Көзі тірі болғанда, асыл досымыз, әріптесіміз Руслан Бөлебай 16 мамыр күні 25 жасқа толар еді. Тағдырға не шара… Бізді жұбататыны – Руслан қысқа өмір сүрсе де, журналистика мен өнерде талай биіктерді бағындырып кетті. Көрермен жадында мәңгі сақталған сол бір ақкөңіл де талантты тележүргізуші, журналистің еңбегі әлі де өз бағасын алуы тиіс деп ойлаймыз. Біз бүгін Русланмен бір курста оқып, жақын досы болған белгілі жас журналист Жігер Сәрсеновтiң естелігін ұсынып отырмыз.
Руслан Бөлебай
Үстіне жұқалтаң қара күртке киген, қолында папкасы бар, түбітмұрт бозбала­ны әкесі ҚазҰУ-дың журналистика фа­куль­теті­нің ұзын дәлізімен дедек қақты­рып алып жүрді. Есік біткенге бас сұғып, шамасы біреуді іздеп жүргендерін көріп, қастарына бардым. Түркістанның Қазақ-түрік университетінен Алматыға ауысып келген беті екен. Әкесі Әбсаттар ерткен ұлы – кейін ажырамас асыл досқа айналған Русланмен алғаш таныстығым осылай басталып еді…
…Жеті жылды желіп өттік. …Тура екі ай бұрын оның туған күнін тойлаған едік. Мүшелге кіріп еді. Бұл өмірдің бар жақсылығына жетелеген қаншама тілектер айтылып еді сонда. Халық әртістері Мақпал мен Майра, Жеңіс Ысқақова және тағы бір топ әншілер кештің басы-қасынан табылып, ақ тілектерімен бөліскен. Тіпті, көшеден өтіп бара жатқан Ерік Жолжақ­сынов бұрылып келіп, қадамы ерек інісіне қуанышын білдірген болатын. Сол күні Мақпал апамыз әдемі, қымбат қолсағат сыйлады оған. Әдетте қолына сағат таққан адам емес ол. Русланның нақ сол күннен бастап әлгі сағатты тастамай тағып жүргеніне іштей таңғалдым.
… Арада тура екі айдан соң оның бұл фәнидегі уақыты таусыларын кім білген? Жарқ еткен жасын ғұмыр… Алматыда қалған абзал дос, жан жолдастың кенеттен ажал құшқаны жайлы хабар таң біліне Астанадағы маған жеткенде, көптен сағы­ны­сып жүрген алыстағы жақын адамың­ның жарқын бейнесін көз алдыма елес­тетіп көру мүмкін емес, енді сол дидардан мәңгіге көз жазып қалдым ғой деп қатты қай­ғырдым.
Қызмет бабымен Астанаға қоныс аударатыныма байланысты мен онымен соңғы рет Алматыда кездесіп, екеуіміз киноға бардық. Сонда ол менің қалта телефонымды сұрап алып, өзінің жаңадан түскен соңғы суреттерінің бір-екеуін көшіріп берді. «Менен естелік болсын», – деп қадап тұрып айтқан сәті әлі есімде. Бірақ сол күні тағдырдың дәм-тұзы оны менімен соңғы рет көрісуге ғана жетіп тұрғанын біз қайдан білейік? Біреуінде ақшылтым сұр пиджак киіп, босағаға сүйе­­ніп тұр. Жарасады өзіне. Екіншісі – шам жа­рығын тек бет жүзіне бағыттап, ту сыр­тын түгелдей студия қараңғысы жамы­лып жатқан портрет екен. Өкініштісі, әттең, оны сол қараңғы әлем енді мәңгі өз құша­ғына алды. Көзі күлімдеп тұр. Жү­зінде реніш, көңілінде наз сақталмай­тын жан еді. Амал не, ұмытылмас жар­қын бей­­нең жадымызда, суретің қолы­мызда қал­ды. Бірақ адал дос, аяулы іні, ақкөңіл әріптес – Руслан, арамызда тек сенің жоқтығың әрдайым сезіледі. Бізді қанат­тандырған қарашаңырағымыз ҚазҰУ-дың қабырғасынан келе жатқан бес дос – бес қыран едік қой, сенің орның ойсырап тұр. Руслан, сен біз үшін нағыз достықтың үлгісін қалдырдың. Біз керіссек, ол көпке созылмаушы еді, біз келіссек бұлт кеткен күндей жайнап сала беруші едік. Арамызда жүргенде сенен таусылмайтын қалжың, сенен артылмайтын ойын жоқ еді, сол біздің әрқайсымыздың жүзімізге шуақ, көңілімізге қуат сыйлайтын. Қазір әр күн сайын соны іздеймін, орны толмас, қайтіп оралмас дүниеге айналғанына қатты қапаланып, қайғырамын.
Ол нағыз бауырмал, досшыл, көпшіл жан болды. Сырттан қосылған кез келген адамды сыртқа теуіп көрмеген, тіпті еркін сыр алысып үлгеретін. Теңдей тіл табысып кететін. Содан да болар, кейде одан бір­неше күн қатарынан қол үзіп, көз жазып қалатын сәттеріміз жиі кездесетін. «Қа­сыңдағы жан жолдастарыңа да бір көз қырыңды салып қойсаңшы» деп ренжуші едік сол кезде. Рас, ол жағынан нағыз дос­тықтың өлшемін ештеңемен алмастыруға болмайтынын Руслан қашан, қай жерде, кіммен жүрсе де, бізге өле-өлгенше дәлел­деп кетті. Өмірінің соңғы күндеріне қарай оның ғаламтордағы «Мой мир» блогына бас сұққанымды білемін. Сонда байқаға­ным, аталған жоба дүниеге келген ай­наласы 2-3 жылдың ішінде ол Қазақ­станның түкпір-түкпірінен 10 мыңнан аса адаммен достық құрып үлгеріпті. Кейін қапысыз көз жұмған сәтінде әлгі жан­дардан сол бетке Русланның атына қан­шама өксікке толы қайғылы қоштасу хаттары келіп жатты… Солардың көбісін нәзік жандар жолдағанын жасыра ал­маймыз. Рас, өзі де жігіттің туа біткен көрікті, сымбаттысы болғанын оны бір көрген кез келген жан айта алады. Жа­сыратыны жоқ, өзіміз талай бас қоса қал­ған сәттерде қайда болмасын, айналамызда жүрген қыз-қырқын атаулысының қай-қайсысы да жалт беріп, оған айналып тұрып қарамай кетпейтінініне көзіміз әбден үйреніп еді. Рас, Русланға ғашық болмаған ару атаулысы да кемде-кем. Анығын айтқанда, келбетімен кеуде ке­ріп немесе соның арқасында сол қаншама үмітті жанды биялайша ауыстырып, ғашықтық құрған Русланды көрмедік. Тіпті өмірінде өз-өзі болып «мынау менің қызым» деп таныстырған аруы болған емес. Есесіне, сол сұрақтарды біз үнемі оның өзіне бағыттайтынбыз. Сонда оның студент шағынан бері бір ғана айтатыны бар: «Маған қызығатын қыз атаулысы көп. Және ең әдемісін де солардың арасынан маңдайға шертіп тұрып табуыма әбден болады. Бірақ олай емес. Маған әуелі менің ата-анамның жан дүниесін түсініп, сыйлайтын қалыңдық керек…» Жақын араласып жүрген достары бұл сөздердің шынымен жаны бар екенін бірауыздан қуаттап, үнсіз бас шұлғып қала беретінбіз. Десе де «той қашан?» деген әңгімені ара-тұра өзім төтесінен қойып қалатынмын. Ырымшыл еді өзі, бірде 2007 жылдың 7 шілдесі келгенде (07.07.07) жастардың көбісі осы бір қасиетті датаны пайдаланып, неке қидыруға ниет қылып жатқанын айтып, сен қалай жібердің деген ыңғаймен өзінен сұрадым. Сонда, марқұм: «Тоғыз да қазаққа киелі сан ғой, менің тойым 09.09.09-да»,- деп жымиғаны бар… Иә, кім біледі, бәлкім, шынымен сол күнді көңіліне түйіп жүрді ме екен, бірақ оны да көре алмай көз жұмды. Өкініштісі, соңы­нан тұяқ та қалып үлгермеді. Алақандай ғана өмірбаяны қалды. Алатаудай есімі қалды. Ол есімнің ерекшелігі де сол, он­сыз Руслан Руслан болмас еді… Оны өз­гелерден даралап тұратын – осы есім. Өйт­кені іске зерек, қадамы ширақ, ал­ғанынан қайтпайтын жан еді. Бастаған ісін аяқтамай көңілі көншімейтін. Үлгере­тін, бірақ үнемі асығып жүретін. Бір істі бүтіндемей жатып, ойы екінші бір ша­руаны ширатудың шырмауында тұратын. Біз сол журфактың алғашқы жылында аузымыз аңқиып аудитория төңірегінен ұзай алмай жүргенде, ол күнұзақ Абас-шахтың студияларынан табылатын. Таны­мал журналистерден қолтаңба жинап, өнер жұлдыздарымен суретке түсуге құ­мар­та­тын. Алғаш «Мың бір мақал» теле­ойынына қатысып, топ жарып шыққан қадамы әлі есімізде. Түстегі түсірілімге қатыспай жатып, үштегі пойызға билет алып қойған алғыр студенттің ұтқыр қа­дамына не айтасыз?.. Ақыры ойыннан ұтқан кілемін арқалап, ауылына қайтқан. Арада төрт жыл өтер-өтпестен ол әп-сәтте сол толағай телевизия тіршілігіне өзі де судай сіңісіп кетті. Талантымен талайды қуып жетті. Бірлі-жарым газет-журнал­дарын айтпа­ған­да, «Оңтүсік астана», «КТК» телеарна­ларынан тәжірибесін тас-түйін етіп, соңы «Қазақстан» Ұлттық теле­арнасына табан тіреді. Кезінде өзі ойын­шысы болып ал­дына барған Рахман Омар­мен («Мың бір мақал» жүргізушісі болған) бір арнаның астында әріптес болып шыға келді. Одан қалса, Әбдірәлі Бөлебайдай болсам деп армандаған боз­бала, енді сол журналист Бөлебаймен еңсе тірестіріп, үлкен сахнада Ұлттық арнаның 50 жылдық ме­рейтойын жүргізді. Шығар шыңы алда еді, бірақ өз биігін салды, жур­налистика соқпағында дара ізін қал­дырды. Алғаш университет қабырға­сында-ақ қарымы ерек қағылез студенттің байқауда басып озып, Лон­дондағы BBC радиосынан тәжірибеден өтуге жолдама алуы ауыл ба­ласы үшін үш ұйықтаса да, түске кірмейтін түсініктің тонын теріс айналдырып жібе­ріп еді. Кейін журналис­тиканың жетегінде шет мемлекеттерге емін-еркін жүген тарт­ты. Аз уақыттың арасында қызмет бабы­мен әлемнің Фран­ция, Қытай, Үндістан, Ре­сей, Грузия, Түркия, Қырғызстан сияқ­ты елдерін аралап, микрофоны қолынан түс­педі. Енді ол репортаждар біздің бейне­мұрағатымыз ғана. Асылы, оны танитын жұрт жадында Руслан есімінің жаңғырығы қалды. Ұлтжанды еді, қазақ мүддесінің қамы үшін жаны ашып тұратын ұлдың бірі болатын. Сонау жылдары Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығы төрағасының бі­рінші орын­басары Қалдарбек Найман­баев ағамыз хал үстінде жатқанда, «қан құю керек» деп жыларман күй кешіп, жан ұшырып жүгірген бір сәтін тағы есіме алайын. Жүрегі қазақ деп соққан ағасы­ның ақыры ажал құшағына енгенін есті­генде, еңсесі езілердей еңіреніп еді. Елінің ертеңіне елеңдейтін ер еді… Елең-алаңда сол өскіннен де мәңгі көз жазып қалары­мызды кім ойлаған? Енді тек жүрек түк­пірінде жатқан, бәрін бірдей ақ қағаз бетіне түсіріп біту мүмкін болмаса да, әр ­кез сағынышпен ойға оралатын естеліктер ғана оның жарқын бейнесін алыстатпауға жәрдемші.
Жігер Сәрсенов

СӨЗ СОҢЫНДА:
Аяулы әріптесіміздің өткен өмір жолына үңіліп, Руслан әлемін әспеттеуге «Қазақ­стан» Ұлттық телеарнасының шығармашылық ұжымы да айрықша атсалысып, деректі фильм әзірлегенін білеміз. Бүгінде Русланның қарындасы Айнұр Бөлебай ағасымен дос, жора-жолдас болған жақын адамдардың естеліктері мен сағыныш сыр шертулерін жинақтап, кітап етіп шығаруға атсалысып келеді. Бұл да болса, жарқ еткен жарық жұлдызымыздың өшпес сәулесін әрқашан жақын сезініп жүруімізге үлкен көмек. Қыршын кеткен әріптесімізді мәңгі есте қалдыру жолында, тіпті бүгінгі жас қалам иелерінің арасында Руслан атындағы жүлдені ұйымдастырып тұру ләзім. Және өзінің туып-өскен мекені Қызылордадағы Шиелі ауданының бір көшесін Руслан Бөлебай есімімен атау жайын да жергілікті билік өкілдеріне құлаққағыс қылғым келеді.

«Айқын» газетінен.

Печать