Ырғыз ауданының Құмтоғай ауылында бой көтерген «Жесір Ана» ескерткіші осындай ойға жетелейді.

Айта кетейік, тас мүсінді ауылдың ширек ғасырлық тойына ауыл азаматтарының бірі тарту етіп отыр. – Сұрапыл соғыс жылдары аса қиындық көрген аналар ғой. Жер-жерде соғыс не Жеңіс тақырыбында ескерткіш қойылса, міндетті түрде қару немесе әскери киім киген жауынгер сомдалады. Ал, сол жылдары әр шаңыраққа ортақ қайғы болған ана қасіретін жеткізетін ескерткіш ілеуде біреу, тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Хамит бауырымыз (Хамит Өтеуұлы – ескерткіш идеясының авторы) бірден «Анаға ескерткіш қою керек» деді. Әрі биыл Ұлы Жеңіске де – 65 жыл. Ана мен соғыс тақырыбын сабақтастыра отырып, өз ауылына тарту еткісі келді, – дейді мүсіннің авторы Жақсығали Төлегенов. – Ескерткіште соғыс жылдары жесір қалып, «күйеуім не балам келер-ау» деп, үміттеніп отырған ана бейнеленген. Етегіне оралып, кекілді немересі тұр. Ол әкесі келеді деп, жаутаңдайды.

Мүсінші кейбір «құпияларымен» де бөлісті: – Ана бейнесін сомдағанымда, Бибігүл есімді нағашы әжем есіме түсті. Қаралы хабар алса да, үшбұрышты хатын қолына алып, жолға қарап тұратын. Немересін қасынан бір елі тастамайтын. Бұл тек біздің отбасындағы жағдай емес, күллі халықтың басына түскен азалы күндер еді. Сол кездегі немерелер бүгінде 70 жасты алқымдап үлгерді. Мүсіндегі «кекілді немере» жас ұрпақты, болашақты білдірсе керек-ті. Мүсінші ескерткішті жасауға былтыр желтоқсан айында кірісіп кеткен екен. Мұндай маңызды шаруаға оның ұлы Орынбасар да қолұшын тигізсе керек.

Өз кезегінде, мүсін жасауға тапсырыс берген Құмтоғай ауылдық округінің тұрғыны Хамит Өтеуұлының айтуынша, кез-келген азамат өзінің туып-өскен жерінде із қалдыруы керек. – Келер ұрпаққа ой салар ескерткіш орнату көптен ойымда жүр еді. Мен бұл елді-мекеннің бағзы тұрғынымын. Жасыратыны жоқ, вагондарды паналаған кездеріміз болды. Мұның барлығы артта қалды. Талай қызметтерде болдым. Жасым болса, 63-ке келіпті. Қаражатымды қалтамда сақтап, бұғып жүрсем де, маған жұрт ештеңе айтпас еді. Бірақ, титтей де болса, осы жер үшін пайдалы іс жасауым керек деп ойладым,- дейді елін сүйген абзал азамат.

Асқар АҚТІЛЕУ