Балжан Наурызбаеваның Польшада тұрақ тапқанына да жиырма жылдың өрмегі ауыпты. Мектепте үздік оқыған ол жоғары оқу орнында да ерекше үлгерімімен көзге түсіп, арнайы жолдамамен Мәскеуге оқуға аттанады. Одан әрі Польша асады.


Балжан ханымның айтуынша, Польша мен Қазақстан кей ретте, тағдырлас келеді. Мәселен, қайта құру үрдісі қос мемлекетте де өткен ғасырдың 80-90 жылдары болған. Дегенмен айырмашылық та жер мен көктей.

– Тағдырдың айдауымен Польшаға келіп қалдым. Бастапқыда бизнеспен айналыстым. Құрылыс материалдарын саудалаймын деп, өзімнің туған еліме тауар тасығым келген. Алайда, көптеген кедергілерге тап болдым. Мен өзімнің туған еліме келгенде, осындай қиындықтарға тап болсам, тұрғылықты халықтың жағдайы қандай екен деген ойлар мазалады. Құрылыс материалдарының нарығы нақты топтардың қолына шоғырланған. Тек бұл ғана емес, өзге де бизнес жолдарының санаулы топтың қолында екенін аңғару қиынға соқпады. Содан Польшадағы қазақтардың басын қосып, қауымдастық құрдым. Мақсатымыз сырттағы қазақ азаматтарының басын қосу ғана емес, Қазақстанға қызығушылық танытқан поляктардың, не басқа да ұлт өкілдеріне қазақ елі туралы мағлұматтар тарату еді. Мәселен, Сталиннің билігі тұсында қазақ даласына 400 мыңнан астам поляк азаматы жер аударылған ғой. Екі ел арасындағы байланыс сондықтан да тығыз.

– Балжан апай, сіз неге өзіңіздің қазақы есіміңізді өзгерттіңіз? Неге Балли, неге Балжан емес?!

– Еуропада әр күн сайын ерекшеленіп жүру қиынға соғады. Әсіресе аты-жөнімді толтырғанда банктерде, өзге де мекемелерде қателіктерге бой алдырады. Есімімді дұрыс жаздыру үшін, үнемі құжатымды көрсетемін не өзім жазып беріп жүрдім. Соның өзінде аты-жөнімді қате толтырып жібереді. Қазақша атымды қиналып айтқандары өз алдына. Польшаға келген соң, араға 13 жыл салып, аты-жөнімді өзгертуге бел будым. Кезінде көпшілігі «неге Балли?» деп сұрап жатты. Мүмкін, еуропалық есім таңдау керек шығар деп ойладым. Мәселен, поляктардың Божена, Батильда, Барбара, тағы басқа есімдері болды. Алайда, мені кішкентайымда Балжанай – Балли деп еркелететін-ді. Содан үйдегілер еркелетіп қойған Балли есіміне тоқтадым. Ал Мажец – жолдасымның тегі.

– Құпия болмаса жолдасыңыздың ұлты кім?

– Оның ұлты – поляк. Тегі – Мажец (Marzec).
Мен онымен Мәскеуде оқып жүргенімде таныстым. Күйеуім талай рет ауылда болды. Менің жеңгелерім әзілдеп, күйеутабақ ұсынып жататын. Жолдасымды жартылай қазақ болып кетті деуге болады. Біздің елімізде оған ұлттық тағамдарымыз, өмір сүру салты, барлығы ұнайды. Шардараға барғанда көпбалалы отбасыдағы айқай-шуға (жақсы мағынада) да құлағы әбден үйренді.

– Ал өзіңіздің ағайындарыңыз туралы не айтасыз?

– Мен көпбалалы отбасынан шыққанмын. Бес әпке-сіңлім, екі ағам бар. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданынанмын. Әке-шешемнің немере-шөберелері қандай мемлекетте тұрады екен, олардың жағдайы қалай болады деген сауалдар жиі мазалайды. Сондықтан, сыртта жүрсек те, елдегі жағдайды біліп, жанымыз ашып жүреді.

– Егер құпия болмаса, Польшадағы тұрмысыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Жалақым 2 мың еуроның көлемінде. Үш автокөлігім бар. Польшада өнеркәсіп тауарлары Қазақстанға қарағанда, әлдеқайда арзан. Азық-түлік бағасын да, өздеріңіз көрдіңіздер. Қазақстанда қазба байлық мол ғой, сөйте тұра Польшада тұратын азаматтардың жағдайы көш ілгері.