Байқаймын, соңғы кезде бейтаныс жандар менімен жиі амандасады. Әсте бір батыс мемлекеттерінің үрдісі бізге де жеткен бе деп қаламын. Рас, көбіне, қолын созып, жөн сұрасып кететіндердің дені – дін жолында жүрген бауырлар.

Бірер күн бұрын дүкенде кезекте тұрған жігіт ағасы амандасты. Онда тұрған не бар делік. Сонда да «оны танымайтынымды», «мүмкін болса кім екенін есіме түсіріп жіберуін» сұрадым. Ол да қабағын қатқан жоқ. «Мұсылманбыз ғой», «бауыр емеспіз бе?», «амандасу үшін де таныстықтың керегі болғаны ма?» деп, кішкене назын білдірді.
Оның айтқаны, бәлкім дұрыс та шығар.

Бірақ, бір «бірағы» және бар. Сәлемдесіп болған соң, әлгі «тамыр» уағызға кірісіп кетті. Мен оған уақытымның тапшы екенін, жұмысымнан қалып бара жатқанымды айтып, бұрыла бергенім сол, «бұл фәнидің тірлігі бітпейді, біле білсең», «одан да бір ауыз сөзімді тыңда» демесі бар ма?!
Әлгі «бауыр» сөзін аяқтамай жатып, «намаз оқуға шақырды», «арабша үйрену керектігін» және айтты.
Есіме, Қандыағашта бір мектепте оқыған «бауырлар» да еріксіз орала кетті. Кезінде аузы қисаңдап, темекісін будақтатып жүрген ауылдастарым, қазір көшеде көре қалса, «мына жүрісің не?», «намазға бет бұр», «ақырзаманға дайындалу керек» деген сарында әңгіме айтады.
Өз басым көпшіліктің иманға бет бұрғанын қалаймын. Бірақ дінде зорлық жоқ екендігі және белгілі. Дінге тартудың да, иманға бет бұрғызудың да мәдениетті, әдепті жолдары бар емес пе?! (Ең болмаса сол Иегова куәгерлерінен үйренсе нетті мәдениеттілікті?! Көшеде жолыға қалса, күлімсіреп, іші-бауырыңа кіріп кете жаздайтын.)
Қазірде діндар бауыр көрсем қашатын деңгейге жеткенімді байқаймын. Көңіл-күйімді бұздыртпас үшін! Әрі, олар туралы жаман ой қалыптастырмас үшін!

Әйтпесе, мен де бір Аллаһтың жаратқан мұсылман құлымын ғой!