Бүгінде Ақтөбеде қала тазалығына жауап беретін бірнеше арнайы мекеме жұмыс жасайды. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар аясында мыңдаған студент пен мектеп жасындағы балалар тағы да тазалау жұмыстарына кірісіп кетті. Бұдан қала тазарды ма? Көкейдегі тағы бір сауал – қала тазалаушы орындар бір жалақы алады делік, жастарға мемлекет қазынанынан тағы еңбекақы өтейді. Бір жұмыс, екі мәрте жалақы. Әрине, «байдың етін байғыз қызғаныпты» демеңіз. Қаражат елдікі, мына сіз бен біздің салығымыздан түзілген қаржы. Сондықтан үкімет қоржынындағы тиын-тебеннің қайда, қалай жұмсалып жатқанынан біз де хабардар болуымыз керек емес пе?!

Таяуда шенеуніктер мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы қоршаған ортаны қорғау мәселесіне арналған басқосу қала тазалығы жөнінде өрбіді.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың бірі Қарғалы көпірінің оң мен солы, қанша тазарту жұмыстары жүргізілсе де, қоқысқа толы екендігін айтады. Оған негізінен жастар кінәлі дегендер де табылды. Мәселен, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің қызметкері Рузалия Шакирзянованың пікірі «жастар тәрбие көрмеген» дегенге саяды. Ал, аптап ыстықта тазарту жұмыстарымен айналысатын жастардың пікірі керісінше, «үлкендер кінәлі».

Бүгінде қала көшелерінде консервіден қалған қалайы ыдысты табудың қиын екендігін тілге тиек еткен облыстық аумақтық орман және аңшылық шаруашылығының бас маманы Жақсылық Бекешов өзіндік ұсыныс та жасады.
– Тұрғындарға қаланы таза ұстаңдар деп сан мәрте айта бергеннен еш нәтиже шықпайды. Одан да целлофан қалта қабылдайтын орын ашып, белгілі бір мөлшерде ақы белгілеу керек. Сонда ғана тұрғындар қоқысты далаға тастамайды. Иә, арнайы мекемелер қала тазалаймыз деп бір жалақы алады, студенттерге тағы ақша төленеді. Одан да осы қаражатты арнайы тазалық мекемелеріне жұмсау керек деп есептеймін. Көшеде неге қалайы жоқ? Өйткені оны тапсырса ақша алатынын адамдар ерте түсінді. Сол секілді пластик бөтелкелерге де сұраныс тудыру керек. Сонда ғана адамдар оны далаға тастамайды. Тиын болады деп арнайы орындарға жүгіреді. Ал егер, тазалықты сақтаңдар деп ұрандата берсең, еш нәтиже шықпайды. Кеңес дәуірінен бері қанша уақыт өтті. Адам санасы өзгеріске ұшырады. Әрине, мен айтқан ұсынысты бүгін-ертең енгізу керек деп отырғам жоқ. Онымен үкіметтік деңгейде айналысу керек, – дейді маман.

Қала маңындағы Благодарный ауылының күйі де аталған кездесуде кеңінен сөз болды. Бір ескерерлігі, экологиялық ұйымдар еліміз аумағында үш елді-мекен бойынша мониторинг жүргізіпті. Екі ірі қала – Алматы мен Астана, сондай-ақ Ақтөбе облысының Благодарный ауылдық округі бойынша зерттеу жұмыстары қолға алынған. Жоба үйлестірушісі Марина Цыганкованың айтуынша, Алматы қаласы газбен әбден ластанған. Елорда шаң-тозаң. Ал, Благодарный ауылы қоқысымен ерекшеленсе керек.
– Сенесіздер ме, күні кешеге дейін қоқыс алаңдары Благодарный ауылының пейзажы іспетті болды. Үйілген қоқыстар… Тұрғындар зардап шекті. Құрамы зиянды заттарға толы пластик бөтелкелерді жұрт өртейді. Тіпті, сай-салалардың іші қоқысқа толы болды. Тіпті, аяқ басар орын қалмады десем артық айтқандық емес, – дейді Марина Цыганкова.

Әңгімені «Жасыл телефон» жобасының үйлестірушісі Әлима Әбдірова өрбітті.
– Қалада экологиялық сенім телефонын жандандыру керек. Мәселен, біз бір жыл көлемінде ешкімге алақан жаймай, «Жасыл телефон» желісін қолға алдық. Бір ақпарат құралының көмегімен хабарландыру жасадық. Нәтижесінде күніне 5 қоңырау шалынады. Негізінен зейнет жасындағы әйелдер хабарласады. Қай ауданда қандай мәселе туындады, қандай көмек керек екендігін айтатын. Біз дереу еріктілермен (волонтер) бірге аталған жерді қараймыз. Суретке түсіріп алып, дереу құзырлы орындарға хабарласамыз. Облысымыздың бұрынғы экологы Ақылбек Дадин, жасыратыны жоқ, бізге көп көмек қолын созды. Бастысы, осылайша бірлесе отырып, нәтижеге қол жеткіздік. Кейін қоңырау шалушылар саны күніне 9-ға дейін артты. Өкініштісі, бұл жоба қаржыландырылмады, – дейді Әлима Әбдірова. – «Жасыл телефон» желісіне хабарласып, кейитіндер де болды. Тіпті, оны мемлекеттік құрылым деп ойласа керек-ті.

Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе облысы