңіз, комплектісімен беремін. Тек анда-мұнда сүйремейтіндей етіп, заңды түрде рәсімдетіп алған жөн шығар. Сахнаға киіп шыққан аяқ-киімімді де беруіме болады. Құжаттарды да, грамоталарды да беремін. Бірақ грамоталарымның керегі не?!, – деді Жанар Айжанова. «Музей туралы ойың жақсы екен. Негізі қолда бар мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалу керек қой. Өнер адамдарына қолқа салса, олар киімдері болсын, басқа заттары болсын музейлерге береді ғой. Әрі мақтаныш, әрі тарих. Болалақ ұрпақ көрсін», – деп ағынан жарылды әнші.

Марқұм Мәдина Ералиеваның сахна костюмінің Қызылорда қаласындағы музейде тұрғанынан Жанар Айжанова хабардар екен.

– Кезінде Мәдина апайдың ұлы мен Болат ағай дұрыс жасады. Оның киімдерін Қызылорда музейіне табыстады. Бүгінде әп-әдемі болып, музейден өз орнын тапты. Баласының ісін қолдаймын. Ол киім үйде сақталғаннан гөрі музейде тұрғаны жақсы емес пе?!, – дейді әнші. «Негізі бұл идеяны әрі жалғастыру керек!». Жанар Айжанованың пайымы осындай. «Бұл ойды жерде қалдырмау барлық облыс іліп әкету керек», – деді ол.

Әншінің біздің Ақтөбедегі музейде жалпы қандай танымал адамдардың заттарын көргісі келетінін де білгіміз келген. «Менің ойымша, музейге затын қоюға лайық азаматтар аз емес» дейді Жанар апай.

 – Мәселен, Үмбетбай ағай Уайдиннің жасы келіп қалды. Құдай сақтасын, бірақ, өмір ғой, ертең кетіп қалса, ештеңесін ала алмай қаламыз. Ең бірінші жарық көрген кітабын, мысал үшін айтамын, неге музейге қоймасқа?! Лидия Кәденованың ең алғашқы спектаклінен суреттер тұрса музейлерде! Ақтөбенің мақтанышы болатын азаматтар көп қой. Танымал домбырашы, зерттеуші Әбдулхамит Райымбергеновтың домбыралары да музейден орнын табуға лайық. Қазанғаптың күйін жалғастырушы Бақыт Басығараевтың заттары ше?! Мүгедек әйелдер атынан көп жұмыс тындырған апайымыз бар, әрі жазушы, әрі батыр қызымыз деп жүрген, неге солардың бұйымдарын сұратпасқа?! – деп қорытындылады сөзін әнші Жанар Айжанова.

Өз кезегінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Зада Мұқашева да мұндай оймен келісетіндігін ашық айтты. – Музейімізде Ақтөбеден шыққан өнер адамдарының ішінен Нұрсұлу Тапалованың киімдері сақтаулы. Биші Тойған Изимованың да заттары музейде қойылған. Актриса Бақыт Жанғалиеваның бұйымдарына да орын табылды. Спортшылардан Әшім Қалидың кимоносы, қара белбеуі бар, – деді Зада Мұқашева. – Жақсы айттың, Жанар Айжанованың костюмдерін алдырту керек шығар. Негізі сіз бізге дұрыс ой тастап жатырсыз. Бізде «Болашаққа мұра» атты акциялар да ұйымдастырылады. Сонда музей қорына тұрғындар экспонаттар тапсырып жатады. Ал Алматыда, жалпы ел алдында жүрген өнер адамдарының бұйымдарын музейге қоюға әбден болады, – дейді музей қызметкері.

«Света Айтбаеваның көйлектері керемет қой, бірақ музейге береді ме екен?!» дей келе музей қызметкері не де болса, әрекет етіп көретіндігін жасырмады. Зада Мұқашеваның айтуынша, Ембі қаласындағы музейде Ғазиза Жұбанованың көйлегі, туфлиі қойылған. Ал, облыстық музейде Тапалованың пуантосы (аяқ киім) сақтаулы. Қорыта келе айтарымыз, музейден болашақта Жанар Айжанованың да, бәлкім Светлана мен Қанат Айтбаевтардың да қандай да болмасын бұйымдарын көре алармыз. Өнер айдынында жүрген өзге де мақтан тұтатын азаматтарымыз бәлкім не домбырасын, не күйтабағы, бәлкім микрофоны, не таспасын музей қорына тапсырса құба-құп. Бір жағынан музейге ағылушылар саны да ұлғаяр ма еді?!

Асқар АҚТІЛЕУ.