Ақтөбелік жол сақшыларының көлік апаттары санын жасырғылары бар. Мұны қадағалау органы өкілдері анықтар отыр. Полицейлер жол апатынан өліп кеткендердің санын азайтып көрсетуден тайынбаса керек.

Күн сайын жол көлік оқиғалары тіркеледі. Жол апаты салдарынан темір тұлпарлардың жарақсыз болып жатқаны өз алдына, бір-екі жолаушысы жүргізушімен қоса шейіт болып кетіпті дегенге де құлағымыздың үйренгені сол, мән бермейтін болыппыз. Өйткені, бақытсыз жағдайлардан күллі әулеттің қырылып қалғаны, иә болмаса, 10-15 адамның бір мезетте өліп кеткені туралы да бұрынғыға қарағанда жиі естиміз. Көлік саны артқан сайын, көлік апаты да көбейіп барады. Оның үстіне, халық арасында жүрген соң, көлік жүргізу куәлігі «саудасы» туралы аз естімейміз. Тек бір Алла жар бола көрсін дейміз мұндайда!

Өз кезегінде, көлік апаты санының тым артып кетуі бәзбіреулер үшін жақпайтын болса керек. Мәселен, құқық қорғау органдары жағымды көрсеткіш қуып, жол апаты санын азайтып әлек. Мұны таяуда Әйтеке би ауданының прокурорлары анықтады. Рас, бұл Ақтөбе секілді үлкен облыстағы бір ауданның прокурорлары анықтаған дерек қана. Басқа аудандардың жол сақшылары да «періштедей пәк» емес шығар. Қалай болғанда да амалын тауып, көрсеткіш қуғандарды анықтау жұмыстарын қадағалау органы өкілдеріне қалдырайық.
Әйтеке би ауданының прокуроры, Әділет кеңесшісі А.Әбіловтың хабарлауынша, ауданның құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінде басты тақырып жол көлік оқиғасы санының артуының себептері мен жол қозғалысы қауіпсіздігі аясын қамтыған. Аталған басқосу барысында Әйтеке би аудандық ішкі істер бөліміне қарасты Жол полициясы қызметіндегі кемшіліктер сөз болған.

Прокурордың мәлімдеуінше, еліміздің «Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы» Заңының баптарына сәйкес, жол бойындағы апатты жағдайлар мен онда жарақат алғандар, көлік құралдарының саны, жол қозғалысы кезіндегі заң бұзушылықтар, басқа да ережеге бағынбаушылық жайттарын есепке алу жұмыстары бірегей мемлекеттік жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Бұл санақ ведомстволық құжаттар негізінде ішкі істер органдарына қарасты жол сақшылары тарапынан жүргізілуі шарт. Оның дұрыстығын, айналып келгенде, тәртіп сақшыларының өздері қадағалауы тиіс болса керек. Өкінішке қарай…
Анықталғандай, Әйтеке би ауданы жол сақшыларының статистикалық мәліметтері бойынша, өткен жылы 9 жол апаты тіркелген, онда 6 адам мерт болып, тағы алтауы түрлі деңгейде жарақат алған. Ал, оның алдындағы жылы 7 жол көлік оқиғасы болып, 5 адам өліпті, 6 кісі жарақаттанған.

Алайда, тексеру кезінде белгілі болғандай, Әйтеке би ауданы бойынша жол көлік оқиғаларын тіркеу журналындағы мәліметтермен салыстырған кезде статистикалық мәліметтерде бұрмалаушылықтарға жол берілгені анықталды.
Прокурорлар нақтылағандай, аудан көлемінде былтыр 14 жол көлік апаты тіркеліп, 12 адам қаза болды. 14 адам жараланыпты. Мәселен, өткен жылдың тамыз айында аудандық ішкі істер бөліміне Самара-Шымкент тас жолы бойында, Ұлғайсын ауылы маңында тіркемесі бар North Behz көлігінің жүргізушісі Volkswagen Passat көлігіне соққан. Екі авто да жолдың шетіне шығып қалады. Үш адам көз жұмып, төртеуі дене жарақаттарын алады. Бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс те қозғалды.

Алайда, бұл жол-көлік оқиғасы статистикалық есепке енбей қалады. Бар сылтау – жол көлік оқиғасы болған жол аралығында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан-мыс.
Жол сақшыларына арналған заңнамаларда мұндай жол аралығында тіркелген апатты жайттарды есепке алу міндеттелген. Әйтеке би ауданының жол сақшылары мұнан өзге тағы төрт жол көлік апатын жасырып қалса керек. Өйткені, жол көлік оқиғалары есепке алынбапты.
Тексеру барысында белгілі болғандай, Әйтеке би аудандық ішкі істер бөлімінің қызметтері арасында өзара байланыстың болмауы жол апатына себепкер болған жүргізушілердің жауап беруден сытылып кетуіне жол беріп жатады.

Тағы бір мысал, Қарабұтақ – Қостанай тас жолы бойында Қарабұтақ ауылы маңында «Фольскваген-Пассат» автокөлігінің жүргізушісі көлік тетігіне ие бола алмай, жол шетіне шығып қалған. Жүргізуші дене жарақаттарымен жергілікті ауруханаға жатқызылады, ал жолаушысы дәрігерлік көмектен бас тартады. Көлік өртке оранды. Бұл жайт бойынша, прокурорлардың хабарлауынша, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту жөнінде қаулы шығарылады. Кейін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке де тартылмаса керек. Қазірде талап қою мерзімінің өтиіп кетуіне орай, оны жауапқа тарту мүмкін болмай отыр. Осыдан-ақ жүргізушінің жауаптан мүлдем жалтарылғанын аңғару қиын емес. Бұл бір ғана мысал. Қадағалау органы өкілдері келтірген мәліметтерге сүйенсек, Әйтеке би ауылында мұндай жолмен жауаптан құтылып кететіндер саны әлдеқайқа көп.
А.Әбіловтың айтуынша, кей ретте Әйтеке би аудандық ішкі істер бөлімі жол полициясы қызметкерлерінің өз жұмыстарына немқұрайлы қарау тенденциясы байқалады. Мәселен, жол апаты болатын жерлер жөнінде ахуалды білуге мүмкіндік беретін топографиялық есеп жүргізілмепті.

Ел заңнамалары бойынша, жол сақшылары жол көлік оқиғалары жиі болатын апатты орындар туралы топографиялық есеп жүргізуге тиіс. Өкінішке қарай, мұндай жұмыстар Әйтеке би ауданында қолға алынбағанға ұқсайды. Заң талаптарына сәйкес, автомобиль жолдарында жылына екі мәрте – көктем және күз мезгілдерінде (1 сәуір – 1 маусым, 1 қыркүйек – 1 қараша аралығында) кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Алайда, 2009 жылдың көктемінде жол сақшылары мұндай шараларды ұмытқанға ұқсайды. Бақылау-қадағалау жұмыстары да тиісті деңгейде қолға алынбай келеді.
Үйлестіру Кеңесінің отырысының қорытысы бойынша Әйтеке би ауданындағы жол-көлік оқиғалары санын азайтуға кеңес беріліп, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының атына аталған заңсыздықтарды жою жөнінде ұсыныс жасалды.

Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе облысы

Бүгінде облыс аумағында 150 мыңнан астам автотехника тіркелген. Оның 100 мыңға жуығы облыс орталығында жүйткиді

Өткен жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында 14 жол апаты тіркеліп, 12 адам қаза тауыпты. 14 кісі жарақат алған. Ал, көрсеткіш қуған жол сақшылары тек 9 жол апаты болып, 6 адамның мерт болғанын айтады. Кімге сенеміз?!