Көпшілікке өзінің жаңалықтарымен танымал Сұлтанбек Тәшенұлы таяу күндері Әділет министрлігі жанындағы интеллектуалдық меншік жөніндегі комитетке шопан таяғына патент рәсімдету жөнінде ұсынысын жолдады.

Радиоқабылдағыш, ұялы телефон, дәрі-дәрмек, сағат, жалпы шопанға қажетті құралдармен жабдықталған таяқты ақтөбелік қолөнер шебері жасап шығарған болатын. Оның кезекті жаңалығы – шопан таяғында сондай-ақ, қой-ешкі басын санайтын құрал, ысқырғыш, жем-шөпті есептеуге арналған формула-қалам, тіпті қасқырларды қорқытатын қытайлық жарылғыш зат та орналастырылыпты. Отыз жылдан бері арқалап келе жатқан идеясын ол өндірістік деңгейде жетілдіру мақсатында құзырлы орындарға хат жазуға бел буыпты.
Жалпы, бұл идея қарияға жас кезінде ұжымшарда жұмыс істеп жүргенде келгенге ұқсайды. Оның пікірінше, бір фермадағы ұсақ мал басы саны 800-900-ге жетеді екен. Мал бағушылар санақ кезінде жиі шатасатын болса керек. Тек үш-төрт бастан санап үлгеретін епті шопандар болмаса, көпшілігі мал басын қайта-қайта санауға мәжбүр болады. Соның өзінде нақты мал санын санау мүмкін емес еді. Сол күндердегі өзекті мәселе – мал басы санын дұрыс санау болғанға ұқсайды.
– Өз идеяммен кезінде екі мәрте Еңбек ері атанған Жазылбек Қуанышевқа жолықтым. Ол мені бірауыздан қолдады. Таныс шопандар тіпті таяқты өндірістік жолмен шығаруға қол жеткізсек, оған Жазылбек Қуанышевтің таяғы деген ат береміз деп те жүрді. Министрлікке хат жаздық, құжаттарымызды, таяқтың үлгісін сұратты, – деп еске алады бүгінде зейнеткер. – Егер қолданысқа аса қажетті деп табылса, ұсынысымызды қолдайтындықтарын жеткізді. Мен Түркістаннан Алматыға жол жүріп кеттім. Құжаттарыма сол уақыттағы мемлекеттік жоспар құрылымының төрағасы Серікболсын Әбділдин қол қою керек болатын. Алайда отбасы жағдайына байланысты ол Алматыда болмай шықты. Әкесі қайтыс болса керек. Оның орнына ешкім қол қоймайды екен. Осылайша шаруамды белгісіз уақытқа кейінге шегеруге тура келді. Жұмыстан да қайта-қайта сұранудың сәті түспеді. Күні-түні жұмыс жасадық. Шопан таяғы туралы ұмыта тұруға тура келді.
Сұлтанбек атай бүгінде ұсақ малды егуге арналған шприц-автоматқа да патент алуды көздейді. Онда вакцинаны біркелкі реттеп отыратын арнайы қондырғы орнатылған. Жалпы ол туралы кеңінен әңгімелеуді қария құп көре бермейді. Айтпақшы, зейнеткер осыған дейін сөз болған намаз уақытын көрсететін қабырға және қалта сағаттарға патент алып үлгеріпті.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе, «ЖАс қазақ»
Фото автордікі