Сенбі күні ұшақпен Ақтөбеге Алматыдан «№200-ші жүк» жеткізілді. 20 жастағы жауынгердің денесін ағайындары әуежайдан автобуспен оның туған жері Комсомол ауылына әкетті. Ал жексенбі күні жауынгер Азамат Оразбаевтың денесі жер қойнауына табысталды.

Жас жігітті о дүниеге шығарып салу рәсіміне облыс орталығынан 500-ге тарта жақын достары мен бірге оқыған курстастары, туған-туыстары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Комсомол ауылына ағылды.

Әңгімені әріден бастасақ, сол қаралы бейсенбіде түн жарымында қоңырау шалынады. Телефонды көтерген отағасы Бауыржан ағайға тұтқаның арғы жағындағы дауыс «Сарбаз Азамат Оразбаевтың үйі ме?» деген сұрақ қойылады. Жауап алған әлгі дауыс: «Ұлыңыз көз жұмды, мүрдені өзіміз жіберейік пе, әлде әкетесіздер ме?» деп салады. Баласының өлімші болғанын сезген әкенің сол аяғы мен қолы тартылып қалса керек. Қан қысымы да соңғы күндері тым жоғарылап кеткен екен.
Бауыржан ағайдың айтуынша, қазақта адамның өлгені туралы хабарды басқаша естіртеді.
– Телефон тұтқасын кім көтерсе де, хабар жеткізуші адам ойлану керек қой. Мен тіпті дұшпаныма да мұндайды тілемес едім. Кім біліпті, егер телефон тұтқасын мүгедек анасы көтергенде не боларын?
Отағасы қаладағы ағайындарына хабарласады. Түн ортасы ауғанына қарамастан, Комсомолдан Ақтөбеге жол жүріп кетеді. Бар ойы – таңертеңгі рейспен Алматыға тездетіп ұшып жету. Алайда қалаға келген оны үлкен ағасы тоқтатады.
«Қан қысымың жоғары, бір емес, екеуіңнен айырылып қалармыз, отыр» деген соң, Бауыржан ағай үлкеннің тілін алып кері қайтады. Әулет үлкендері кеңесе отырып, Алматыдағы әскери бөлімшеге марқұм Азаматтың жиен ағасы Болат Еңсепбаевты жіберуге бел буады.
– Мен үйге қайтып келдім, – деп жалғастырды әңгімесін әкей. – Әйелдер жағы жылап-сықтап жатыр. Үй іші у-шу. Мен болсам баламның нөміріне қоңырау шалып тыңдап қоямын. Мұның барлығы өтірік, жалған болса екен деп қоямын. Көрген түстей ғайып болса екен. Амал қанша…
Осы уақытта Алматыға жеткен Болат ағасы мәйітханаға да бас сұғып, Азаматтың шынымен о дүниелік болғанына көз жеткізеді. Жігіт ағасы дәрігерлермен де, марқұм Азаматпен бірге әскери борышын өтеп жатқан жауынгерлермен де жүздеседі. Әскери бөлімше жетекшілігіне де жолығып, мән-жайды сұрастырады.
– Меніңше, Азаматтың соққыдан көз жұмғанын жасырғылары келген. Білуімше, «сарбаз өзі құлап өлді» дегенді алға тартқысы келгенге ұқсайды. Алайда ойлары жүзеге аспады. Мен де өзіндік тергеу жұмыстарын жүргіздім. Осы жайттың басы-қасындағыларды сұрақтың астына алдым. Маған айтқандары: офицерлер түгелімен бір жиналыста болған. Әрине, сенбеймін. Жас жауынгерлердің үстінен бақылау жасауға келісім-шарт бойынша жұмыс жасап жатқан Марат Серкебаевты тастап кеткен. Ол Маратың алты жауынгерді қаз-қатар тұрғызып, өзінше бірдеңені дәлелдемек болғысы келген сияқты. Алдымен біздің Азаматты кеудеден ұрған. Сосын екінші жауынгерді, үшіншісін және соққан. Кезек төртінші сарбазға келгенде, ең бірінші тұрған біздің баламыз есінен айырылып, еденге құлайды, – дейді Болат Еңсепбаев.
– Медициналық қорытындыға сүйенген дәрігерлердің айтуынша, Азамат аяқасты, күтпеген қатты соққыдан өліп кеткен. Жүрегі жаншылыпты. Екінші, үшінші тұрған сарбаздар әрине өздерін ұратынын біліп, іштей болса да дайындалып тұрған ғой. Ал Азамат дәл өзін солай ұрады деп ойламаса керек. Күтпеген соққы қатты батса керек. Ол сол кезде ротада кезекшілікте болыпты. Бәлкім, әлгі келісім-шарт бойынша жүрген жігіт алдымен кезекшіден бастайын дегені шығар.
Болат ағай тіпті Азаматты соққыға жыққан жігітпен де кезігіпті. Өзінің кінәлі екенін ұққан сарбаз еңіреп қоя берсе керек. Барынша көмектесуге тырысқанын айтып ақталыпты. Тіпті жасанды дем беріп те көргенін айтқан, – дейді Болат ағай. – Әскерде, әдетте, сөз тасушыларды шеттетеді. Немесе жағымсыз адам болса да күн бермейді. Не лас, кір-қожалақ болған адамды да ыңғайға келсе көп мазалайды. Азамат бәлкім сондайлардың қатарынан ба, шындарыңды айтыңдар деп, ротадағы жігіттерден де сұрадым. Керісінше, Азамат іште көпке үлгі болған десті. Тіпті оның төсек-орнын да барып қарадым. Тап-тұйнақтай. Жақсы қасиеттері үшін де оны рота кезекшісі етіп сайлап қойған сол күні.
Болат Еңсепбаевтың айтуынша, Азамат сұңғақ бойлы. Спортпен айналысқаны көрініп тұр. Ол өзіне қол жұмсатып қарап тұрмас еді. Алайда әскери өмірдің өз ережесі бар. Ұрған жігіт лауазым тұрғысынан жоғары болғандықтан азамат онымен қарсыласпаған. Бағыну керек болған соң, тыныш тұрған.
Алматы түбіндегі әскери бөлімшедегі осы бір қайғылы жайтқа байланысты Елордадан арнайы генералдар да келіпті. Болат жауынгердің денесін ұшақпен жеткізіп беруге жағдай жасауын сұраған.
– Ақ халаттылар барынша көмектесуге тырысты деп ақталып жатыр ғой. Алайда менің өзім қаладан әскери бөлімшеге «джип» көлігімен екі сағатта әрең жеттім. Ал «жедел жәрдем қызметі» дереу арада келе қойды дегенге сенесіз бе? Құдайдың құтты күні «жедел жәрдемді» әрең шақырып алып жүрміз ғой?!. Мен бөлімшеден шығар уақытта «КТК» арнасынан Азаматтың ауруханаға барар жолда жан тапсырғаны туралы хабарлап жатқанын құлағым шалды. Бұл – барып тұрғын қып-қызыл өтірік. Теледидардан сондай-ақ тағы екі сарбаздың ауыр халде ауруханада жатқандығы айтылып жатты. Мен ол екі жігітпен де кездестім. Бөлімшеде жүрді. Тілшілерге жалған ақпарат жеткізген ғой кім болса да! Шыны керек, бөлімшеде «жедел жәрдем қызметін» уақытында шақыруды да ойларына алмаған ғой.
Болаттың сөзіне қарағанда, әскери бөлімше ыңғайсыз жерде орналасқан. Ғимарат кішкентай, екі қабаттан тұрады. Дәрігерлік бекеттің бұл жерде иісі де шықпайды. Ал бөлімшеде, жасыратыны жоқ, медперсонал да болмаған. Дәрігерлер: «егер алғашқы көмек көрсетілгенде Азаматты аман алып қалудың сәті түсер еді», – деп отыр.
– Командирмен кездестім. «Баламызды Отан алдындағы борышын өтесін деп жібердік, ал сондағыларың мынау – ұлымызды өлтірдіңдер», – деп сөктім. «Кінәлімін мен, айыптымын»,– деп қалды ол. Мен айтам, егер менің баламның орнында сенің балаң болса оны өлтірген адамды беліңдегі қарумен атып тастар едің ғой, десем, әлгі капитан бүлк етпестен, «Иә» деп жауап берді.
– Түсінбейтінім, неге қаншама шенді, әскери адам отырып, келісім-шарттағы біреуге жауынгерлерді сеніп тастап кетеді. Ол жерде ешқандай жиын болмады, әскерилер өз қызметіне селқостық танытқан, – дейді Болат Еңсепбаев.
– Жігіттерден сұрастырып жүріп білгенім, бөлімшеде 96 жауынгер борыштарын өтеп жатыр екен. Ал офицерлер саны одан да көп. 100-ге жетіп жығылады. Сонда бір жауынгерге 1,5-2 офицерден келіп тұр емес пе?! Офицерлердің ол жерде қалуына құқы жоқ.
Айта кетейік, марқұм Азамат Оразбаев 1989 жылы дүниеге келген. Ол небары үш жасқа толғанда анасы жол апатынан мүгедек болып қалды. Азамат – үйде үшінші ұл. 26, 27 жастағы ағалары да Алматы түбінде әскерде болған.
– Кенже балам әскерге қатты барғысы келді. Ақтөбе политехникалық колледжін инженер-техник мамандығы бойынша тәмамдады. Оқуға грантпен түсіп, тіпті үлгерімі жақсы болғаны үшін шәкіртақы да алып келді. Жұмысқа орналасуы үшін әскери билет керек болды. Небары 4,5 ай әскери қызметте болды. Биыл күзде үйге оралып, жұмысқа орналасады, келін түсіреді деп күткенбіз. Кенже бала қазақ отбасында әке-шешесінің қараушысы болып саналады ғой, – дейді марқұм Азаматтың әкесі Бауыржан ағай.

Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе облысы
«Жас қазақ», 12 наурыз, 2010 ж.