Құрбан айт уақыты болатын. Темекі тартатын орынға бола сөзге келіп қалған Алға қаласының жас жігіттері бір-біріне қол жұмсап, арты біреуінің өлуімен тынды. Таяуда сот үкімі шықты.
Туысқандарының айтуынша, марқұм тірі кезінде үйленуге қамданып жатса керек. Айбекті жер қойнауына тапсырғаннан кейін араға 40 күн салып, анасы да өзіне қол жұмсайды. Бұл айрандай ұйып отырған отбасына қатты соққы болады. Орны толмас қазалар отағасын да қатты күйзелтті.
Әңгімені әріден қозғасақ, сол күні кешке, өкінішке қарай, ауылдастар арасындағы келіспеушілік оның сол күні қыршын кетуіне себеп болды. Жасыратыны жоқ, бұл жерде тентек судың да қатысы бар. Және, бір ескерерлігі, пышақ сұққан жігіт туыстарының пайымынша, намазын қаза қылмаған жігіт көрінеді. Алайда тағдырдың салғаны, сол күні жігіттер ымыраласа алмай, ақыры кісі өлімімен тынған.
28 қараша күні Алға тұрғындары да жаппай Құрбан айтты тойлап жатқан-ды. Жастар жағы да қалыспай, қыдырыспақ ұйымдастырса керек. Тек неге екені түсініксіз, дастарқанда харам саналатын араққа да орын табылғанға ұқсайды.
Айбектің әкесінің ағасы Қасым Ермағамбетовтың айтуынша, жігіттер әңгімелесіп отырғанда ішке ентелеп келген Нұрлан (сотталушының есімі өзгертілді) бір тал темекі сұрайды. Әрі онысын сол жерде тұтандырып жатқанда, үй ішіндегі қонақтардың бірі үй иесінен ұят болатынын алға тартып, темекісін сыртта тартуын сұраған. Алайда бұл сөз «сарбаздың» (әлгі намаз оқиды деген жігіттің) намысына шын тигенге ұқсайды. «Сендер арақ ішетін жерді тауыпсыңдар ғой. Темекіні қайда шексем де өзім білемін» дегенге саятын жауап қатады. Арада, сот үкімі кезінде хабарланғандай, ғайбат сөздер де кеткен.
Полиция неге кеш қимылдады?
Айбектің ағалары тергеу барысында заң бұзушылықтар болғанын алға тартады. Мысалы, елдің бәрі Айбекті өлтірген адамның кім екенін біліп отырса да, тәртіп сақшылары кеш қимылдағанға ұқсайды.
– 28 қараша күні баламыздың пышақталғанын көрші-көлем, түгел білдік. Алайда, жергілікті полиция қызметкерлері ертеңіне әлгі күдікті баланың үйіне қоңырау шалып, әкесіне «балаңды әкеліңдер» депті. Егер ол шын полиция болса, неге өлім болған күні кешке наряд жібермеске?!. Арадаға жарты тәулік өтті. Күдікті киімін ауыстырып, айғақ затты жасырып үлгереді ғой. Тіпті екі-үш күнге дейін қамауға алынбады. Мұны көрші-көлемнен естіп отырған әйеліме де оңайға соқпады. Баламыздың өлгенінен қырық күн өткенде жолдасым да көз жұмды, – дейді Айбектің әкесі Ибрагим.
Баптармен «ойнау»…
– Алғашқы кезде осы жайтқа қатысты қылмыстық іс «денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру» бабы (ҚР ҚК-тің 103-бабы) бойынша қозғалды. Алайда тек біздің байбалам салуымызбен қылмыстық іс «адам өлтіру» бабы бойынша қайта сараланды, – дейді Қасым Ермағамбетов. – Күні кешеге дейін сотталушының қорғаушысы кісі өлімінің «қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру» бабына ауыстыруға талпынды. Сот отырыстарында бұл туралы айтып та келді. «Ол жақсы бала еді, мінез-құлқы да керемет» деп келді, сонда біздің бала жаман ба екен? Әлде біз баламызды жаман қылып өсірдік деуіміз керек пе?!
Алқабилерге неге сенім жоқ?
Айыпталушы тараптың қалауымен сотқа алқабилер төрелік етті. Алайда олардың қатарында күдікті жігіттің туыстары да бар болып шықты. Марқұм Айбектің әкесінің ағасының хабарлауынша, өткен сот отырыстарының бірінде алқабилер құрамына қарсылық танытылып, әлгі күдікті алқабиді отырыстан аластату жөнінде мәселе көтерілген. Сот төрағасы бұл өтінішті қанағаттандырыпты.
– Шынымды айтсам, біз баламызды жерлеу рәсіміне ден қойып кеттік. Содан көңіл айтып келушілер қатарында бір адамды байқадық. Кейін алқабилер құрамын бекіткенде де, әлгі жүзі таныс адамды көзіміз шалды. Содан сұрастыра келе, оның сотталушы жігітке нағашы болып келетініне көз жеткіздік. Бұл жерде біз тек бір адамды ғана анықтадық. Басқаларынан білмейміз ғой. Заңның аты – заң. Сотталушы тараптың қалауы алқабилер отырысы болғандықтан, біз ештеңе істей алмаймыз, – дейді Қасым Ермағамбетов.
Сот не дейді?
Ақтөбе облыстық мамандандырылған соты Алға қаласының 22 жастағы тұрғынын Қылмыстық кодекстің 96-бабы бойынша айыпты деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтейді деп шешілді. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 22 жастағы жігіт мас күйінде ауылдасына пышақ сұғып, соңғысы алған жарақатынан көз жұмды.
Тараптар ше?
Әрине, сотталушы жігіттің қорғаушысы бұл үкімге көңілі толмайтынын жеткізді. «Шағым келтіреміз», – деді бір демнен. Жәбірленуші тарап, яғни Айбектің ағайындары да сот кескен 9 жылдың аз екенін айтады. «Баламыздың өмірін қиды. Оның өмірі 9 жылға пара-пар ма екен?» – дейді олар.
Марқұм Айбек қандай еді?
Екі мүшелді енді қайырған Айбек, әпкесінің айтуынша, отбасылы өмірге қамданып жүрген. Ала жаздай құрылыста болыпты. Іргетасы қаланған үй құрылысы тоқтап, қазірде ол жер қаңырап тұр. Бір отбасыдан бір емес, екі өлім шығарылған соң, шыны керек, үй құрылысы жөнінде қалғанға ұқсайды. Әпкенің өз отбасы бар. Тұрмыс құрған ол, әрине, жат жұрттық. Бүгінде отағасы қаңырап қалған шаңырақта жападан-жалғыз…
Асқар Ақтілеу, Ақтөбе облысы
«Жас қазақ»
Пікір қалдыру