Қасиетті ораза айы жақындап келеді. Жаратқанның алдында барлығымыз бірдейміз. Мейлің басшы, мейлің қосшы. Соңғы жылдары дін жолына мойынсұнып, мұсылмандық парызын өтеушілер қатары артып барады. Бұл жайт өнер адамдары, әсіресе, эстрада жұлдыздары арасында да байқалады.

Біз хабарласқан әншілердің бірсыпырасы бұрыннан ораза тұтып келеді екен. Байқағанымыздай, олардың қатары артып, тіпті бір-біріне мейлінше ілтипатпен қарайтыны аңғарылады. Сондай-ақ оразаның өнерге кедергісі жоқтығын айтады. Кейбіреуі ораза мен гастрольді қатар алып жүретінін жасырмаса, бірқатары қасиетті айда отбасында, бала шағасы қасында болғысы келетіндіктерін жасырмайды.

Алтынай Жорабаева:

Қазақтың қай тағамы да құнарлы

— Былтыр алғаш рет ауызымды бекітуге ниеттенгем. Дайындығым жаман болмады. Мен танығалы жолдасым Сәбит ораза тұтып келеді ғой. 7 жылдың шамасы болды. Сондықтан таңғы сәресі мен ауызашарға дастарханды өзім әзірлеймін. Сәбитті таңғы асқа оятып, кешкі ақшам уақытында алдына қолымнан келген ас мәзірін ұсынамын. Қазақтың қай ұлттық тағамын алып қарасаңыз да құнарлы болып келеді. Әсіресе, талқаннан жент әзірлеп беремін. Бидайдан көже қайнатып, қаттама нан пісіремін. Жалпы, бұл күндері ерекше ас әзірлемеймін. Күнделікті өзіміздің сүйікті тағамдар. Өз басым түрлі тағам әзірлегенді ұнатамын. Оразаға жауаптылықпен қарау керек. Сәбит ораза тұтқалы осыншама уақытта мен ұйықтап қалып, Сәбиттің аш қалған кездері болмады. Гастрольдік сапарлармен жүргенде де, қонақ үй қызметкерлерін ескертіп қоямыз. Және ауызымыз берік деп концерттерді тоқтатпаймыз. Бұған меніңше, концерттердің еш кедергісі болмайды. Барлығы ораза тұтамын деген адамның ниетіне байланысты. Мұсылмандықтың бес парызының бірін орындаймын деушілерге айтарым ниеттері оң болсын!
әрі қарай