…Босамай ерні күбірден,
Құдайға құлша жүгінген.
Береке іздеп бүгіннен,
Ертеңге ессіз үңілген.
Тағдырдан көріп тауқымет,
Табаны тасқа тілінген,
Жүдеген жүзі жан көрсе,
Жүрегін ала жүгірген –
Анаңнан асыл бар ма екен?!
Исраил Сапарбай


Ауыл әйелінің кәдімгі келбеті қандай?! Ол – отбасының ұйытқысы. Таңның атысы, күннің батысы қазан-ошақтың қасынан шықпайды. Белі бір жазылмайды. Қаланың «ерке» әйелі секілді айнаның алдына жиі отырып, өзіне күтім жасау – айына бір бұйыратын бақыт. Ауыл әйелі дүниеге қара домалақтар әкелуде де алдына жан салмайды. Жасанды түсік дегенді білмейді деуге де болады. Ауыл әйелі – қазақ халқының қонақжайлылық қасиетін сақтап қалушы. Бос уақыты болмаса да, той-томалақ, садақалардан қалмауға тырысады. Көрші-қолаңның, ауыл-аймақтың өлім-жітімін, ел ағаларының мерейтойына атсалысу да осы ауыл әйелдерінің мойнында.

Жұмагүл жеңгейдің ауылға келін болып түскеніне ширек ғасырдан асты. Қалалық жерде туып-өскенімен, өмірінің жауапты да маңызды кезеңін шағын ауылда өткеріп жатқан оның өміріне көз жүгіртер болсақ, ол адал жар, ибалы келін болып қана қоймай, дүниеге бес бала әкелді. Алды ұзатылып, тағы біреуі келін түсіргелі жатыр.
Марқұм енесінің де қас қабағына қарап, еш ренжітпеді. Тіпті қайын атасының қарындасын да (бір себептермен қарт ана жалғыз қалған-ды – ред.) қартайғанша бақты. Бір емес, екі кемпірге қызмет етіп, ішетін шайын қамдаудан бастап, жылы төсегіне дейін төсеп беретін, тіпті шомылдырып, шаштарын өріп беруші еді. Төркін жұртының шалғайлығы да бар, өз анасына төрт-бес жылда әрең барып келетін.
Жұмагүл жеңгей қиын-қыстауда ауыл әйелдері секілді пойыз жағалап ысталған балық (өзеннен ауланған балықты тұздап, кептіріп, ыстау процесіне дейін өзі тікелей араласады – ред.) саудалап кететін. Үйге оралғанда бес баласы «мамалап» алдынан және шығады.
Еш жасыратыны жоқ, ауыл еркектері ащы судан ұрттауды сәнге айналдырғанда, әйелдер жағы ым деместен, ауыр-ауыр дорбаларын арқалап, тиын-тебен табу үшін базар да кезіп кетті. Тіпті ол аздай, кейде ерлері үйдегі ханымдарын жұмасына арнайы болмағанмен, ретін тауып қамшылап алушы еді.
Қайта құру кезеңінде қаладағы қайын апалары Жұмагүл жеңгейге бала санын шектеуді қайта-қайта ескертумен болды. «Кемпірді өлтіретін болдың, өскенше өз балаларын бақты, өлгенше немересін бағып шаршайтын болды», – дейтін қаладағы қайын апалары. Оған құлақ асатын жеңгей емес. Тіпті үйдегі енесі де «Құдайдың берген немерелері, әрбірінің несібесі өз алдына» деп келінге жақтасты.

Біз енді алысқа бармайық, осы еліміздегі ауыл әйелдерінің образын білуге тырысқан азаматтық қоғам өкілдерінің зерттеулеріне назар аударалық. Сонымен, ауыл әйелі кім, ол қандай болады?!
Мемлекет жалпы халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, проблемаларды кешенді түрде шешкенмен, ауыл әйелі көбіне назардан тыс қалып келеді. Ауыл әйелі дәруменге толы тағамды да жемейді. Денсаулығы сыр бергенмен, ақ халаттыларға да арнайы бара бермейді. Тек ілуде бір, төркіндеп немесе бала-шағасына азық-түлігін арқалай барғанда, қаладағы балшы-бақсыға тамыр ұстатқаны болмаса… Сауалға тартылған әрбір екінші әйел, ұялатын ештеңесі жоқ, қызыл иек боп қалғандарын айтыпты. Жасанды тіс салдыру, қызыл иекті емдету ауылдағы ақ жаулықты үшін арзан дүние емес. Шалғайдағы медициналық қызметтің сапасы – бөлек бір әңгіменің жүгі.
Ақтөбедегі «Ару ана» қоғамдық бірлестігі бастаған бірнеше үкіметтік емес ұйым өкілдері Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ауыл әйелдерінің тіршілігіне зерттеу жүргізіпті.
– Мониторинг үшін бірнеше топ: қала маңы, шалғай ауыл, оралман отбасылар таңдалды. Зерттеушілердің көз жеткізгені – аталған топтарда жұмыссыздық секілді ортақ мәселе болғанымен, олардың әлеуметтік, экономикалық жағдайлары әр қилы екен. Тұрмыстары да бір-біріне ұқсамайды, – дейді «Ару ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлима Әбдірова.
Ер азаматтар да, әйелдер де, қала мен ауыл әйелдерінің айырмашылығын сөз еткенде, ауылдағы нәзік жандардың, ең алдымен еңбекқор екенін мойындайды. Барлығының да пікірі «ауыл әйелі үйдің де шаруасын дөңгелетіп отыр, туысқандардың да аузын біріктіріп отырған – әйел» дегенге саяды. «Ауыл әйелі дүниеге көп бала әкеледі, олар жасанды түсік жасатпайды». «Балалар тәрбиесінде де әйел адамның алар орны ерекше». «Егер әйел заты дана болса, ер азамат та оның алдында бас иеді». Міне, сауалға тартылғандардың ойлары осындай. Ауыл әйелдеріне қатысты айтылған ойлар тізбегін сабақтар болсақ, оларда қаланың әйелдеріндегідей жағдай жоқ.
– Қала әйелдерінің, жасыратыны жоқ, бос уақыты да көбірек. Қалалық нәзік жандар өздеріне күтім жасайды, білім қууға тырысады. Ал ауылда тұратын әйелдер қарапайым, күй талғамайды, – дейді жоба жетекшісі.
Әлима Әбдірованың айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың дені «ауыл әйелінің мәртебесі төмен болғандықтан, олар ауылдың дамуына еш рөл атқармайды. Ауыл әйелі тек отбасының ошағын түтетумен ғана шектеледі» деген пікірге келіпті. Респонденттердің бірқатары «егер әйел адам жұмыссыз болса, онда ауылды дамытуға ешқандай да үлес қоса алмайды», – деп пайымдапты. Осы зерттеу барысында бірқатар отбасында әйелдердің табыс тауып, бала-шағаны асырап отырғаны мәлім болыпты. Сондықтан ер азаматтар от жағып, қазан қайнатып отыруға мәжбүр.
– Мысалы, бір ауылдан еркегі әйелінің жұмысына көмектесіп жүрген жағдайды кездестірдік. Әйелінің қаны аз, басы айналып, жиі құлайды екен. Сондықтан күйеуі оның жұмысына барып, еден жуысып, шаң сүртісіп қолғабыс қылады, – дейді әңгімелесушіміз. – Баласын өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкелермен де ұшырастық. Әрине, мұндай жайт көп емес. Дегенмен, біздің қоғамда бар жағдайлардың бірі. Расында, әсіресе, ауылда тұратын үй шаруасындағы әйелдердің ала таңнан қас қарайғанға дейін қол суытып отырғанын көрмейсің. Мал ұстайды. Негізінен ірі қара бағады. Бүгінде бір сауын сиырдың бір отбасын асырап отырған жайы бар. Зеңгі бабаның сүті мен етін былай қойғанда, тезегінің өзі теңгеге таптырмайды. Қазба қара көмірге қолы жетпеген ауылдағылардың бірсыпырасы тезектің өзін тентіреп жүріп жинайды.
Үй шаруасына ауыл әйелі қанша уақытын арнайды дегенге келер болсақ, сауалнамаға қатысқандардың дені – 60-100 пайыз деп жауап қатыпты. Яғни шалғай ауылдағы әйелдердің белі бір түзелмейді деген сөз. Кейбір ауылдарда әлі күнге не газ, не су жоқ. Келіп тұрған жылу құбыры және жоқ. Қақаған аязда да, аптап ыстықта да тандырға нан шаптап, әйтпесе табаға қамыр салып жүргені… Ал егер қалаға жақын елді мекенде тұратын болса, уақытының 50-60 пайызын үй шаруасына арнайды. Тағам түрлерінің біразын үйде пісірмей, сатып алуға мүмкіндік бар.
Ал газет-журнал оқу мен теледидар қарауға, сауалнамаға қатысқандардың дені, тәуліктік уақытының небары 5 пайызын ғана арнайтындарын айтыпты. Ал айнаның алдына отырып, ажарына қарауға мүлдем уақыт жоқ десе де болады. Оған өзіміз де куәміз. Той-томалаққа кетіп бара жатқан жеңгелеріміздің сүріне-қабына жүріп, жүктің арасындағы орамалын суырып ап, бұрынғы бұрымнан қалған бір уыс шашын төбесіне түйіп, әлгі орамалмен тарта салғанын талай көргенбіз. Тіпті арсыз дейтін ұйқының өзіне небары 5-6 сағатын ғана қияды. Оның өзінде күні бойғы тынымсыз тіршіліктен қалжырап, қисая кеткені…
Оның үстіне, ауыл әйелдері қазақ халқының қонақжайлылық қасиетін сақтап қалуда үлкен рөлі ойнайды. Мейман күту, той-томалағы мен садақасы секілді шараларға негізінен нәзік жандылар араласады.
Алайда соңғы уақытта тұрғындар жиілеп кеткен жиындардан да бас ала қаша бастағанға ұқсайды. Өйткені баланың қуанышына да ортақтасу үшін, біреудің садақасына да бару үшін қалтаңда ақшаң болу керек. Көпшілігінің артық тиын-тебені болмағандықтан, шыны керек, көптеген шаралардан бас тартуға тура келеді.
Ауыл әйелдерінің негізгі тамағы не? Негізінен, ұн және ұн өнімдері. Нан, макарон, кеспе… Көкөністен тек картоп пен пияз. Көбіне құстың етін жеп, сиырдың сүтін ішеді. Жеміс-жидек пен өзге де көкөніс түрлерін айына бір рет, тек зейнетақы немесе әлеуметтік жәрдемақы алған күні ғана сатып ала алады.
Ауыл әйелдері өз денсаулығына да салғырт қарайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне қарағанда, бір ғана Темір ауданында 400-ге тарта әйел қан аздыққа шалдыққан. «Ресми көрсеткіш пен бейресми көрсеткіш арасында үлкен алшақтықтар байқалады» – дейді Әлима Әбдірова. Ауыл әйелдерінің дені «кетік». «Кетік» деп кекеткендік емес, бұл да дерттің бір түрі. Ал, ақжаулықтылар тістерін де түгендей алмайды. Әрбір екінші ауыл әйелі тісінің түгел емесіне шағымданыпты. Ауру тісін жұлдырып тастау ғана 1,5 мың теңге болса, салдыру он есе қымбат. Сонда ауыл әйелінің таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз тірлікпен тапқаны, тіс салдыруға да жетпейді деген сөз.
Осы сауалнамаға 2100 адам қатысыпты. Олардың қатарында ер азаматтар да, әйелдер де, оралман отбасылар да, жұмыссызы мен жұмысы бары да бар. Ақтөбе облысында, ресми мәліметтер бойынша, 700 мыңнан астам тұрғын бар. Оның – 50,7 пайызы қалада, 49,9 пайызы ауылда тұрады екен. Облыс тұрғындарының – 48,3 пайызы – ерлер, 51,7 пайызы – әйелдер. Қалада тұрады деген аты болмаса, соңғы жылдары екі қолға бір күрек іздеп шаһарға қарай ағылғандардың дені қала маңындағы саяжайларда тұрады. Жұмысы бар деген аты болмаса, тұрмысы кісі қызығарлықтай емес. Тіпті әйтеуір, қалаға жақындау үшін ауылдағы «хан сарайындай» үйін, саяжайдағы кепеге айырбастап алғандар да аз емес. Міне, бүгінгі ауыл әйелінің бейнеті мен зейнеті. Тұрмыс құрған күннен бастап күйбеңдейтін бейнет ауыл әйелінен кимешек кигенше арылмайды. Тіпті кейуана атанып та бейнетінің зейнетін көре алмай отырғандар қаншама. Бір кездегі қынама көйлек киген қыпша бел, бұл күндері бүгіліп, сұрау белгісіндей боп кеткен. Ол біздің қарттықта көретін зейнетіміз қайда? – деп сұрап тұрғандай.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе облысы, «Жас қазақ»