Ақтөбе қаласы маңында ескі қоқыс полигонында 17 отбасы өмір сүріп жатыр. Әр отбасында шамамен үш-жеті жан бар. Бір ескерерлігі, олардың барлығы – қазақ отбасылары. Несиеге аузы ұрылған ақтөбелік азаматша да таяу уақыттан бері осы қоқыс алаңында өмір сүруге мәжбүр.

Гүлзира есімді әйелмен біз қалалық қоқыс полигоны маңында кездестік. Бастапқыда тілші екенімді білген ол қарсылық танытты. «Саған бұл жерге келуге болмайды. Бұл маңдағы тұрғындардың барлығы газет, телевидение атаулыға қатыстының барлығын жек көреді. Әсіресе тілшілерді, – деді алдын ала ескертуін жеткізген Гүлзира апай. Не үшін, себебі не екені туралы сәл кейінірек.
Апайдың әңгімесіне құлақ ассақ, екі жыл бұрын баласы несиеге «Хюндай» маркалы автобус сатып алған. Өкінішке қарай, азғана уақыт қызығын көрген кезде апайдың ұлы көлігімен жол апатына ұшырайды. Сәтін салғанда, жүргізушіге ештеңе болмады. Ал көлігі жарамсыз болып қалды. Отбасындағы сол кездегі жалғыз күнкөріс құралы да тек сол автобус болатын. Ендігіде көлік те жоқ, табыс та кірмейді. Қанша амалын қылуға тырысқанымен, несие берген банк қарыздың орнына кепілге алынған отауға көз тігеді. Айдың күні аманда отбасы баспанасыз қалды.
– Қазір ұлым қалада бөлме жалдап тұрып жатыр. Әйтеуір, реті табылған жұмысты жасап, нанын айырып жүрген жайы бар. Ал менің осында тұрып жатқанымды көршілерім, жақын таныстарым мен туыстарым біледі. Бірақ амал нешік? – деп сабақтады әңгімесін Гүлзира апай.
Бүгінде ол қарап жатқан жоқ. Сөзіне сенсек, қоқыс алаңында жатып-ақ шаруаны дөңгелетуге болатындығына көз жеткізген. Шағын лашық тұрғызып алыпты. Ішінде қоқыс алаңынан табылған теледидар, радиоқабылдағыш, дастархан, терезе жапқыш, тағы басқа да тұрмысқа қажетті ұсақ-түйектерді жинастырып қойған. Тіпті есігінің алдында темір тұлпары да бар. Оны суретке түсіруге қарсылық танытты. «Жетпегені жол сақшыларының келуі еді, салықшылармен жүруім еді, тағы да төлем төлеу керек деп мазамды алар», – деп кейіп тастады әйел.
– Сен ойлағандай, қоқыс полигоны кішкентай жер емес. Орта жағына кіре алсаңдар, кіріп көріңдер. Бірақ мұнда адамдардың әбден жүйкелері жұқарған. Сөзімді алсаң, жақындамағаның дұрыс. Мұнда бүгінде 17 отбасы тұрып жатыр. Әрқайсысында кемі үш, көп дегенде, жеті-сегіз адамнан бар. Барлығы күндіз «жұмыс жасайды». Қарап жатқан ешкім жоқ. Мен 5 жастағы немереммен осындамын, – дейді кейуана.
Гүлзира апай немересін көрсетуге үзілді-кесілді қарсы болды, тіпті баласы, не келіні туралы да бір сөз айтпады. «Онсыз да көршілерім абыройсыздыққа қалып жатыр, әлде біз қоқысты паналады екен деп абыройы жоқ адамдар деп ойлайсыңдар ма?» – деп даусын зорайта түсті апай.
Әңгімелесушіміз біздің өтінішімізбен көршісімен жолықтырғысы келген еді. Алайда «Батыр ана» атағы бар 50 жастан асқан көрші апай есіктің арғы жағынан «кетіңдер, құрыңдар» деп ойбайға басты. Гүлзира апай оны қанша жерден көндіруге тырысқанымен, түк нәтиже шықпады.
Естеріңізде болса, былтыр қоқыс алаңында 14 бала тәрбиелеп өсірген ата-ананың тұрып жатқаны туралы ақпарат құралдары жарыса жазды. Нәтижесінде, билік өкілі, нақтырақ айтқанда, қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова тілшілерге берген сұхбатында «құжаттар тексеріліп, құзырлы орындарға тапсырма берілетіндігін» қадап айтқан-ды.
– Жәния апайды бүкіл ел көрді. Жұртқа масқара болып, бізден бөтендердің (қоқыс алаңы тұрғындарының – ред.) бетіне тіке қарай алмайтын деңгейге жетті. Оның күйігі біздің күйігіміз емес пе?! Апайымыздың қалада, ауылда тұрып жатқан балаларына сыныптастары, жақындары саусақтарын шошайтпайтынына кім кепіл?! Бәрінен де сорақысы, биліктегілердің түк істемегені. Қайда қарап отыр олар?! Ақпарат құралдарынан да, биліктегілерден де бізге еш қайран жоқ!
Қоқыс полигонындағы «саяхатымыз» аяқталуға таяғанда, кенеттен ГАЗ-53 көлігі келіп тоқтады. Ішінен 40-50-дің шамасындағы апай секіріп түсті де, тікелей бізге жүгірді. «Қайда барасыңдар, неге барасыңдар, бұл – менің территориям, менің жерім, аяқтарыңды бассаңдар, жігіттерімді шақырамын, обалдарың өздеріңе», – деп жекіді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан апайдың тентек судан ұрттағаны да анық аңғарылды. Негізі, тентек су бұл жерде таңсық емес, әрине. 30-40 градус қақаған аязда арақтың буымен ғана адамдар жан сақтап келеді. Біз де, шыны керек, кері бұрылуға мәжбүр болдық.
Шет жағасын жүріп өткен алаңды бүгінде «ескі полигон» дейді. Ал жаңасының құрылысы осыдан екі жыл бұрын жақын маңнан басталды. Реті келгенде, оған да бас сұқтық.
– Жаңа полигонда күзет қызметі бар. Тұрмыстық қалдықтарды техниканың көмегімен күнделікті езіп-жаншып отырамыз. Ал жер қарая бетіне топырақ төгеміз. Ал ескі полигондағы тұрғындарды мұнда кіргізбейміз, – дейді жаңа қоқыс полигонының бастығы Жақсыбек Нысанбаев.

P.S.Қайтар жолда Гүлзира апай өзінің шын есімін жарияламауды сұрады (Біз де этикалық себептерге орай, солай еттік – авт.) «Түсініңдер, менің де сен сияқты балам бар, туыстарым білсе, оларға да ыңғайсыз болуы мүмкін. Біле білсең, мен алдағы жазда бұл жерден кетемін. «Тұрғындар қалашығы» («Жилгородок») ауданында жеріміз бар. Қоқыс алаңынан қолдан келгенше құрылыс материалдарын жинастырып, сонда тасып жатырмын. Күн жылыса, үйіміздің іргетасын қалап, құрылысты бастап кету ойымызда бар. Биыл мен осында соңғы рет қыстап жатырмын».
Апайдың жүзінде қуаныш пен үміт оты байқалды.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
«Жас қазақ», 26 ақпан, 2010 ж.