Бүкіл саналы ғұмырын бел жазбай еңбек етіп, өзіне ғана нәпақа таппай, елдің іргесінің бекуіне де, елеулі үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Бірақ бұрынғы Кеңестік жүйедегі «Өкімет өлтірмейді» деген қағида қазір жүрмейді.

Тіпті бүгінгі бейнетінің зейнетін көрем десе де, қазірден қамдануына тура келеді. Бүгінде елдегі ер-азаматтардың орташа өмір сүру жасы зейнеткерлік жасымен тұспа-тұс келеді екен. Бала тәрбиелейді. Немере сүйеді. 63 жасқа жетіп, бала-шағасының қызығын енді көремін деп отырғанда, талқаны таусылатын уақыт та таяп қалады…

Сапарбаевқа сенім артылып еді…

Қайсыбір жылы облысымызға сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев келгенде, зейнет­ақы жасы жөнінде хромтаулық (Хромтау – Ақтөбе облысындағы аудан орталығы – ред.) шахтерлар сұрақты төтесінен қойды. Министр мырза жауап қатып үлгермей жатып, жергілікті шенеуніктердің бірі: «Шахтерлар көп жалақы алады емес пе?!» – деп іліп әкетті. Министр де мардымды жауап қатпады. Әлгі жандайшап шенеуніктің сөзін қолдаған сыңай танытты. Шахтерлер сенім артқан министр сол кезде: «Әзір зейнеткерлік жасын төмендете алмаймыз», – деп қысқа қайырған-тын. Бүгінде ол Шығыс Қазақстан облысын басқарады. Кейінгі министрлер де зейнеткерлік жасына қатысты ши сындырмады десе де, болады. Ал өткен жылы Қазақстанда зейнеткерлік жасын қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне байланысты төмендету мүмкін еместігі анық айтылды. Өйткені, шенділердің пайымдауынша, еңбекке қабілетті жас аралығын азайтатын болсақ, азаматтар зейнетақы салымдарын жинап үлгермейді-міс. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы В.Рубцова мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, зейнет демалысына шығу жасын төмендету зейнетақы қорын жинақтауға мүмкіндікті азайтады екен. «Нәтижесінде зейнеткердің алатын ақысына бюджеттен қосымша қаражат төлеуге мәжбүр боламыз», – дейді баспасөз хатшы. 2010 жылдың қаңтарынан бастап әйелдер үшін зейнет жасының 55, ал ерлер үшін 58 жас болатыны жөнінде қауесет тараған-тын. Министрлік сайтында да бұл сұрақ тұрғындар тарапынан аракідік қойылып жүр. Министрліктің баспасөз хатшысы бұл мәселенің соңғы кездері жиі көтеріліп жүргенін жасырмайды.

«Ілініп-салынып жүргенде, дүние салмаса игі»

– Әкем өндірісте жұмыс жасайды. Үнемі түзде жүреді. Қыста қақаған аязда, жазда аптап ыстық пен аңызақ желдің өтінде жүреді. Денсаулығы да керемет емес. Тек ілініп-салынып, зейнетке аман-есен шықсам деп армандайды, – дейді ақтөбелік Жәнібек Бақытжан. – Бір мән берерлігі, әкемнің жұмысындағы адамдардың көпшілігі бүгінде о дүниелік болып кеткен. Тіпті бала-шағасының қызығын да көре алмай кетті. Артында әйелдері жылап қалды. Өмір бойы үкіметке жұмыс жасады. Ел үшін, отан үшін деп маңдай терін төкті. Жұмыстан келеді. Түрі шаршаңқы. Тек күн санап жүрген іспетті. Әйтеуір, ілініп-салынып жүріп, бір күні өліп кетпесе нетті?! Әкемді аяймын…

Зейнеткерлік жасын емес, зейнетақы мөлшерін
арттыру керек

Ресей билігі бұл күнде зейнеткерлік жасын емес, зейнетақы көлемін арттыруды қолға алып жатыр.
«Зейнетақы қорлары зәулім ғимараттар салдырды. Ал оған белі бүкірейген зейнеткерлер келгенде не ойлайды екен?!» – дейді орыс саясаткері Борис Грызлов. Жалпы көрші мемлекетте зейнеткерлік жасты керісінше, жоғарылату жөнінде әңгіме жиі қозғалып келеді. Ерлердікін – 65-ке, әйелдердікін 60 жасқа дейін көтеру жөнінде ұсыныстар жер-жерде айтылып жүр. Осы бастамаға қарсылар «әрбір екінші ер-азаматтың зейнеткерлік жасына жетпейтінін» көлденең тартады.
Ал «Независимая газетаның» жазуынша, Ресей үкіметі алдағы екі-үш жылда қалай болғанда да, зейнеткерлік жасын бес жылға арттыруы мүмкін. Ал нәзік жандар үшін зейнет жасын 7 не, тіпті 10 жылға дейін арттыру мәселесі қаралып жатқан көрінеді. Осылайша, Ресейдің Қаржы министрлігі әлеуметтік қам­сыздандыру саласындағы қаржы тапшылығын толтырып алуды көксейді. Айта кетейік, терістіктегі көршімізде әйел азаматтар 55 жаста, ерлер 60 жаста зейнет демалысына шығады. Бұл меже 1932 жылы белгіленген, содан бері өзгертілмеген.
Орыс сенаторларының бірі, тіпті зейнеткерлік жасын арттыру түгілі, бұл сұрақтың көтерілуіне қарсылығын танытуда. Оның айтуына қарағанда, көпшілік онсыз да зейнетақысын келесі айға қалай жеткізерін білмей дал болып жатыр. Оның үстіне, дағдарыс қыспаққа алған шақта мұндай мәселені көтеру орынсыз.
Реті келгенде айта кетейік, көп жағдайда қаржының тапшылығы зейнеткерлік жасына жеткен азаматтардың одан әрі мәжбүрлі түрде жұмыс жасауына себеп болуда. Аз ғана зейнетақы рахаттанып демалуға мұрша бермесе керек. Сауалнамаға қатысқан ресейлік зейнеткерлер мардымсыз зейнетақыға күн көрудің мүмкін еместігін жасырмай айтқан.

Аурулар азаймай отыр

Жоғарыда зейнеткерлік жасына жетпей мына жалғанмен қош айтысатын адамдардың соңғы кездері көбейіп келе жатқанын сөз еттік. Біздіңше, бұған Қазақстанның әр аймағындағы ауыр жұмыс­тардың адам денсаулығына кері әсер етіп жатқаны себеп шығар. Бір мысал: ақтөбелік прокурорлар жылда Ақтөбе локомотив пайдалану депосы жұмысшыларының денсаулығы нашарлығын айтып, мәселе көтереді. Адамдардың көпшілігінің көзі нашар көреді. Кейбірінің қан қысымы төмен, не жоғары. Жүректері ауырады. Асқазаны және сыр береді. Бұл туралы мінберлерде аз айтылмай жүр. Алайда қадағалау органы өкілдері мәселені түпкілікті зерттеп көрді ме екен?! Рас, заң адамдары тек фактіге, тексеру қорытындысына сүйенеді. Дәрігерлер де өз тексерулерінің қорытындысын құқық қорғау органдарына ұсынады. 100 пайыз талапқа сай болғанын қалайды. Алайда іс жүзінде барлығы біз ойлағандай бола бермейтіні түсінікті де.
Алысқа бармай-ақ сол локомотив пайдалану вагон депосы басшыларының да пікіріне құлақ асқан едік. Не десін?! Жұмыс ауыр. Күнделікті күйбең тірлік. Жауапкершілік жоғары. Дәрігерлер машинистердің, олардың көмекшілерінің денсаулықтарын сапар алдында ұдайы қадағалап отырады. Прокурорлар айтты екен деп ешкімді жұмыстан аластағысы жоқ. Өйткені, жұмыс қолының аздығы бұған мұрша бермейді.

Үміт пен үрей

– Негізі, машинист үшін 63 жаста зейнет демалысына шығу қиын. ТМД аумағындағы бірқатар елде зейнеткерлік жасы, Кеңес Одағы ыдыраған соң бұрынғыша сақталып қалды. Өзбекстандық қарттар зейнетке 55 жастан шығады. Армениядағы қариялар да солай. Біздің Үкімет 63 жасқа дейін көтеріп жіберді. Қуанарлығы сол, теміржол компаниясының басшылығы (онда да тек «Локомотив» АҚ) өз жұмысшыларын 59 жастан зейнет демалысына шығарады. Мемлекет белгілеген 63 жасқа толғанша, төрт жыл көлемінде компания тарапынан зейнетақы белгіленеді. Сөйтіп, ай сайын зейнетақы төленеді. Бұл мәселе Елбасының да құлағына жетті деп ойлаймын, – дейді теміржолшы Бақыт Досмұратов.
Ал дәрігер Бибігүл Әуезованың айтуынша, шынында, теміржолшылардың жұмысы өте ауыр. Бір ғана мекемеде, мысалы, 7-8 гипертоник тіркелген. 30-35 жастағы жұмысшыларға қан қысымы 130-150 аралығында болса да, жұмысқа шығуға рұқсат беріледі.
– Зейнеткерлік жасын төмендету керек. Кеңес одағы кезіндегідей 55 жас етіп белгілесе. Жалпы, Ақтөбеде зейнет демалысына енді шықтым дей бергенде, сөздің шыны керек, демалысының қызығын да көре алмайтындар бар, – дейді дәрігер.
– Біздің жұмыстың ерекшелігі сол, көзіміз алысты көре алатындай болу керек. Шудың арасында жүріп, пойыздың тырсылын еститіндей болу керек. Алайда адам жасы ұлғайған сайын, денсаулығы да сыр бере бастайды екен. Небір ауруларың шыға бастайды. Машинист сияқты ауыр да жауапты жұмыста ұзақ жылдар жүре берсең, жүйкеңнің де жұқаратыны белгілі. Біздерді шахтерлермен теңестіру керек қой. Алайда шахтерлеріңнің де жағдайы мәз емес секілді, – дейді ақтөбелік теміржолшы Бақытжан Исмағұлов.
Сонымен, 58 не 63 жаста зейнеткерлікке шығу, осы уақытқа дейін жанары тайып, белі бүгілсе де, еңбек ету қарттар үшін оңай емесі анық. Айтылмай жүрген жоқ, тек еститін құлақ болса… Әй, бірақ қаусаған қарияны кім тыңдайды дейсің.

Ғаламторда айтылған ойлар

– Жастар мен жеткіншектер! 35 жастан асқанда дұрыс жұмыс тауып көріңдерші! Ал сендер 60 жаста еңбек етуді сөз етесіңдер!

– Біреулер жылы-жұмсақта отырып, зейнет демалысына ерте шығатын шығар. Басқалары қара жұмысқа жегіліп, әбден әлі құрығанша жұмыс жасайды. Сондағы алатыны мардымсыз ақша.

– Бюджетті жымқырды. Енді халықтың арқасында күн көргілері келеді. «Өлгеніңше жұмыс жаса!» қағидасы орнағандай. Ер-азаматтардың басым көпшілігі зейнеткерлік жасына дейін өмір сүре алмайды. Қазына жымқырушыларға да сол керек шығар.

– Неліктен 60 жастан кейін жұмыс істеу керек? Рас, зейнетақы мөлшері коммуналдық төлем мен дәрі-дәрмектен аспайды. Жастар да осы бастан ойлану керек. Зейнеткерлік жасына жеткенде қалай өмір сүретінін, тіпті ол жасқа жете ала ма, жетпей ме, соны да ойлағандары абзал.

Асқар Ақтілеу