Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы жанындағы Демократия және адам құқықтары бюросы өткізген кезекті семинар сот жуйесі мен сот әділдігін атқаруға арналды. Оған ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Қазақстанның атынан барған делегация қатарына бізге де енудің сәті түскен-ді. Сапар барысында көрген-білген, көзіміз шалған жайттармен бөліскіміз келген.
Әуежай жерге жақындағаннан-ақ мұнда тәулік бойы жауынның толастамай тұрғанын аңғару қиын болмады. Мамыр айы болса да қоңыр салқын күн райы кәрі құрлықты қызықтауға кедергі бола алмады.

Орналасқан орнымыз Польшаның астанасы Варшаваның орталығындағы «Новотель» қонақ үйі болды. Отыз үш қабатты ғимараттың он сегізінші қабатына жайғасқан біз қаланы алдымен терезеден тамашаладық. Бастапқыда көзге түскені «Сталиндік репрессонизм» атты ғимарат еді. Білетіндердің айтуынша, зәулім ғимаратты кеңестер одағы кезінде Сталиннің өзі Польшаға «тарту етіпті». Алайда кейінгі ұрпақ, түрлі себептерге байланысты, жасыратыны жоқ, оны бұзу жөнінде мәселе де көтеріп келген екен. Бүгінде аталған тарихи ғимаратта мәдениет ошақтары, ғылыми құрылымдар, тіпті коммерциялық сауда орындары да бар.

Бір қызығы, нөсерлеп жауған жауынның соңы қалың тұманға ұласқанда көздің жауын алар ғимарат көзден ғайып болады. Өйткені, адасыңқырап кеткенде зәулім үйге қарап, қонақ үйді табамыз деген үмітіміз зая болып шыққанын бір түсіндік.
Варшава көшелері толассыз жауған жаңбырға қарамастан тап-таза. Ағын сулар арнайы жолдармен кетеді.
Таяуда бұл елдің президенті Лех Качинскийдің ұшақ апатын көз жұмғаны белгілі. Поляктардың қабырғасын қайыстырған бақытсыз оқиға кезінде президент мінген ұшақтағы елдің элитасы да қаза болғанды. Бүгінде президент сарайының алдында Лех Качинский мен жары Марияның суреті қойылған. Жергілікті ғұрып бойынша, шырақтар күндіз-түні жанып тұрады.

Жергілікті халықтың айтуынша, тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама бойынша, респонденттер алдағы президент сайлауында Лехты емес, Мария Качинскаяны ел басқаруға лайық адам ретінде атап өтіпті. Ұшақ апатының әдейі ұйымдастырылғаны жөнінде де әңгімелер күні бүгінге дейін толастамай келеді.
Варшавадағы көзіміз шалған сәулетті орындардың бірі – Патша сарайы. Ғимараттың әсемдігі өз алдына талай тарихи сырды қойнына жасырып жатқаны және бар. Жағалай қорған. Кезінде зеңбірек тұмсығы сұғылған тесіктер де елдегі қорғаныс шараларының мықты болғанын аңғартады.

Ал, жергілікті ас мәзірінен дәмхана қызметкері «Поляктардың пирогынан» дәм татуымызды өтінді. Құп көрдік, кәдуілгі «вареники», тек ішіне мейіз бен грек жаңғағы немесе алма мен алмұрт салынған. Ыңғайға келсе нан пайдаланбайды. Жасыратыны жоқ, қанымыз қазақ болған соң, еті мол тамақ іздедік. Таптық. Түрік дәмханасы еуропалықтардың ас мәзіріне қарағанда, біз үшін, құнарлы көрінді.
Бертіндегі Польшаның тарихы посткеңестік мемлекеттердің тарихына ұқсас болғанымен, кейбік советтік элементтердің сақталғаны көзге ұрып тұрғанын байқадық. Дүкендері тек күндіз жұмыс жасайды. Дәріхана мен ақша айырбастау бекеттері де жергілікті сағат алтыдан кейін есіктеріне құлып салады. Сенбі, жексенбі күндері де көптеген сауда орындары ел қатарлы демалғанды жөн көретін секілді.

Еуропалықтармен лифтіде жүздессең, жымың етіп, амандасады. Танымасаң да қоштасады.
Бір қызығы, асығып, «ұшып» жүрген адамды байқамадық. Зейнет жасындағы азаматтары да көше кезіп, болса иттерін қыдыртып жүргендері. Осы кездегі қазақ ауылдарындағы «өз баласын өскенше, немересін өлгенше бағатын» кемпір-шалдарымыз еріксіз еске түседі.
Бала демекші, төрт күнге созылған сапарымыздың тек соңғы күнінде ғана кішкентай нәресте мен аяғы ауыр келіншекті байқадық. Сізге өтірік, бізге шын, қанша күн болғанымызда Варшаваны ересектер қаласы болғаны ма деген ойлар да келді.

Кәрі құрлық тұрғындарының да осал тұсы осы іспетті. Халықтың орташа жасы «қартайып» барады.
Сондықтан да болуы мүмкін, мұнда сәби сүйгендерге мемлекет тарапынан керемет жағдайлар жасалады. Қариялардың өздері, жастық шағындағы тұрақты жалақысының жетпіс пайыз мөлшерінде зейнетақы алып келеді. Бұл дегеніңіз жасы келген еуропалықтардың қаржылай тұрғыда еш кедергілерге тап болмай, жер бетін саяхаттап жүруіне жасалған жағдай деп те есептей беріңіз.

Білетіндердің айтуынша, Варшава секілді Еуропа мемлекеттеріне кіру оңайға соқпайды. Елге кіргенде «кімдермен боласың», «сені мұнда кім шақырды», «санаулы күн болғаныңда қара басыңа жететін қаражатың бар ма» деген сарындағы сауалдардың астына алып жатқаны. Мәселен Алматы қаласындағы Польша елшілігінде өзімізге қатысты барлық мағлұматты құжаттармен дәлелдеуге тура келді.
Біз Польшада болған күндері осы қалаға жақын маңды су шайып жатқанынан хабардар болдық. Бір жағынан Амстердам арқылы келген біздер үшін жанартау (вулкан) лебінің толастамауы да уайым болды. Дүйсенбі күні мәселен, Голландия астанасының әуежайы жабылды. Бейсенбі күні кері қайтамыз деп жоспарлаған біз әуежай жұмысының жалғасуын тіледік. Өйткені, шенген визамыздың да уақыты өтіп кетуі мүмкін еді.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе–Варшава