Еліміз дінге бет бұрған заманда бұқаралық ақпарат құралдары да дін тақырыбына орын беруді үрдіске айналдырды. Бұл, әрине, құптарлық жағдай. Алайда «бүйректен сирақ шығарды»-ның керін келтірген жергілікті бір басылым Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбардың бейнесін «жариялады».
«Ақтөбе таймс» апталығында дін тақырыбына арналған материалдардың тұрақты түрде жарық көріп жатқанын білеміз. Таяуда аталған басылымда «Намаз» айдарымен «Пророк» деген жарты беттен сәл асатын материал жарық көрді. Онда Пайғамбардың (с.а.у.) өмірі, оның жолдастары, әйелдері туралы кеңінен баяндалған. Және… дәл сол бетте, сол материал орналасқан тұста бәзбіреудің кескіні бейнеленіпті. Қолына гүл ұстаған, бір қолында орамалы бар, шапан киген, басында сәлдесі бар, сақалды, қыр мұрынды әлдекімнің бейнесі. Мультфильм, ертегі кейіпкеріне бергісіз сұлбаны газет қызметкерлері шамасы интернеттен «қазып» алған болуы керек.
Жалпы мұсылман әлемінде Пайғамбардың бейнесі еш жарияланбауы тиіс. Тіпті діни мейрамдарда жиі көрсетілетін «Мұхаммед — Алланың елшісі» фильмінде де, басынан аяғына дейін Пайғамбар өмірі баяндалса да, оның жүзі көрсетілмеді.
— Пайғамбардың бейнесін ешкім білмейді. Әйгілі фильмде де Пайғамбардың жүзі көрсетілмеді. Елшінің суретін ешкім қалдырмаған. Әйтпесе оған табынып кетушілер де болуы мүмкін. Жалпы исламда суретке қарсы шығатын тұстар бар. Тіпті зираттардың басында да сурет қалдыру мәкрүк саналады. Ал Пайғамбардың суретін ұқсастырып та, оның үстіне әжуа етіп салуға мүлдем болмайды. Бұл исламда үлкен қате саналады, — дейді Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл-имамы Бауыржан Есмахан.
Осыдан санаулы жыл бұрын Данияның Jyllands-Posten басылымы Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбардың бейнесін әжуа еткен карикатураларды жариялағаны ұмытыла қойған жоқ. Басылымда жарық көрген карикатураларды іле-шала кәрі құрлықтың ондаған басылымдары көшіріп басты. Еуропалықтарға қарағанда мұхиттың арғы жағындағы басылымдардың пайғамбарға құрмет көрсететіндігі байқалды. АҚШ басылымдары, бірен-сараны болмаса, еуропалық әріптестерімен салыстырғанда, ұстамдылық танытты.
Ал мұсылмандар елдері дүр ете түсті. Көптеген иманды мемлекеттер Даниядан шыққан өнімдерді қабылдамай тастады. Даниялық әріптестеріне байкот жариялады. Экономикалық шаралар қолдана бастады.
Пәкістандық молда карикатура авторын өлтірген жанға 1,5 миллион рупий (23 мың АҚШ доллары) көлемінде сыйақы тағайындады. Исламабадта мыңдаған адам наразылық акция өткізді. Татарстан ірі сауда желілерінің бірі дат өнімдерінен бас тартты. Айналымнан шұжық, ет өнімдері алдыртылды. «Мұсылмандардың сезімін аяқ асты еткені үшін даниялық әріптестерімізге осындай шара қолдануға мәжбүрміз», — деп атап өтті Татартсандағы сауда желісінің басшылығы.
Даниялық басылымда жарық көрген карикатураны қайта көшіріп баспау жөнінде Укранина мұсылмандары үндеу тастады. Ал Рамзан Қадыров Шешенстаннан дат мекемелерін қуып жіберуден тайынбады. Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Jyllands-Posten газетінде жарияланған карикатураларды көшіріп басқан мемлекеттердің үкіметімен экономикалық қарым-қатынасты тоқтату жөнінде ұйғарымға келді.
Бұл — өткен оқиғалардың әңгімесі. Әйтсе де ақтөбелік басылымның пайғамбар суретіне қатысты жайды білмеуі өкінішті жай.
Асқар Актобеден