Бар ауылда солай ма, әлде бізде ғана сөйте ме, әйтеуір ауылға барғанда көретінім, екі-үш еркектің басы қосыла қалса, біреулерді сыртынан мысқылдап, мазақтап отырғандары. «Қарап отырғанша ағайынды жамандайық» дейтіндердің дәл өзі. Біреудің отырғаны – опақ, тұрғаны – сопақ. Өзгенің табысын санап, малын есептеп, оны қалай тапқанын, не ішіп, не жеп қойғанын, онысы кімнің арқасында екенін жіпке тізіп, шотқа салып әуре.әрі қарай

Қалалықтар да қалыса қоймайды саясат жайлы сайрай жөнелгенде… Бірақ сөздері сөгіске айналып жүре береді. Алысқа бармай-ақ, өзімізді мысал қылуға әбден болады. Құлшынысымызды құрықтай алмай құба жонға шығып құлдыраңдай жөнелеміз. Ғайбат нәпсіден екен-ау!

… Әлгінде үйге ауылдан бір жеңгем келіп кетті. Көрген, білген, естіген жаңалықтарын айтып, жарты сағат бойы жағы тынбады. Ешкімге қажетсіз, пайдасыз ақпараттарды қардай боратып, судай сапырып қайтты. Бізден шығып тағы біреуге барады. Сосын біздің үйден не көріп не байқағанын жыр қылып айтады. Сөйтетіні анық. Себебі онда пайдалы білім жоқ. Аллаһ ауыз берген соң, ол ауыз сөйлеу керек деп түсінеді. Ел әңгімеге сусап отыр деп ойлайды. Ол, әлбетте, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Адамды жәннатқа жетелейтін оның көркем мінезі, ал тілі тозаққа апарады» деген хадисінен бейхабар. Тіпті естісе де мән бермеген шығар. Әйтпесе қазекеңнің де: «Сүйреңдеген қызыл тіл сүйгеніңнен айырар..» немесе «Тырс-тырс тамшы тасты теседі, былш-былш өсек басты кеседі» сынды мақалдарын естімеуі мүмкін емес қой. Болмаса ол: Әйел сәні өсек деп ұғуы да ғажап емес. Мұхаммед (с.ғ.с.) миғраж оқиғасынан кейін: «Тозақта әйелдер мен семіз еркектер көп екен» депті. Яғни, әйелдерге ерекше жеңілдік жоқ екен. Сабыр, салмақтылық бәрімізге де қажет-ақ.

Бала күнімнен бері өзбектер туралы анекдоттарды көп естідім. Өзім де айттым. Кейінірек қырғыздар, орыстар, армяндар, чукчалар жайлы да талай қисық әңгімелер жаттадық. Наймандар ондай, арғындар мұндай деген сынды рулардың намысына тиетін қалжыңсымақ жетерлік екен. «Құран» кітабын оқымай, оны ақ шүберекке орап биікке іліп қойсақ, ішіндегі Жаратушының ескертулері мен нұсқауларын қайдан білмекпіз? Әйтпесе, «Хұжрат» сүресінің 11-12 аяттарындағы: «Әй, мүминдер! Бір елді бір ел тәлкек (мазақ) қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар… Сыр тексермесін. Біреуді – біреу ғайбаттамасын» – дегенді оқып, білер едік қой. Ал, Аллаһтың соңғы Елшісі (с. ғ. с. ): «Ей, тілімен иман келтіріп, жүрегіне әлі иман ұяламағандар, мұсылмандарды ғайбаттамаңдар. Олардың кемшілігін аңдымаңдар. Егер кімде-кім олардың кемшілігін аңдыса, онда Аллаһ оның кемшілігін аңдиды. Егер Аллаһ кімнің кемшілігін аңдыса, онда оны үйінде масқаралайды», – деген.

Міне, біздің бұл дүниедегі сәтсіздіктеріміз бен бақытсыздықтарымыздың себебі қайда жатыр!
Ол жайлы Пайғамбарымыздан (с. ғ. с. ) жеткен мынандай хадис бар: «Мені көкке көтергенде, тырнақтары мыстан жасалған адамдардың жанынан өттім. Олар сол тырнақтарымен беттерін, көкіректерін тырнауда еді.
– Бұлар кімдер? – деп Жебірейілден сұрап едім, ол:
– Бұлар өсек айтып, адамдардың арын таптаушылар – деді»
Бұл әңгіменің бізге қатысы жоқ деп ойлаймыз ба? Аллаһ өте әділ. Ол ешкімді де ескертпей азаптамайды. Айтылған тыйымдарды құлағына қыстырмағандарды жазалауға құқылы. Аллаһ айтады: «Әй, мүминдер! Аллаһтан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер. Аллаһ істеріңді оңалтып, күнәларыңды жарылқайды. Сондай-ақ, кім Аллаһқа, Елшісіне бағынса, ұлы табысқа ие болады». («Ағзап» 33:70-71)

Самура ибн Жундубтан (р. ғ. ) жеткен хадисті қараңыз: «Мен бүгін түсімде екі адамды көрдім» – дейді Аллаһтың Елшісі – Олар мені қолымнан ұстап киелі жерге алып шықты. Қарасам бір адам отыр және қолында темірден ілмегі бар басқа бір адам тұр. Ол ілмекті отырған адамның аузының шетінен тығып, желкесіне дейін жеткізіп тұр. Сосын дәл солай аузының екінші шетінен жасап жатқан кезде, аузының ана шеті қайта қалпына келіп тұр. Оған соны қайта-қайта жасайды. Мен оларға: «Мені түнімен ойландырып шықтыңыздар. Енді көргендерім туралы айтыңыздаршы» – дедім. Олар: «Иә, жаңағы көрген аузы жыртылып жатқан адам өтірікші еді. Оның өтірігі жан-жаққа тарайтын. (Өзің) көргеніңдей жаза оған Қиямет күні болғанға дейін жасалынады..» десті»
Ал біз көзіміз жетпеген нәрсені жобалап айта береміз. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа».
«Аузынан бір сөз шықса-ақ болды, алдында аңдушы дайын». («Каф» 50:18)
«Бүкіл ғайбаттаушы, өсекшілерге қандай өкініш!» («Һүмәзә» 104:1) деген Аллаһ Тағаланың сөздерін білгіміз де келмейді.

Менің жол полициясында қызмет істейтін бір досым бар. Сонымен әңгімелессем, айтатыны кілең атақты адамдар жайлы өсек: «Бүгін пәленшені көрдім. Машинасының артында жас қыз отыр. Ол оның көңілдесі екен..» деген сынды бірдеңелер. Сонда әйгілі әртістер постта тұрған кейбір инспекторлардың сүйікті тақырыбына айналғаны ма?!
«Абыройлы, мүмин әйелге жала жапқандар бұл дүниеде де, ақиретте де қарғалады. Оларға үлкен азап бар..» ( «Нұр» 24:23).

«Басқа бәле – тілден» деген мәтелді көбіміз осы дүниеге байланысты айтылған деп қабылдаймыз. Солай да шығар, бәлкім. Ал, ақыреттегі кесапаты тіпті сұмдық екен-ау!
Біз өзімізді ақтағанды жақсы көреміз. Ол жайлы Құранда, хадисте не айтылғаны жайлы ойлағымыз келмейді. «Айтқанымыз шындық қой. Рас нәрсені айтқанымыз үшін де жазықты боламыз ба?» деп ренжігіміз келеді. Бірақ, Жаратушы біз жайлы өзімізден көп білетінін ойламаймыз. Әбу Һурайра (р. ғ. ) айтады: «Бірде Пайғамбарымыз (с. ғ. с. ) сахабаларынан: «Ғайбат дегеннің не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Сонда сахабалар: «Аллаһ пен Оның Елшісі артық біледі», – десті. Сонда Пайғамбарымыз: «Бұл бауырыңды (мұсылманды) ол өзі ұнатпайтын нәрсемен еске алуың» – деді. «Егер сен айтып жатқан нәрсе бауырыңда болса, сен оны ғайбаттаған боласың. Ал, егер сен айтқан нәрсе бауырыңда болмаса, онда сен оған жала жапқан боласың» – деді».
Ғалымдардың айтуы бойынша, біз өзіміз ғайбаттаушы адамға – дос, ал, өзімізге – жау екенбіз. Өйткені Қиямет күні Аллаһ Тағала ғайбаттанушыларға ғайбаттаушының сауабын алып береді. Ал, сауабы таусылған болса онда оған ғайбаттаушының күнәсін алып береді екен.

Тозақ тұрғындарының ішінде «муқлиби» дегендер болады екен. Олар пәни дүниеде көптеген сауапты істер жасап (садақа беріп, намаз оқып… ), бірақ сол сауаптарын айтқан ғайбаттарымен жойып алғандар. Елдің күнәларын өздеріне артып алғандар. Олар біздегі «бомждар» секілді қор болып күн кешеді екен. Бірде Мұса (ғ. с. ) шайтанды көреді. Ол бір қолына бал, екіншісіне күл салған құмыра көтеріп барады екен.
– Бұларды қайтесің? – депті пайғамбар. Сонда шайтан:
– Сауапты амал жасайын деп жатқан адамның бетіне шашып жіберемін. Ол ашуланып бұрылып кетеді де, Аллаһтың сауабынан құр қалады. Ал, балды ғайбатшының аузына жағып отырамын. Ол адам тамсана түсіп ғайбат айта береді. Сөйтіп күнәға батырамын, – депті.

Ғайбат сөйлеу тілмен ғана болмайды. Ыммен, іс-әрекетпен, ишара арқылы жеткізу, соның жүрісін салу, мазақ ету де ғайбатқа жатады. Бұл сөйлеуден де зиян. Себебі, бейнелі түрде терең жеткізіледі. Ғайбатты Аллаһтың Елшісі құрдымға апаратын күнәлардың қатарына жатқызады. Өйткені, біреулер: «Надан, Топас!» – деп сөгіп, өзінің ондай емес екенін айтқысы келеді. Кейде қасындағылардың көңілін қимай қосылып кететіндер де бар. Мен білетін бір ақын біреуді біреу жамандап жатса, қосыла кетеді де, дәл сол адамның жақсы жақтарын еске алсаң, мақтай жөнеледі. Оған бәрі бір. Батыр. Кейде адамдар: «ол ақылды, білімді бола тұра..» деп таңданғансып отырып сөгеді. Кейде «бейшара оның күнәсі мені қинайды» деп аяғансып, жаны ашығансып та жамандайтындар бар. Әзілдегенсіп отырып кісінің кемшілігін айтатындар да аз емес. Олар үшін ардақты Пайғамбарымыз (с. ғ. с. ): «Адамдарды күлдіру үшін өтірік айтқандарға – қандай өкініш!» деп қайғырған. «Әрбір адам өзінің кемшілігі бар екенін біле тұра, өзгенің қателігін айтпас бұрын өзін көріп тұрған Аллаһтан ұялуы тиіс. Қайта ол адамды ақтаудың жолын қарастырғаны жөн», – дейді ғұламалар. Ал оның айтқан ғайбаты адамның жаратылысына қатысты болса, онда бұл Жаратушыға айтқан сын болады. Өйткені бір затты жамандау – сол затты жасаушының кінәсі болып шығады.
Егер ғайбаттаудың астарында ашу жатса, онда ол: «Мен біреуді ашу үстінде ғайбаттамас бұрын Аллаһтың маған деген ашуынан қорқамын. Аллаһ ғайбатқа тыйым салған. Ал, мен бұл тыйымды елемеудемін» – дегені дұрыс.

Пайғамбар (с. ғ. с. ): «Егер бір достарыңыз қайтыс болса, ол туралы теріс сөз айтуды қойыңыздар» – деген. Өйткені тірі адамнан кешірім сұрап, тазарып алуға болады. . Ал, өліден кешірім сұрау мүмкін емес. Және былай деген: «Егер кімде-кім мұсылман бауырының құрметі аяқасты етіліп, намысы тапталып жатқан жерде оны жәрдемсіз қалдырса, онда ол адам Аллаһтан көмек көрсетуді сұрағанда Аллаһ та оны жәрдемсіз қалдырады. Сондай-ақ адам мұсылманның намысы тапталып жатқанда оған жәрдем етсе, онда ол кісіге Өзінен қолдау сұрағанда сөзсіз жәрдем береді». Ғайбат айту кей жағдайда ғана рұқсат етіледі.
1. Біреудің зұлымдығына шағымданғанда (қазыға).
2. Күнәһарды түзу жолға салу үшін.
3. Фәтуа сұрағанда.
4. Мұсылмандарды жамандықтан сақтандыру үшін. ( Мысалы, біреу қызын жаман адамға бергелі жатса. Ал, сен ол адамды білсең, қызды қор етпеу үшін жаманның жамандығын айту керек болады. )
Тағы бір хадис: Мұхаммед (с. ғ. с. ): «Егер біреу басқаларды міндеп: «Адамдар бұзылып кетті» десе, онда ол өзгелерді кемсітіп, өзін басқалардан артық санағаны кесірінен өзі кемсітіледі» деген екен.

Лағнеттеу – Аллаһтың рахметінен алыстатып куу. Ал, бізде «Атаңа нәлет» дегенді ермекке айтады. «Әтәңә нәлет-ай» деп айналып-толғанатындарды білемін. Ақыл-есі бүтін, сап-сау адамның айтқаны бұл. Ал, бірақ қалай сау дейсің оны? Ертең Тәңір таразысы алдында шаңның тозаңындай сауапқа жүрек жарыла қуанып, шаңның тозаңындай күнәмізге шошып шырқырайтындай кез болады. Ал, біздің өз ұрпағымыз бір-бірін «атаңа нәлет» деп Аллаһтың рахметінен қуалап жатса не деуге болады?

Егер біреу-біреуді лағнеттесе, лағнет әуелі аспанға ұшады екен. Періштелер аспан қақпаларын жауып алады. Лағнат жерге түседі. Жер періштелері де бұл ауыр сөзді қабылдамайды. Оңға, солға ұшады. Ақыры лағнаттелген адамға барады. Егер оның дәрет, намазы (қорғандары) болса және өзі лағнетке лайық болмаса, лағнет иесіне барып тиеді екен. Қазақтың «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» дегені сол екен.

авторы: Серік Мақұлбекұлы