Экологтардың байбаламына сенсек, Көкжиде суының мөлдір де тұнық күйі тұрғындарға бұйырмайтын түрі бар. Мәселе аз көтерілмеді. Оны «жыр етпегендер» кемде-кем. Бірақ, мөлдір су не мұнайды таңдайтын кез келді.

Тобыл-Торғай экология департаменті бастығының орынбасары Жаслан Бекмұхамбетовтың жер-жерде қайта-қайта жалықпай айтып жүргеніне қарағанда, жерасты суын өз қолымызбен құрдымға жіберіп жатқан сыңайымыз бар. – Бүгінде «қара алтынның» судан да қымбат болып тұрған жайы бар. Ал, біле білсеңіздер, күніміз қарағанда, судан ғана нәр аламыз. Мұнай ішіп жан сақтай алмаймыз. Ақтөбе өңірінің 2 пайыз аумағында мұнай қоры бар. Алайда мұнайшылар мен барлаушылар неге екені белгісіз, Көкжидеге шүйлікті де қалды. Ешқайсысының өзге кен орындарын іздеп әлекке түскілері жоқ. Есімде, кеңес дәуірі, Көкжидеде мұнай қоры табылды дегеннің ертеңіне ол жерде 7 мұнай компаниясы өз жұмыстарын бастап кетті. Әрі олардың ешбірі «біз қоршаған ортаны ластап жатырмыз» деп, ләм-мим жақ ашпайды, – дейді Жаслан Керейұлы.

Экологтың сөзіне сүйенсек, бүгінде тәуелсіз экологиялық мониторинг жүргізілмейді. Рас, тапсырыс бойынша көрсеткіштер толтыратындар да табылады. Жерасты байлығын игерушілер маман не мекеме жалдайды. Ал, олар өз кезегінде, «барлық жағдай жасалған» дегенге саятын қорытындыға келеді. «Қандай керемет қолайлы жағдай жасалынған десеңізші?!». «Мұнай өндірісі қоршаған ортаға еш зиянын тигізбейді». «Тигізетін зиянның мөлшері болмашы ғана!». Міне, мониторинг жүргізушілердің қорытындылары осындай. – 90-шы жылдарға дейін халықтың санасы өзге болатын. Олар қоршаған ортаны аялай біру керек дейтін. Немқұрайлылық байқалмайтын. 1991 жылы мұнай өндірісі кезінде Ембі, Темір өзендері лайланды деген ақпарат жай түскендей әсер қалдырды. Бүгінде дені дұрыс мониторинг жүргізіле ме?!

Жүргізілсе де қорытындысы «лайламайды» дегенге тіреледі, – дейді эколог. – Жасыратыны жоқ, Көкжиде суы өте керемет, бірегей, таза. Біздің облыс орталығындағы ауыз суға қарағанда Көкжиде суы алты есе таза, алты есе жұмсақ. Ал, мәселені көтеруі тиіс қоғам үнсіз отыр. Рас, Ақтөбе экологиясы құжаттарда жазылғандай, өздігінен қалпына келмейді. Жаслан Кереевтің айтуынша, Ақтөбе облысы халық саны жөнінен республика аймақтарының алдыңғы орындарында. Ал, тығыздығы жөнінен соңынан санағанда екінші орында. «Оған реніш білдірудің реті жоқ», дейді эколог.

Елек өзені суының мәселесін «Фитосанитария» РМК директоры Ғизатулла Ерменов сөз етеді. – Бала кезімнен Елек суына шомылып өстім. Ондағы балықтың көптігін өз көзіммен көргем. Ал, бүгінгі жағдайы ше? Балық аулаушылар жоқтың қасы. Елек суының деңгейін Ақтөбе су қоймасы реттеп отырады. Су деңгейі күрт төмендетілгенде, балық уылдырығы жағада қалып қояды. Тіпті, жағымсыз иіс шығады, – дейді ол. Су мәселесі сөз болғанда өзендегі балық қоры да қалыс қалмады. – Балық аулайтын ау Қытайдан әкелінеді. Оның зияны шаш-етектен. Қытайда жасалатын ауды пайдалануға Ресейде әлдеқашан тыйым салды. Бүгінде Ақтөбе су қоймасынан 15 ау тауып алуға болады. Браконьерлер топ-топ болып жүр. Олар заңсыз балық аулап қана қоймай, қару асынып жүреді. Сондықтан, мемлекеттік инспекторлардың жалғыз дара тексеріс жүргізуі қауіпті. Кейде браконьерлердің жанында жеке құжаттары болмай шығады. Сөйтіп, ойына келген есімді айта салады. Өзен-суға жақын елді-мекеннің тұрғындары қатарынан, бәлкім қоғамдық кеңестер құру қажет шығар. Балықтың азайып бара жатқанын, уылдырық шашу маусымы жүріп жатқанда суға ау салмау керектігін айтып жүретін азаматтарды жұмылдыру керек шығар,- дейді облыстық орман және аңшылық шаруашылығы басқармасының бас маманы Жақсылық Бекешов.

Шараға жиналғандар экологиялық кеңес құру әрі экологиялық мәселелерді шешу кезінде азаматтардың белсенділігін арттыру керектігі айтылды.

Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе облысы