Әдетте мінберлерде «өңірімізде діни ахуал тұрақты» дегенге саятын мәлімдемелерді жиі естиміз. Тіпті әкімқаралар мен құзырлы орындардың ресми басқосуларында да осыған ұқсас стандарт жауаптар алып жатамыз. «Барлығы ойдағыдай, барлығы керемет». Алайда атам қазақ «ауруын жасырғанның өлетінін» айтып кетті емес пе?! Жасыра-жасыра, дертімізді асқындырып алмадық па дейміз кейде!


Ақтөбе соты тағы да үш адамды «лаңкестік» бабымен бас бостандығынан айырды. Аттай алты жігіт ағасына «лаңкестік әрекетке дайындалды» деген айыптың тағылып, абақтыға қамалғаны таяуда ғана еді, енді, міне, олардың тағы үш ізбасарына кісен салынды.


№2 Ақтөбе қалалық соты 24-25 жастағы Дәулет, Асхат, Серік есімді жігіттерді 6-7 жылға бас бостандықтарынан айырды. Жігіттер жазаларын жалпы тәртіптегі түзету колонияларында өтейтін болады. Рас, үкім күшіне ене қоймады. Олардың қорғаушысы да процессуалды құқықтарын пайдаланып қалуға барын салуда.
Судья Рауия Құстанова сот үкімін жариялау кезінде «жігіттердің Атырау арқылы Астраханьға жетіп, Дағыстан асып бара жатқанын» хабарлады. Жолда олар алдымен қазақстандық құқық қорғаушылардың, соңынан Ресей қауіпсіздік қызметінің назарына іліккен.
Тергеушілердің мәліметінше, сапар мақсаты – ақтөбелік жігіттер Ресей Федерациясына қарсы лаңкестік әрекеттерді жүзеге асыратын Солтүстік Кавказдағы лаңкестік ұйымдардың идеясын қолдапты-мыс. Айғақ ретінде іске хаттар мен ұялы телефондар, жиһадқа үндеу жарияланған қағаздардың фрагменттері, сондай-ақ куә ретінде бірнеше кісі жұмылдырылған.

Үкімді жариялау сәтінде сот залына ата-аналары, туыстары мен жолдас-жоралары да қатысты. Шамамен бір сағатқа созылған сот баяндамасында ақтөбелік өрендердің «шытырман оқиғаларға толы» қылмыс эпизодтары оқылды.
Өз кезегінде, жазаға тартылған үш жігіттің бірінің анасы Гүлжахан Ізтаева «бұл жайтты құқық қорғаушылар қолдан ұйымдастырып отыр» деп мәлімдеді.
– Балалар өздерінің жұмыстарымен Астраханьға бара жатты. Кәсіп жасағысы келді, ақша тапқысы келді. Менің балам жақында үйленетін еді. Тіпті қыз айттырып та үлгердік. Намазын оқиды, сәждеге бас қойғанына да екі жылдан асты. Өтірік те айтпайтын. Бүгінде баламызға «әскери жиһадқа қатыспақ болды» деген жала жабылды. Бір қызығы, Атыраудан шекарадан өткенде олардың жолын кеспейді. Ресей асқан соң барып, сол жақта қамауға алған. Бұл жерде айта кететін бір жайт – құжаттарындағы суреттерінде сол көздерін білінер-білінбестей етіп тесіп қойыпты. Онысы, қазақстандық шекарашылардың ресейлік әріптестеріне берген белгісі екенін кейін білдік. Құқық қорғаушылар біздің балаларымызды әбден ұрған. «Не өлесің, не құжаттарға қол қоясың» деп қорқытқан соң, балаларымызға жан керек, қол қоюға келіскен, – дейді Гүлжахан Ізтаева. – Сот отырысында соңғы сөз алған балам судьяға қарап, өзіне тағылған кінәнi мойындамайтынын әрі әділ сотты жүзеге асыруын сұрады. «Мұның барлығы қолдан жасалған, ұйымдастырылған», – деді балам.
Серік Ізтаевтың әпкесі Әселдің айтуынша, бұл іске Азамат Ілиясов есімді жігіттің куә ретінде тартылуы күмән ұялатады.
– Неліктен тергеу барысында біздің тарапымыздан болған куәгерлердің айтқанына құлақ аспайды? Тек біржақты куәларға құлақ асты. Азамат Ілиясов жігіттердің соғысқа бара жатқанын айтады. Оны қалай дәлелдеді, айтсыншы?! Неліктен соғысқа бара жатса, жолда атыраулық тәртіп сақшылары жолын кеспейді? Неліктен Ресей асырып, ФСБ-ның қолына береді? – дейді ашынған Әсел.
Үкім шығарылып, жиналғандар тарай бастағанда, балаларын кісендеп әкетіп бара жатқанын көрген аналар дауыс шығарды. «Саид Бурятскийді неліктен кезінде елге кіргізеді, неге сырттан келіп балаларды оқытып кетеді де, түбінде сол Саидтерің емес, біздің балалар жапа шегеді?» – деп жылап жатты. Түсіндіріп өтейік, судья сотталып жатқан жігіттердің солтүстіккавказдық Саид Бурятскийдің лекцияларын тыңдап келгенін де тілге тиек еткен болатын. Бір қызығы, ол Қазақстанға осыған дейін емін-еркін кіріп келген. Тіпті жасыратыны жоқ, Ақтөбеге де ат ізін салса керек.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында өткен жылы ғана 6 адам осындай баппен сотталған-ды. Олардың біреуі жыл соңында Арқалық түрмесінде көз жұмды.
Бүгінде Ақтөбе жұртшылығының үрейі ұшып отырғаны жасырын емес. Әсіресе, әр шаңырақ болмағанымен, көпшілігінде балалары намазға бет бұрып жатқан шақта ата-аналарының өз баласы үшін алаңдайтыны рас. Қайсысының қандай жолда, қай ағымда жүргенін еш ата-ана, жасыратыны жоқ, дұрыс түсінбейді. Мешіттерде барынша тырысқанымен, нақты кімнің жетегіне еру керекті дұрыс айтылмайды. Молдалардан да бедел кете бастады.
Ал әңгіме басында айтқанымыздай, жергілікті биліктің (тіпті республикалық деңгейдегі құзырлы орындардың – авт.) «діни ахуалдың тұрақты деңгейде» деп жалаң есебінің салдары, кезінде нақты шаралардың қолға алынбауы бүгінде осынсөздай қайғылы жайттарға әкеп соғып отыр.

P.S. Таяуда ғана Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлованың төрағалық етуімен діни ахуалға қатысты жиын өтті. Бұл туралы әкімдіктің ғаламтордағы парақшасына шағын ақпарат орналастырылғаны болмаса, онда нақты нендей мәселенің көтеріліп, нақты қандай жұмыстар жасалатыны туралы бір ауызсөз айтылмаған. «Бізде жоспар бойынша жиын өтті» дегенге саяды. Құрғақ «протокол» іспетті.
– Кеңес діни сенім бостандығына арналған азаматтар құқықтарын қамтамасыз ету, діни келісімді нығайту және ұлтаралық қатынасты үйлестіру саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша ұсыныстар мен нұсқауларды әзірлеу мақсатында құрылды. Кеңестің негізгі мақсаты қаладағы саяси ахуалды шынайы және жан-жақты зерделеу, қорытындылау және талдау болып табылады. …Кеңестің болып өткен отырысында сондай-ақ ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Не мақсат, не жоспар, Сәния Қалдығұлова не айтты, не қойды, басқа кімдер қатысты? ал түсініп ал!
Ал әзірге «лаңкестік» бабы бойынша тоғыз адам сотталды, «мұндай процесс тағы қайталануы мүмкін бе?» деген сауал намаз оқитын кім-кімді де алаңдатпай қоймасы анық.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе облысы
«Жас қазақ», 12 ақпан, 2010 ж.